АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕПАРТАМЕНТІ
Баспасөз хатшысының кеңсесі
Дереу тарату үшін
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
9 шілде, 2020 жылы
Баспасөзге арналған «C5+1»-дің жоғары деңгейдегі диалогының бірлескен мәлімдемесі
Бұл мәлімдеменің мәтінін Америка Құрама Штаттарының үкіметі және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының үкіметтері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен С5 елдерінің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен «C5+1» кездесуіне орай жариялады.
Мәтіннің басы:
2020 жылғы 30 маусымда Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрлері «C5+1» форматында кездесу өткізді.
Қатысушылар экономикалық тұрақтылықты арттыруға және Орталық Азия мен аймақтағы қауіпсіздік пен орнықтылықты одан әрі нығайтуға бағытталған өзара әрекеттерді кеңінен талқылады. Қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешу және Орталық Азияны Оңтүстік Азия мен Еуропаның нарықтарымен байланыстыратын экономикалық және сауда қарым-қатынастарын құру жөніндегі күш-жігерлерін қолдайтындықтарын білдірді. 30 маусымдағы кездесуде қатысушылар «C5+1» форматындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс бағдарламасын мақұлдады.
«C5+1»-дің жұмыс бағдарламасы
Біріншіден, қатысушылар Сауда және инвестиция бойынша негіздемелік келісім (ТИФА) шеңберіндегі бірлескен жұмысты одан әрі күшейтуге келісті. Сонымен қатар, қатысушылар «C5+1»-дің экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының отырыстарына мүмкіндіктер жасауға және оларда Халықаралық даму қаржы корпорациясымен, АҚШ-тың Экспорт-импорт банкімен және АҚШ Сауда министрлігінің Халықаралық сауда басқармасымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастыруға келісті. Сондай-ақ, экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы әйелдердің экономикаға қатысуы үшін қолайлы жағдайларды жақсартуға және «C5+1»-дің қатысушылары әйелдердің экономикалық қалпына келтіруге және өркендеуге үлес қосуын қолдай алатын бағыттарды анықтауға тырысады. Экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы Ауғанстанның транзиттік әлеуетін дамытудағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, оның ішінде Ауғанстанмен бірлесіп жүзеге асырылатын ірі жобаларды халықаралық қаржы мекемелер тарапынан қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады.
Экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы қоғамдық денсаулық сақтау; ауыл шаруашылығы; туризм; көлік; ақпараттық технологиялар; қаржылық ашықтық пен тұрақтылықты арттыру сияқты салаларды да талқылайды.
Екіншіден, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында қатысушылар «C5+1» форматында жұмыс тобының сарапшыларының кездесуін өткізуге, оның барысында жаңартылатын энергия технологияларын біріктіру, жеке сектордың инвестицияларын тартуды ынталандыру мәселелерін және ауа мен су сапасы саласындағы ынтымақтастықты талқылауға келісті. Сондай-ақ, жұмыс тобының қатысушылары инновациялар мен жаңа технологияларды қолдану арқылы Орталық Азияның экологиялық қолайсыз аймақтарындағы, оның ішінде Арал теңізі бассейніндегі, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мәселелерін талқылайды. Жұмыс тобы экологиялық мәселелерге бейімделу жөніндегі ұлттық жоспарларын қолдауды және басқа энергетика саласындағы өңірлік жобаларды іске асыру мәселелерін, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін, энергияны үнемдеуді және әйелдерді энергетикалық сектордың барлық деңгейлерде біріктіруді талқылайды.
Үшіншіден, қатысушылар «C5+1»-дің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жұмыс тобының аясында тауарлардың еркін айналымын қамтамасыз ететін, адам саудасы мен заңсыз тауар айналымына жол бермейтін, ядролық және радиологиялық қауіпсіздікті сақтайтын және шекара қауіпсіздігі саласындағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтетін қауіпсіз және тиімді шекараларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды талқылау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жұмыс тобы әйелдердің қауіпсіздігін арттыруға және олардың бейбітшілікті орнатуға және сақтауға, қақтығыстарды алдын алуға, терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы тұруға толық қатысуын қамтамасыз етуге тырысады. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жұмыс тобы зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы тұру, лаңкестік желілер арқылы онлайн жалдауына қарсы іс-қимыл, лаңкестікке қарсы бірлескен және аймақтық тренингтер өткізу, соның ішінде Орталық Азия елдеріне халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беру мәселелерін талқылайды.
Мәтіннің соңы.