Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары бес жылдық виза алу туралы келісімнің алғашқы мерейтойын атап өтуде

Осыдан бір жыл бұрын дәл осы күні 2013 жылғы 1 тамызда Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары бір мемлекеттен екінші мемлекетке сапар шегуді жеңілдететін қолданыс мерзімі бес жылды құрайтын виза алу туралы келісім жасасып, виза алуға өтініштер санын бұрын болмаған көрсеткішке жеткізген болатын

«Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы бесжылдық виза алу туралы келісім екі тараптың зор еңбегінің арқасында жасалған. Бұл екі еліміз арасындағы стратегиялық әріптестігінің тағы бір дәлелі. Осы келісім біздің азаматтарымыз үшін виза режимін жеңілдету жолында жасалған келесі бір үлкен қадам және өзге шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға үлгі болып қызмет етпек. Өткен жыл ішінде Қазақстан тарапы Америка Құрама Штаттарының азаматтарына 11 500-ге жуық виза беріп, солардың басым көпшілігі  іскерлік және туристік мақсаттарда сапар шегу үшін берілген болатын, бұл ұлтаралық қарым-қатынастың өркендеуіне, экономикалық  ынтымақтастықтың  жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Екі еліміз арасындағы стратегиялық әріптестікті және Қазақстандағы АҚШ компанияларының белсенді рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі Америка Құрама Штаттарын Қазақстанға 15 күндік мерзімге визасыз сапармен бара алатын 10 мемлекеттің қатарына қосу туралы шешім қабылдады. Бұл екі ел арасындағы іскерлік және ұлтаралық қарым-қатынастарын одан әрі дамытуда маңызды қадам болды» – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

«Осы жаңа саясаттың арқасында өткен жыл ішінде қазақстандық азаматтардан түскен іскерлік және туристік мақсаттарда сапар шегу үшін визаға өтініштер саны 41 пайызға артып, осылайша екі еліміз арасындағы жаңа іскерлік және мәдени қарым-қатынастардың өркендей түсуіне жол ашылды», – деп атап өтті АҚШ Уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей. Өткен жыл ішінде АҚШ дипломатиялық миссиясы қазақстандықтарға 21 000-ға жуық АҚШ визасын берді.

Белгілі бір виза санаттарының қолданылу мерзімдерінің артуы Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынасының нығая түскеніне дәлел болды. Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен бесжылдық виза беру туралы келісім жасасқан Орта Азиядағы алғашқы мемлекет болып, осындай келісімшарт жасасқан стратегиялық маңызы бар өзге де мемлекеттердің қатарына қосылды. Америка Құрама Штаттары әлемде Қазақстанмен қолданылу мерзімі бесжылдық виза алу туралы келісім жасасқан алғашқы мемлекет болды.