Flag

An official website of the United States government

Сонда ғана адамша өмір сүре бастадық (believermag.com)
2 Хаттаманы оқу
Қаңтар 24, 2020

Voices from Xinjiang

 

“Атажұрт” ұйымының кеңсесінің бір қабырғасы хабарсыз кеткен адамдардың суретіне толы: жүздеген, тіпті мыңдаған адам болар. Халида атты бойы кіші келген, өз дегенінен қайтпайтын, жасы алпыстардағы әйел өз отбасы туралы айтып бергісі келіп, бір бұрышқа қарай мені итере берді. “Міне”, деді ол, – “Мында да, мында да, мында да…” 

Мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық округының Қарағаш аулында дүниеге келдім. Ол жер кәдімгі мал жайылымы. Екі жасымда анам қайтыс болды. Әкем партия қызметкері болған деп еститінмін, бірақ шынымды айтайын, оны ешқашан көрген емеспін. Шешем қайтыс болғаннан кейін әкем екінші рет үйленіп, мені ұмытты да кетті. Мені шешемнің туыстарының қолына жіберді. Олармен бес жасыма дейін тұрдым. Сосын олар да менен бас тартты. Шешемді таныған соң маған жаны ашыған адамдармен анда бір, мында бір тұрдым. Жетіммін. Шынымды айтсам, сауат білмеймін. Менің оқуыммен айналысатын ешкім болмады.

1975 жылы, жиырма бірге толғанымда, болашақ жарымды кездестірдім. Ол да мен сияқты жетім еді. Оның туыстары Қытайға ол туылмай тұрып, аштық кезінде көшіп барған. Олар Қазақстанға қайтып келгенде, ол жалғыз қалды. Аты Рахымберген еді. Ол былтыр, қыркүйектің тоғызында көз жұмды.

Мен сегіз рет бала көтердім. Алғашқы төрт жүктілігім сәтсіз болды, ішінде егіздер бар еді. Төрт ұл, бір қыз – тұңғыш бес баламнан бірдей айырылдым. Кейін ұлды болдым. Қазақ халқы әйелде түсік болса, немесе нәрестелері шетіней берсе, жаңа туған баланың өмірі қыл үстінде деп сенеді. Сол себептен, ұлым туыла салып, оны бір көрші әйелге бердік. Сөйтіп, өмірінің алғашқы аптасында оны көршіміз бақты, емізді. Біз оны көруден мүлде бас тарттық. Сосын, оны көршімізден “сатып алдық”. Сыйлық, киім, отын алып бардық. Сыйлықтың бәрін көршімізге босағада тұрып беріп, баламызды терезеден алып кеттік. Сөйтіп, тілегеніміз келді. Одан кейін де балалы болдық, бәрі аман-сау өсті. Бірақ тұңғышымыз он екі жасқа толғанша әкесі оны қызғыштай қорыды. Тамақтанып отырса да, иығынан түсірмейтін. Одан айырылып қаламыз деп қатты қорықтық.

Ол кездер жаңа үйленген кезіміз, қиын уақыт еді. Мен баламды арқама орап алып, жүгерінің сабағын оратынмын, бидай үгітетінмін. Күйеуім де сол. Жерді жалдайтынбыз. Ол бір өте ауыр еңбек еді. Екінші баламыз туылғанда, екеуін бірдей қой байлағандай сол егістегі бағанға байлап қоятынмын, кетіп қалмасын деп.

90-жылдары мемлекет бізге шағын жер телімін бөліп берді. Сонда ғана адамша өмір сүре бастадық. Өмірімізде бірінші рет аштай ұйқыға жатқанды қойдық. Бидай, жүгері, соя, кейде қант қызылшасын өсіретін болдық. Өз меншігімездегі жерден жиған өз өніміміз болды. Шекара ашылған соң, күйеуім туыстарын іздеп табам деп Қазақстанға кетті. Анасын тапты. Әкесі қайтыс болған екен. Содан бастап анасына қарайласу үшін Қазақстанда тұрды. Қытайға бес-алты күнге оралып, қайта кері қайтатын. Ұлдарымды өзім жалғыз өсірдім. Оның шешесі 2007 жылы, 103 жасында көз жұмды.

Аман қалған тұңғыш ұлымнан кейін тағы үш ұл таптым. Үлкен үшеуі де құрылыспен айналысады, үй салады. Қазақстанға көшіп келгенімізде, төртіншісі әлі бала еді, үлкен ұлдарым болса өз беттерімен Шыңжанда тұрып жатты. Үшеуі де тұрмыс құрған. Оның үстіне, үшеуінің де әйелі ұйғыр. Негізінен, ұйғырлар тұратын ауданда тұрғанымыз рас, бірақ оның тағы бір себебі – біз кедей едік. Жиған-терген дымымыз жоқ еді. Қазақтан қыз алсаң, қалың мал беру керек. Оған біздің жағдайымыз жетпейтін еді. Ал ұйғырларда ондай дәстүр жоқ. Сондықтан, олар ұйғыр қалыңдықтарын бірінен кейін бірін алып қашып, бір тиын ақша төлемедік. Киімдерін ғана алып бердік.

ҚХР үкіметі халықты қамай бастағанда, үлкен үш ұлымды бірден әкетті. Үшеуін бірдей бір күнде, былтыр ақпанда ұстады. Олар Күнес ауданында бір ауылда бірге тұратын. Екінші ұлымның әйелі олардың қамалғанын телефон соғып хабарлады. Келесі күні қайта хабарласып “Мама, олар менің әпкем, сіздің келініңіз Тоқтыгүлді әкетті”, – деді. Үлкен ұлымның әйелін қамады. Ал немерелеріме не болғанын білмеймін [жылап отырып]. Олардың бес баласы бар еді. Қайда екендерінен хабарым жоқ.

Бұл хабар келе салып, күйеуім бас сақинасымен жатып қалды. Келесі күні, келінімді әкеткенде, одан ары нашарлап кетті. Бірақ біз күтеміз деп шештік. Күйеуіме не болса да, шыдауымыз керек дедім. Айдың соңына дейін ештеңе естімеген соң, Қарағаш аулының әкімдігіндегі Нұрлыбек деген адамға телефон соқтым. Нұрлыбектен “Менің ұлдарыма не болды? Қайда кетті? Келінім қайда?” деп сұрадым. Нұрлыбек “оларды қайта тәрбиелеуге жіберді” деп жауап берді. Ол маған қалған екі келінімді де қайта тәрбиелеу лагеріне жібергенін айтты. Оларды да қайта тәрбиелеп жатыр. Ол оны “саяси оқу” деп атады. Менің Қытайда он төрт немерем бар. Кейбіреуі тіпті кішкентай. “Олар қайда? Менің он төрт немерем қайда?” деп сұрағанымда, Нұрлыбек олардың бәрі оқып жатыр деді де, телефонды тастай салды.

Содан кейін күйеуім жүре алмайтын болды. Төсек тартып жатып қалды. Сол ақпанның аяғынан бастап орнынан тұрмады. Оған қарайластым. Ешқайда бара алмай, үйден шыға алмай отырдым. Ол барған сайын әлсірей берді. Айлар өтті. Отбасымызға не болғанын ешкімге айтпай жүрдік. Содан, 2018 жылы 9 қыркүйекте күйеуімнің бойына күш кіріп, ұлдарының атын “Сатыбалды! Оразжан! Ахметжан!” деп айқайлап атап, маған қарады да, “Ұлдарым алдымен Аллаға, сосын саған аманат. Ал мен болсам, мен біттім”, – деді. Ол сол күні кешкі 5-те қайтыс болды.

Оның өлімінен кейін он күн бойы үйде отырдым. Ешкімге бір ауыз сөз айтпадым. Содан кейін балаларымды іздеп табам деп шештім де, “Атажұртқа” келіп, Серікжанмен кездестім. Өзім жаза алмайтын болған соң, менің хатымды басқалар жазып берді. Ол хаттарда балаларымның қамалғаны, күйеуімнің келін-баласын әкеткендерін көтере алмағаны жазылды. Қайғыдан өлгені жазылды.

Кіші ұлым Қазақстанда, менің қасымда. Бірақ ол да қазір үйленді, пәтерлері болса маған тар. Жалғыз тұрамын, пенсия алмайтын болған соң, жұмыс істеуге тура келеді. Кіші ұлым көмектесіп тұрады. Ол басқа он шақты адаммен бірігіп жүк көлігін жалдап, Қытайдан көкөніс тасиды. Қырыққабат, қияр, қызанақ, салат жапырақтарын әкеледі. Мен өз үлесімді алып, оны базарға апарып сатамын. Өзіме жеке сөре жалдауға жағдайым жетпейді. Далада отырып, сәбіз бен қырыққабат сатамын. Бірақ менің кенже ұлым жақсы. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Бұрын ішетін, қазір қойды. Жанұясын бағуы керек.

– Халида А., 64 жаста (Рахымберген Қ., күйеуі; Сатыбалды Р., ұлы; Тоқтыгүл М., келіні; Оразжан Р., ұлы; Шарапат, келіні; Ахметжан Р., ұлы; Мирай, келіні; және он төрт немересі)

Сұхбат 2019 жылдың сәуірінде жазылып алынды