Ерзат – суретші. Ол көз жауын алатын тау көріністерін, киіз үй қаптаған жайлау мен кезінде көшпенді жауынгерлер тұрақтаған жерлердің суретін салады. Ол туып-өскен ауыл Шыңжанның шалғай солтүстігінде, қазіргі Моңғолия мен Ресейдің шекарасын жанайтын таулардан алыс емес жерде тұр.
Оған ешқандай негіз жоқ еді. Түсінуіңіз керек – ешқандай. Менің бауырым ешқашан қылмыс жасап көрмеген. Оны ұстап әкетті, ал Қытайда тұрып жатқан әкем онымен кездесе де алмады. Әкесі ұлын көре алмай жүргеніне екі жылдан асты.
Берзат менен үш жас кіші. Мен Қазақстанға өнер академиясында бейнелеу өнерін оқимын деп келдім, ал інім мен әкем сол күйі Қытайда тұрды. Берзат мұнда менімен көрісуге екі рет қана келді. Ол сирек жол жүреді. Әкем сияқты ауыл шаруашылығында. Негізінен бидай өсіреді. Ол бұрыннан жуас, өте ұялшақ еді, тіпті ашуыңды келтірердей ұялшақ еді. Оның момын болғаны сонша, бала кезімізде ұрсыспайтынбыз. Ол ағашпен жұмыс істегенді жақсы көруші еді. Табыс көзі болсын деп ауылдағы жиһаз жасаушыларға тегістелмеген ағаш сүрегін сататын. Бірақ негізгі жұмысы әкемізге қамқор болу еді. Мен осында жүрдім, ол әкеміздің қасында болды. Әкеміз кәрі, жарымжан болған соң, Берзат оған қарайласып, шаруашылықпен айналысты.
Олар оның артынан былтыр сәуір айында, ұстаханасында ағаш жонып жатқан кезінде келді. Алдымен, оны бір тергеу изоляторына алып барған. Оны қамай салып, әкем полиция учаскесіне барды. Олар әкеме уайымдамасын деген. “Жақын арада босататын шығармыз” деген. “Түрмеде онсыз да адам тым көп” деген. Бірақ оны он жеті жылға соттады. Әкем де, мен де себебін білмейміз. Үкімет әкеме сотталғанында ғана бір-ақ рет хабар берген. Сот болған-болмағанын да білмеймін. Менің інім намаз оқымайтын. Ислам жолында емес еді. Үйінде Құран да ұстамайтын. Ешкімге тиіскен емес, ұстамды адам еді. Аз уақыт үйлі болды. Үйленгенінен кейінгі жылы-ақ ажырасып кетті.
Әкемнен інімнің қандай қылмыс үшін сонша ұзақ мерзімге сотталғанын сұрап-білуге тырыстым. Бірақ ол ештеңе білмейді. Інім арақ ішіп, темекі тартпайтынын білемін. Қамауға себеп болды-ау деп ойыма келетіні сол ғана. Шыңжанда осы күні бұл күдік туғызады. Арақ ішіп, темекі тартпаудың діни астары бар деп санайды. Бір туысым көрші ауылға барып, қатысушылары түгелдей мас боп отырған бір мәдени жиынға тап болғанын айтып берген. Олар қашан да мас боп жүреді екен. Арасында біреуі оның себебін түсіндіріп беріпті. Ол “арақ ішпесек, үкіметтің қолы бізге де жетеді” деген. Сол себепті, менің болжамым сол, інімнің жалғыз кінәсі – арақ ішпегені мен темекі шекпегені. Білмеймін. Ол жалғыз басты, ұялшақ, сыпайы адам. Олар оны жайына қалдыра алмаған ғой.
— Ерзат Б. 37 жаста (Берзат Б., бауыры)
Сұхбат 2019 жылы мамырда жазылып алынды