



Екі жыл ішінде АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Қауіп-қатерді азайту бойынша агенттігі (DTRA) ескі, тозығы жеткен әскери казармаларды жөндеп, заманауи оқу-жаттығу базасына айналдырып, ҚР Ұлттық Ұланына 15 қазан күні тапсырды. Кешен заманға сай жабдықталған: жаттығуларға арналған электронды ату тирлары, көлік құралдарының тренажерлары, жатақхана және оқу сыныптары. Әлем деңгейіндегі бұл нысан қазақстандық әскери бөлімдер қызметкерлері үшін жауынгерлік даярлығын арттыру және ядролық нысандарды қорғауда маңызды дайындықтан өту мақсатында пайдаланылатын алаң болып табылады.
Бұл оқу орталығы 1993 жылғы 13 желтоқсандағы АҚШ пен Қазақстан Республикасы арасындағы келісімге сәйкес Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Жаһандық ядролық қауіпсіздік бағдарламасының аясында салынды. Бағдарламаның мақсаты – адамдарды, қоршаған ортаны және ядролық нысандарды қорғау үшін физикалық және ядролық қауіпсіздіктің мықты, әрі сенімді жүйесін құру.
Өскемен қаласындағы Дағдарысқа қарсы тұру жөніндегі оқу орталығы – ядролық таратылмау бойынша Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасындағы 26 жыл серіктестіктің тағы бір дәлелі.