Уильям Х. Мозер Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

  1. Уильям Х. Мозер Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
  2. Бізбен байланыс
  3. Бөлімдер & Кеңселер

Уильям Х. Мозер АҚШ Сенатының шешімімен 2019 жылы 2 қаңтарда Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшісі қызметіне бекітілді. Ол 2017 жылдың қаңтар айынан бастап осы қызметке тағайындалғанға дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын пайдалану жөніндегі бюро директорының міндетін уақытша атқарушы ретінде жұмыс істеген. Мозер мырза 2011 – 2015 жылдары Америка Құрама Штаттарының Молдова Республикасындағы елшісі қызметін атқарған.

Елші Мозер – Американың сыртқы саясат саласында жоғары жетістіктерге жеткен көрнекті қызметкер. Мозер мырза 1984 жылдан бергі дипломатиялық қызметі барысында Украина, Қазақстан, Египет, Суринам және Мали елдерінде жұмыс жасады. Елші Мозер 2015 – 2017 жылдары Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын пайдалану жөніндегі бюро директорының бірінші орынбасары және 2006 жылдан 2011 жылға дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысының материалдық-техникалық қамтамасыз етуді басқару жөніндегі көмекшісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Мозер мырза Вашингтон қаласында АҚШ Мемлекеттік департаментінде жаһандық қолдау көрсету мен инновациялық мәселелер жөніндегі директоры, Еуропа және Еуразия істері жөніндегі атқарушы директордың орынбасары, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия істері жөніндегі бюроның Дипломатиялық өкілдіктерді басқару бөлімінің басшысы, Саяси-әскери мәселелер жөніндегі бюроның саяси-әскери мәселелер бойынша кеңесшісі лауазымдарында еңбек етті.

Оның шетелдік миссияларына Киев қаласындағы АҚШ Елшілігінің басқару мәселелері жөніндегі кеңесшісі; Алматы қаласындағы АҚШ Елшілігінің энергетика мәселелері жөніндегі атташесі, Экономика мәселелері және Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қызметкері; Парамарибо қаласындағы АҚШ Елшілігінің әкімшілік істері жөніндегі қызметкері; Каир қаласындағы АҚШ Елшілігінің Қаржылық басқару бөлімінің қызметкері; Бонн қаласындағы АҚШ Елшілігінің консулы және кадр мәселелері жөніндегі көмекшісі сияқты қызметтері кіреді. Елші Мозер өзінің дипломатиялық қызметін Мали Республикасының Бамако қаласындағы АҚШ Елшілігінде Жалпы қызмет көрсету бөлімінен бастаған. Ол орыс, неміс және француз тілдерін еркін меңгерген.

Уильям Х. Мозер мемлекеттік қызметі барысында халықаралық қатынастар, басқару ісі мен мемлекеттік саясатқа қосқан адал үлесі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2011 жылы шілде айында ол ерен азаматтық қызметі үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінің медалімен және 2003 жылы үздік әкімшілік жұмысы үшін Лемон Р. Хант сыйлығымен марапатталған.

Солтүстік Каролинада туып-өскен Мозер мырза Чапел-Хилл қаласындағы Солтүстік Каролина университетінің саяси ғылымдар бакалавры дәрежесін иеленген. Отбасында жұбайы мен үш балаcы бар.