Лагерь таулы аймақ жақта болды. Біз терезесі жоқ, ішінде темір торы бар фургонмен шықтық. Маған түк көрінбеді. Бұған дейін мені полиция бөлімшесінде күштеп медициналық тексеруден өткізді. Қан алды. Мен не істеп қойдым – не үшін айыпты екенімді түсіне алмадым.
Мен 1987 жылы Құлжада туылдым. Қазақстанға жиырма төрт жасымда келдім. Келесі жылы сол жердің қызына үйлендім. Бес жыл бойы кафеде аспазшы қызметінде еңбек еттім. Менің ықтияр хатым болды, алайда қытайлық паспортымның мерзімі аяқталып бара жатқаннан соң, консулдыққа бардым. Олар маған паспортымды ауыстыру үшін Қытайға қайта оралуым керек деп айтты. 2017 жылдың қаңтарында шекарадан өттім. Қорғастағы бекетте мені ұстады. Барлық құжаттарым мен сөмкелерімді алып алды. Мені тергеп, телефонымды тексерді. Олар менен Қытайда WhatsApp дегенге тиым салынғанын білесіз бе деп сұрады. Біраздан соң менің ұстанатын дінім туралы сұрады, сол кезде мен оларға күніне бес рет дұға айтамын деп айттым. Оларға мұсылман екенімді айттым.
Олар мені Құлжаға апарды. Ол жақта полиция мені қайта тергеді. Тура сол сұрақтар қойылды, тек бұл жолы мені ұрды. Менен сен мұсылман мемлекетінде болдың, олардың азаматтығын неге алмадың? Мында не үшін келдің?,- деп сұрады. Мені ұрып-соғып болғаннан кейін, қол қойғызу үшін бір парақ қағаз берді де, сол қағазға менің бас бармағымның ізін қойды. Содан кейін мені лагерьге алып кетті.
Лагерьде киімімізді алып алды. Лагердің арнайы киімін беріп, олардың сөзінше, тұмау мен ЖИТС-тен қорғайтын укол қойды. Онысының шын-өтірігін білмеймін, бірнеше күн қатты ауырды.
Мені бақылау камерасы мен 12-15 төмен кереуеттері қойылған бөлмеге жеткізді. Бұрышында дәрет сындыратын жер. Сегіз ай бойы дәл осы бөлмеде болмасам да, осы лагерьде тұрдым. Шамамен айына бір рет бізді бөлмеден бөлмеге ауыстыратын. Барлық бөлмелер бірыңғай. Ғимараттың үлкен екенін түсіне бастадым. Аптасына бір рет сол ғимараттың бір жерін жуғызып, тазалатып қоятын. Сол кезде ғимарат биік дуалмен айнала қоршалғанын және бұрыш-бұрышта бақылау камералары қойылғанын білдім.
Ол жерде ереже – қатаң. Күзетшілер үнемі бізге бұл сендерге үй емес деп айтатын. Бір-бірлеріңмен күлмеңдер, қалжындаспаңдар, жыламаңдар, сөйлеспеңдер. Топтасып жиналмаңдар. Күзетшілердің өздері түрлі ұлт өкілдерінен еді. Қазақ, ұйғыр күзетшілер де болды, алайда, бізді ұрғандар тек қытайлықтар. Олар маған полицияның айтқанындай сөздерді қайталады. Сендер өзге елде болдыңдар дейді. Сендердің ұстанымдарың бұрыс.
Қытай тілі сабақтары өтетін. ҚХР әнұраны мен басқа ресми әндерді жаттап алдық. Си Цзиньпиннің саясатын зерттедік. Мен қытай тілінде сөйлей алмағандығымнан, сабақтардан бір нәрсе үйрендім деп айта алмаймын. Олардың түпкі мақсаты бізді қытай тіліне үйрету болса, онда неге арамызда қарт адамдар көп болды. Олар қалай үренбек қытай тілін? Бұдан түсінгенім, олар бізді ұлт ретінде, жеке адам ретінде жойғылары келді, қытай етіп жасамақшы болды.
Суық еді. Әр кез суық болды. Соның салдарынан денсаулығым сыр берді. Мені бір емес, бірнеше рет жазалады. Лагерьдегі екінші түні мен ұйықтау үшін бөлмедегі жарықты сөндірдім. Жарықты сөндіруге тиым салынғанын білмеппін. Сөйтіп, олар кенеттен бөлмеге басып кірді. Сөндірген менмін деп мойындадым. “Қамалғандарға жарықты сөндіруге болмайды. Ережені білмейсіз бе?” деп сұрады. Ағашпен ұрып, бес-алты рет сабады. Көрінген нәрсе үшін: тамақты тым баяу жегенің үшін, дәретханада тым көп уақыт отырғаның үшін жазалады. Олар бізді ұрды. Бізге айқайлады. Сол себептен, үнемі басымызды төмен түсіріп тұратынбыз.
Бір-бірімізбен сөйлесе алмағандығымыздан, қағазға хат жазып алмастық. Сөйтіп, мен сыныптағы басқа қамалған Қазақстаннан шыққан бес адаммен таныстым. Біз дос болып кеттік. Олар да мен сияқты, телефондарына WhatsApp жүктегендері үшін, немесе екі елдің Қытай мен Қазақстанның азаматтығын алғандары үшін деген болжаммен ұсталғандар екен. Олармен не болғанын мүлдем білмеймін.
Өзімді лагерьде тәртіпті ұстауға тырыстым. Қазақстанда туыстарымның барын білгендіктен, лагерьден ертерек шығатыныма сенімім зор болды. Басқаларға қарап ойладым. Мен лагерьде болғанымда, әйелім шағымданған екен, мен оны білмедім. Бұл шағым түспесе, лагерьден шығатыныма күмәнім бар. Менің ісімді жария етті, содан соң, легерьдегі сегіз айдан соң мені ата-анама жіберді.
Полиция мені олардың үйіне түн ауғанда апарды. Келесі күннің ертесінде шенеуніктер келді. “Далаға шықпаңыз, – деді олар, – көзімізге телефоныңызбен түспеңіз. Сіздің құжаттарыңыз жоқ, үйден шыға алмайсыз,”-деді. Қыт етсе, жоғарыдағылардың әр нәрсеге негіздемесі бар болды. Олар ешқашан өз күнәсін мойындамайды және шешімді өздері қабылдайтынын жоққа шығарады. Барлығы әйтеуір бір ережелермен байланысты болатын.
Осы уақыт бойы менің әйелім менің ісімді баршаға жария етуге талпынды. Бір күні полиция келіп: “Сіздің әйеліңіз Қазақстанда екен ғой. Ол шағымданып жүр. Біз сізге WeChat арқылы сұхбаттасуға мүмкіндік береміз” деді де осылайша түк болмағандай сөйлесуімізге мүмкіндік берді. Әрине, бір-бірімізді көргенде жылап жібердік. Әйелім тынымсыз шағымданғанында, видеоларды YouTube желісінде жариялап жүрген екен. Полиция әйеліме шағымданғанын қойсын деп айт деп сұрады. Олар маған әйеліңді баласын алып, Қытайға келсін деп көндір деді. Мен оларға мені жай ғана босата салсыншы деп ұсындым. Сіз Қытай азаматысыз, сіз осында қалуыңыз керек деді олар маған. Әйелім мен ұлым Қазақстанда ғой десем, ол біздің шаруамыз емес деп үн қатты тағы.
Әңгіме барысын шенеуніктер басынан аяғына дейін тындады. Сондықтан олардың айтқанын орындап отырдым. Әйеліме шағымданғанын қойып, Қытайға келсін деп айттым. Бірақ ол келіспеді. “Мен қоймаймын, сені тағы да түрмеге отырғызса да. Сен үйге орлғанша қоймаммын”- деді. Полиция барлық ақпаратты жазып алып, үш күннен кейін маған Қазақстанға оралуыма рұқсат деп хабарлады. Егер мен Қазақстандағыларға лагерь туралы еш нәрсе айтпасам, паспортымды жіберетіндерін уәде етті. Олар мені әйелім мен ұлыма барғаннан кейін Қытайдағы «ішкі оқиғалар» туралы ешқандай ақпаратты жарияламауға міндеттеме қабылдауға мәжбүр етті. Паспорт алу үшін мен оған қол қоюым керек еді, бірақ олар әлі күнге дейін маған бермеді. Сіздің төлқұжатыңыз дайын, деді олар, бірақ сіздің әйеліңіз шағымдануын тоқтатпады! “Сізді қайта жібереміз деп айтпағансыз ба оған?” деп сұрады. Әр қадам үлкен қиындықпен берілді.
Тіпті паспортымды алып, әйелім ұшаққа билет алғанның өзінде кете алмадым. Үрімшіге жол жүрдім. Түнде әйежауда болдым, ұшуға дайын едім. Ұшаққа отырарымда: “Сіздің жергілікті полицияңыздан бізге елден шығаруға болмайды деген хаттама келді” деп тоқтатты. Полиция бір формаға қол қоймады деп звондапты. Паспортымды әуежай қызметкеріне лақтырдым. Барлық құжаттарымды үстелге лақтыра салдым. “Менің визам бар. Паспортым бар. Неге мені жібермейсіңдер?”- дедім.
Өз ауылыма қайта баруға мәжбүр болдым. Әйеліме звондадым, ол жаңа науқан бастады. Елшілікке хабарласты. Он бес минуттан соң маған полиция қоңырау шалды. Олар маған паспортымды қайтарып, елден қашан кететінімді айтсам, ұшуыма болатынын айтты. Мен паспортымды алдым да, оларға ешнәрсе айтпадым. Оның орнына мен тура Қорғасқа қарай бет алдым. Қорғасқа жеткенімде қайта телефоным шырылдады. Менің ауылымдағы полиция қызметкері менен қайда екенімді сұрады. Мен оған жиенімнің үйіндемін деп жауап бердім. Ол маған келетінін айтты. Мен сол сәтте шекарада, еркін сауда аймағының ішінде едім. Сол күнгі қазақ жеріне апаратын соңғы микроавтобусқа отырдым. Шекарашылар менен қайда жол жүретінімді сұрады. Қазақстанға дедім. Рұқсатыңыз бар ма деген сұрақтарына “Бар” деп демімді ұстап жауап бердім. Шекарадан асқан сәтте SIM-картаны өз телефонымнан жұлып алып тастадым. Жаңа SIM-карта сатып алып әйеліме хабарластым. Келдім деп айттым.
Сөйтіп үйіме келдім, алайда денсаулығым, қысқаша айтқанда денсаулығым мүлде жоқ. Соңғы бес айдың ішінде қатты тоздым. Шаршап тұрамын. Есім де, есіме сақтау қабілетім де тозды. Кейде айтайын десем, еш нәрсені есіме ала алмаймын. Шынымды айтайын, импотентпін. Дәрігерге бардым, қанымда микроб табылды.
Қамалған бойда мен шыдамды болуға тырыстым. Өзіме басымнан өтіп жатқанның бәрі сынақ екенін және оған төзімді болуым керек екенін айтып отырдым. Мен лагерьді аралап, мұсылман бауырларыма, қазақтар, ұйғырлар мен дүнгендерден шыққан бауырларыма қарап, мұның бізді бөлуге және жеке басымызды құртуға әрекеттенгенін көрдім: қытайландыру құралы. Менің ойымша, жалпы олардың мені жібермек ойлары болмаған.
—Ж.О., 32 жаста
2019 жылдың мамыр айының сұхбаты