Америка Құрама Штаттарының ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC/CAR) Қазақстан үкіметіне COVID-19 коронавирусының өршуіне қарсы күреске 1,68 млн. АҚШ доллар көлемінде көмек көрсетуге міндеттенді. Бұл қаражат Орталық Азия елдеріне 6,8 млн. АҚШ доллар көлемінде кешенді көмек көрсету аясында бөлінетін болады.
Жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, Орталық Азиядағы CDC аймақтық кеңселері аталған қаражатты коронавирус пандемиясы жағдайында аса маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жұмсайды. Оларға зертханалық жабдықтар мен COVID-19-ға тестілеу үшін құрал-жабдықтар сатып алу, медициналық қызметкерлер үшін тренингтер ұйымдастыру, шекарада денсаулық сақтау жөніндегі шараларды өткізу үшін техникалық көмек көрсету, сонымен қатар, клиникалық хаттамаларды әзірлеу және енгізу үшін көмек көрсету жатады.
«Біз қаңтар айынан бастап Орталық Азиядағы COVID-19 жағдайын мұқият қадағалап отырмыз және аймақтағы елдердің үкіметтеріне індетке қарсы іс-қимылдарды қолдау үшін техникалық көмек ұсынамыз», – дейді Орталық Азиядағы CDC директоры Дэниел Сингер. «Бұл қосымша қаражат бізге вирустың таралуын баяулату үшін елдердің қабылдаған шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Біздің бұл төтенше жағдай кезіндегі көмегіміз аймақтағы CDC орталығының АИТВ мен туберкулезге қарсы көпжылдық жұмысына және тұмау мен басқа пандемия ауруларына дайындықтағы тәжірибеге негізделген. Денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін бөлінген CDC инвестициялары пайда болатын қауіптерге, соның ішінде өршіген коронавирус сияқты қауіптерге жедел әрі тиімді дайындықтың негізін қалады, және қазір біздің денсаулық сақтау министрліктерімен ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да маңызды деп санаймыз».
Орталық Азиядағы CDC кеңсесі Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрліктеріне тренингтер ұйымдастыру және төтенше жағдай кезінде, зертханаларда жұмыс жасау, жұқпалы аурулардың алдын алу және бақылау, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде тексеру, қауіптер мен қоғамның қатысуы туралы ақпараттандыру және эпидемиологиялық бақылау жөніндегі техникалық көмек арқылы қолдау көрсетті. Сонымен қатар, CDC жетекші халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары жасаған техникалық нұсқаулықтарды тарату үшін орыс тіліне аударады. «Бұл қосымша қаражат COVID-19-дың таралуына қарсы күресте біздің Қазақстанға деген адалдығымызды білдіреді, ал CDC мен Қазақстан арасындағы соңғы 25 жыл ішінде құрылған денсаулық сақтау саласындағы серіктестік одан да маңызды болып табылады және ол біз коронавирусты жеңгеннен кейін де жалғасады», – деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер.
CDC Орталық Азия елдерінің үкіметтерімен бірге денсаулық сақтау мәселелері бойынша ұзақ уақыт жұмыс істейді. Алғашқы CDC кеңсесі 1995 жылы Алматы қаласында ашылған, бүгінде орталықтың Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда кеңселері бар. CDC барлық денсаулық сақтау министрліктерімен бірге осы елдердің аурулардың алдын-алуы, оларды анықтауы және олармен тиімді түрде күресе алуы үшін жергілікті зертханалардың әлеуетін, эпидемиологиялық бақылауды және адами ресурстарды күшейту мақсатында жұмыс істейді.