Біздің Қытайда ештеңеміз қалмады. Қазақстанға келу үшін жерімізден, малымыздан, барымыздың бәрінен бас тарттық. Біз 1992 жылы Кеңес Одағы құлағаннан кейін қабылданған көші-қон заңдарының арқасында заңды түрде көшіп келдік. Мен он жаста едім. Уақыт өте келе, Қазақстан азаматтығын алдым, отбасымда әкемнен басқамыздың бәріміз азамат атандық. Әкем зейнетақысын алу үшін Қытай азаматы болып қалды.
2000 жылы әкем ауырып қалды. Қандай ауру екенін бұнда анықтап бере алмады. Дәрігерлер оның өмірі аяқталуға жақын, тәуір болмайды деп емханадан шығарды. Бірақ ол Құлжаға емделуге кетті, үш күннен кейін оның немен ауыратыны белгілі болды. Бір ай бойы сонда емделді. Жазылып кетті. Содан бері емін алу үшін күзде бір, көктемде бір Қытайға барып тұратын. Аман-сау жүруіне сол емнің көмегі зор екенін ол білді. Жыл сайын зейнетақысын түгелдей сол емге жұмсайтын.
Ол шекарадан соңғы рет 2017 жылы 22 қазанда өтті. Бір аптадан соң маған телефон соқты. “Менің төлқұжатымды тартып алды, – деді ол. – Маған телефон соқпашы. Мен өзім хабарласамын”. Шенеуніктер құжаттарын бір-екі аптаның ішінде қайтарамыз дегенімен, сөздерінде тұрмады. Сонда да әкем ай сайын телефон соғып, жаңалықтарын айтып тұрды. Содан, наурыз айында ол аяғын сындырып, мүгедек болды. Жергілікті полициядан ақыры жауап ала алмады. Өзімен телефон арқылы ашық сөйлесу мүмкін болмады. “Ол туралы сөйлеспей-ақ қояйықшы”, – дейтін. Біз “Зейнетақыңды бұдан былай алғым келмейді десең қайтеді? Жай ғана үйіңе қайтқың келетінін айт”, – деп жалбарына бердік. Ол болса телефонмен сөйлескенде бұл тақырыпты қозғамауымызды сұрады.
Қазір ол Шегірбұлақтағы бауырының үйінде тұрып жатыр. Ондағы қауіпсіздік тәртібі қатал болған соң, жағдай ауыр, аяғы да жазылмады. Сөйлесу өте қиын – бәрі тыңдала ма деп уайымдаймыз. Тікелей өзімен сөйлеспейміз. Мен Үрімшіде тұратын немере ағамның әпкесіне WeChat арқылы хабарласамын. Ол өз әке-шешесіне телефон соғады. Олар болса әкеммен сөйлеседі. Жаңалықтарын бізге осылай жеткізеді. Даусын естімегелі бір жылға жуық уақыт өтті. Бауырымның әпкесімен сөйлескен оңайырақ, оған жиірек хабарласа аламыз, өйткені Үрімші либерал қала.
Дегенмен, біз бір-бірімізбен сөйлескенде артық болмас деп, құпия шифр қолданамыз. Мысалға, бауырымның әпкесінен “жаңалықтарыңыз бар ма?” деп сұраймын. Сондағым – әкемнің жаңалықтары. Сосын сұрайтыным: ауа-райы қалай? Егер күн тыныш, жылы болса, яғни әкемнің жағдайы жақсы. Суық, не ыстық, болмаса жел соғып, жауын жауса, халі нашар деген сөз. Байқап сөйлесеміз. Қытай деп ешқашан айтпаймыз. Алла қаласа деп те айтпаймыз. Ешқандай діни сөз қолданбаймыз. Бірақ осы шифрдың арқасында, әйтеуір, хабар алмаса аламыз. Қытайдағы туыстарымен бәріміз тек осылай сөйлесеміз. Оны бәрі біледі. Мысалы, әкемнің екі ай бұрын полицияға барғанын білемін. Ол аяғын емдеу үшін төлқұжаты керек екенін айтты. Бірақ олардан ешқандай көмек болмады. Оның орнына әкемді аулақ қуды.
Өткен аптада бауырымның әпкесі Шегірбұлаққа досының тойына барды. Сонда жүргенінде, бізге WeChat арқылы хабарласты. Сонда былтыр Қытайға кеткенінен бері әкемізді бірінші рет көрдік. Скриншот жасап алдым. Қараңызшы, қандай кәрі. Қабырғаға сүйеп қойған балдақты көрдіңіз бе? Онсыз жүре алмайды. Аяғы нашарлаған. Үрімшідегі консулдыққа бар дейін десем, жүре алмайды. Ешкім оған көмек берер емес. Ауылда әркім өзі үшін. Адамдар қорқады. Басқаға Қазақстанмен байланысуға көмектессең, өз басың бәлеге қалады. Сондықтан ештеңе болып жатқан жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын бауырымның әпкесімен тағы сөйлестім. Соңғы айтқаны мынау: жаңалық та жоқ, күн де өзгермеді, бәрі тыныш.
Мағира Т., 36 жаста (Тоқтар С., әкесі)
Сұхбат 2018 жылы ақпан айында алынды