АҚШ Елшісі Халықаралық адам құқықтары күніне орай мәлімдемесі

Бүгінгі бытыраңқы әлемде халықтардың бәрі бірдей келісетін, түрлі мәдениеттер өзінің ажырамайтын бөлігі деп қабылдайтын тақырып қалмады деп ойлау – оңай іс. Алайда, 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күні сонау жылдар бұрын адамзат дәл осыған қол жеткізгенін есімізге салады. 1948 жылдың 10 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы бір ауыздан барлық адамға бірдей берілген құқықтар жүйесі – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын (АҚЖБД) қабылдады. Мысалы, азапталмау және қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленбеу, немесе жазаланбау құқығы. Немесе дін мен наным-сенім бостандығына ие болу құқығы. Сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар және ассоциацияларды құру бостандығы құқығы. Кәсіподақ құру және өз мүдделерін қорғау үшін кәсіподаққа кіру құқығы. Қай елдің азаматы болмасын, әрбір адам АҚЖБД-ға жүгініп, бұл құқықтарды өзіне тумысынан берілген құқық ретінде талап ете алады.

АҚЖБД-ның атауындағы «жалпыға бірдей» деген сөз әдейі таңдалып алынған, себебі ол АҚЖБД-ның бүкіл әлемдегі құқықтық дәстүрлердің тоғысуынан туған консенсустың жемісі екенін көрсетеді. Біз Америка Құрама Штаттарының өз өкілі Элеонора Рузвельттің АҚЖБД-ның редакциялық комиссиясын басқара отырып, оған әрбір адамға «Жаратушы ажырамас құқықтар берді» деп Тәуелсіздік декларациямызда жазылған нанымды қосқанын мақтан тұтамыз. Декларацияның редакторлары – түрлі ұлттық, этникалық және мәдени орта өкілдері мен әр түрлі зияткерлік дәстүрлерді ұстанатын адамдар. Мысалы, Рене Кассен – АҚЖБД-ға қосқан үлесі үшін кейіннен Нобель сыйлығына ие болған Францияның Баск аймағының еврей ұлтының өкілі. Шарль Малик болса, 1930 жылдары нацистік режимнен қашқан ливандық маронит христиан болған. Қытай өкілі Чжан Пэнчунь комиссияға елеулі конфуцийлік ықпал қосты.

АҚЖБД өз азаматтары құқығының қамын ойламайтын үкіметтер өздерінің делқұлы мүдделеріне жету үшін әлемді зұлмат қақтығысқа батырудан қымсынбайтынын көрсеткен  Екінші дүниежүзілік соғыстың қасыретенін туды. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаушылар адам құқығын құрметтеу арқылы ғана әлемде бейбітшілік орнайтынын түсініп, әрбір ұлт қолданысқа енгізе алатын ортақ құрылым – адам жеке басының абыройы басымдылық екенін мойындайтын құқықтар жүйесін жасап шығаруға бел буды.

Өкінішке орай, қазіргі күні АҚЖБД-да бекітілген адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды әлемнің барлық елі сақтамайтыны жаңалық оқитын кез келген адамға белгілі. Бүгінде адам құқықтарын бұзып жатқан елдердің кейбіреуі АҚЖБД-ға алғашқы боп қол қойып, сол құқықтарды сақтаймыз деп міндеттеме алған елдер қатарында.

2017 жылдың сәуірінен бері Қытай үкіметі бір миллионнан астам ұйғыр мен басқа мұсылман азшылығының өкілін Шыңжан аймағындағы лагерлерге қамады. Лагерлердегі мәжбүрлеп еңбек еткізу, азаптау және басқа да адамшылыққа жатпайтын әрекеттер туралы мәлімдемелер Қытай үкіметінің бұл лагерлердің мақсаты білім беру деген тұжырымын жоққа шығарады. Лагерден тыс халықтың өзі үстінен орнатылған үздіксіз қадағалау жүйелері үшін қандай да бір жеке таңдау мен бостандықтан құр қалып, аспан астындағы түрмеге қамалды.

Иран режимінің сайланбаған Жоғарғы Басшысы аймақтағы хаосты қолдауды Иран халқының өмір жағдайын жақсартудан жоғары қойып отыр. Жүк көлігін жүргізушілер мен мектеп мұғалімдерінің жалғыз жазығы жалақыларын сұрау болатын, соған бола олар қысым астында қалды, ал кейбір баяндамалардың айтуынша, түрмеге қамалып, азапталып жатыр. Режим өзінің ұзақ жылдар бойғы әйелдерді кемсіту саясатын азайтпады, көпшілік алдында хиджаб кимегені үшін әйелдер 23 жылға дейін сотталуда.

Ресейлік адам құқықтарын қорғау ұйымы «Мемориалдың» ақпаратына сәйкес, Ресейде 315 саяси тұтқын бар, оның 195-і былтырғы жылы ұсталған, ал 200-і дін немесе наным-сенім бостандығын қолданғаны үшін айыпталған. Үкімет сөз бостандығы мен Интернет бостандығын барған сайын шектегенін тыяр емес, ал азаматтық қоғам мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына әрдайым қысым көрсетіліп, жалған жала жабылып, қоқан-лоқы мен зомбылық жасалып келеді. Шешен Республикасында азаптау, адамдардың мәжбүрлі түрде жоғалуы, жаппай адам өлтіріп есеп айырысу сияқты жағдайлар жазасыз қалып жатқаны жайлы айтылады.

1948 жылы АҚЖБД қабылданғаннан бері адам бостандығы жолындағы біз куә болған жеңістердің қасында бұл елдердің кері кетуі тіпті қайран қалдырады. Мысалы, Оңтүстік Африкадағы 1970 жылдардағы апартеидке қарсы күрес пен 1980-1990 жылдары орнаған бейбітшілік пен татулық кезеңі. Польшаның жұмыскерлері үкіметтен олардың қудалау немесе кек алу үрейінсіз өмір сүру және жұмыс істеу құқықтарын құрметтеуді талап еткен ынтымақтық қозғалысы. Өз құқықтарын талап ету үшін қорықпай ашық сөйлеген жеке тұлғалардың сансыз мысалдары да жетіп жатыр. Олардың ішінде – Гватемалада сексуалдық құлдыққа тап болған бір топ жергілікті әйелдің сотта өз жағдайлары туралы ашық айтып беру батылдығы, Пакистанда мектепке барғаны үшін ғана Талибан оғының астында қалып, аман қалған Малала Юсафзайдың кейіннен жарақатына, тоқтаусыз қудалауға ұшырауына қарамастан теңдіктің табанды, жігерлі үніне айналуы.

АҚЖБД-ның сан түрлі авторлары олар басып айтқан жалпыға бірдей құқықтардың мақсаты ортақ екенін түсінді. Олар әрбір елдің бір-бірінің алдында міндеттері бар екенін түсінді, ол – әрбір адамға берілген адами абырой мен адам құқықтарын қорғау міндеті. Бұл міндет үкіметтердің ғана мойнында емес. Әрбірден кейін, үкіметтердің өзі адамдардан құрылады. Адам құқықтарына жақ болып, оны қорғауда әрбір адамның алар орны бар.

Біз оған қалай жете аламыз? Адам құқықтары жайлы білімімізді тереңдетіп, АҚЖБД кепіл болып табылатын адам құқықтары мен қазіргі заманда әлемдегі адам құқықтарын бұзу жағдайларынан хабардар болу арқылы. Бірігіп құқық бұзушылыққа қарсы тұрып, жауапкершілікке шақыру, сондай-ақ адам құқықтарын бұзып жатқан мемлекеттерге деген назарды арттырып, адам құқықтарын құрметтеудегі міндеттемелерін орындауды талап ету арқылы. Біз үкіметтерімізді басқа елде адам құқықтары бұзылып жатқанда ол жайлы ашық айтуға шақыра аламыз. Әрбір елден АҚЖБД қағидаларын ұстануды талап ете аламыз.

Мен сіздерге Америка Құрама Штаттары мен оның халқы адам құқықтарын құрметтеу қағидасына әрқашан бекім деп сеніммен айта аламын. Біз адам құқықтарын қорғауда алдыңғы қатардамыз, әрбір американдықтың күнделікті өмірінде құқығы қалай қорғалса, әлемнің әрбір азаматы өз құқығын дәл солай қолдана алуы үшін күресіп келеміз.

Әрбірден кейін, 1948 жылы ұлттар қауымдастығы мәлімдегендей, бұл бостандықтар – әр адамға ортақ, тумысынан берілген құқық.

Уильям Х. Мозер, Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшісі

Елші Мозердің мәлімдемесі бастапқыда Vlast интернет-журналында авторлық баған ретінде 2019 жылы 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күніне орай жарияланды