Flag

An official website of the United States government

«АҚШ-та білім алу әркез арманым болатын»
10 Хаттаманы оқу
Ақпан 21, 2021

 

«АҚШ-та білім алу әркез арманым болатын»: Асем Измуханова  Fullbright FLTA оқу бағдарламасы жөнінде 

Асем Измуханова –Алматы Менеджмент Университетінің ағылшын тілі мұғалімі
Бағдарлама: Fulbright FLTA
Instagram: mandniche  

– АҚШ-та білім алу әркез арманым болатын. Бұл арманның шындыққа айнала алатынын өз тәжірибесімен көрсеткен ағам бар. Ол кісіге қарап, мұндай жетістікке менің де жете алатынымды түсіндім. Достарым мен туыстарымның қолдауы да көмектесті. Fulbright FLTA бағдарламасының арқасында, мен кәсібилігімді шыңдадым, жаңа таныстар, шынайы достар таптым және өмірге деген көзқарасым өзгерді.   

– Қазақстаннан кетпес бұрын Fulbright FLTA  бағдарламасының түлегі Мадина Галиевамен тығыз байланыста болдым. АҚШ-тан келгеннен кейін, ол кісі Fulbright Rural Teaching жобасының басталғанын айтты. Жобаның мақсаты – ауыл-аймақ мектептеріндегі ағылшын тілі мұғалімдерінің әдістемелік шеберліктерін арттыру. Сонымен қатар, біз, түлектер, бұл жоба аясында АҚШ-та білім алуға мүмкіндік берген бағдарламалар туралы және ол арқылы кәсіби іс-тәжірибеден өту жөнінде егжей-тегжейлі баяндаймыз. Екі жыл ішінде бұл жоба Қазақстанның Шымкент, Павлодар және Қызылорда өңірлеріндегі 107 мұғалімді қамтыды. Біздің алдымызға қойған жоспарымыз көп, жобаны іске асыру, жетілдіру туралы әртүрлі ойларымыз бар.  

Америкалық білім жауапкершілікті бөлуді көздейді. 

– АҚШ-та жүргенде күнделікті жаңа нәрселерді үйрендім. Америкалықтардың менталитетін, ойлауын, мәдени және өмірлік құндылықтарын тану мен үшін өте қызық болды. Жұмыс пен Индиана университетіндегі оқудан бөлек, мен аптасына бір рет қаланың екінші шетінегі «My Sister’s Closet» секонд-хенд дүкеніне ерікті ретінде көмектесуге баратынмын. 

– Бағдарламамен оқу барысында мені америкалық білімнің жауапкершілікті бөлуді көздейтіндігі таң қалдырды. Оқытушы студенттерді керек ресурстар және материалдармен  жабдықтайды, қонақ ретінде спикерлерді шақырады. Бірақ әрі қарай студент өз академиялық жолын өзі құрастыруы керек болады.  

– Бағдарламаның болашақ студенттеріне айтарым, бұл нағыз танымды бағдарлама. Өз мәдениетіңізбен бөлісуге мүмкіндігіңіз болады. Мәселен, қазақ тілін үйрете және өзіңізге қызықты курстарды таңдай аласыз. Егер бұл бағдарлама сіздің қалауыңыз екенін сезсеңіз, онда еш ойланбастан өтініш беріңіз. Мен бағдарламаға үш рет қатарынан тапсырып, тек үшінші реттен ғана жолым болды. Бұл жолды қайта жүру керек болса, мен еш ойланбастан қайтадан дәл осылай жасаушы едім.