Ауғанстан бойынша «C5+1» арнайы отырысының бірлескен мәлімдемесі
Аударма
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
Баспасөз хатшысының кеңсесі
11 тамыз, 2023 жылы
Бұл мәлімдеменің мәтінін Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Америка Құрама Штаттарының үкіметі 27 шілде күні Қазақстан, Астана қаласында өткен Ауғанстан бойынша «C5+1» арнайы кездесуіне орай жариялады.
Мәтіннің басы:
27 шілде күні Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Америка Құрама Штаттарының арнайы өкілдері мен арнайы елшілері Астана қаласында «C5+1» аймақтық дипломатиялық платформа шеңберінде кездесті.
Арнайы өкілдер мен елшілер Ауғанстандағы қазіргі ахуал мен оның аймаққа әсері туралы пікір алмасты. Тараптар ауған халқына қолдау көрсете отырып, барша аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын әрі қарай нығайту бойынша АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударды.
C5+1 ортақ мақсаттарына негізделіп, қатысушылар:
- терроризмнен арылған, халықтың құқықтарын, соның ішінде әйелдер мен қыздардың құқықтарын сақтайтын, өз аумағы ішінде және көршілерімен бейбітшіл, инклюзивті, біртұтас, егеменді, тұрақты, өз-өзін қамтамасыз ете алатын Ауғанстанды аймақтағы барлық елдер мен халықаралық қауымдастық әрі қарай қолдай беру қажет екенін талқылады.
- Ауғанстан аумағын терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмін орнату, қаржыландыру мен басқа елдерге экспорттау тұрағына айналдырмаудың маңыздылығын атап өтті. Адам мен қару-жарақ саудасы мен есірткенің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша ынтымақтастықты күшейту қажеттілігін қайта растады.
- Ауғанстандағы гуманитарлық және экономикалық ахуалдың ауырлығы қалыптасқан жағдайды жан-жақты ескеретін халықаралық қоғамдастықтың табанды әрі келісілген әрекетін талап ететінін растады, және бұл шаралар гуманитарлық ұйымдарға барлық мұқтаж ауғандықтарға адамгершілік, бейтараптық, әділдік пен тәуелсіздікке негізделген гуманитарлық принциптерге және халықаралық гуманитарлық құқыққа толық сәйкес келетін еш кедергісіз көмек көрсету мүмкіндігін беруді талап ететінін атап өтті;
- Тұрақты, экономикасы өркендеген және бейбіт Ауғанстанға жету барлық ауғандықтардың, соның ішінде әйелдер мен қыздар, этникалық және діни азшылықтарға жататын азаматтардың елдің болашағына толық, тең әрі мазмұнды түрде қатысып, үлес қосуы арқылы ғана қол жеткізуге болатынын қайталады; және басқа мәселелерге қоса есеп беретін және барлық топтардың өкілдерінен құрылған басқару органдарын орнатуға назар аударатын мемлекеттің саяси болашағы туралы жан-жақты диалог жүргізу қажет екенін атап өтті;
- Ауғанстан халқының, соның ішінде әйелдердің, ел ішіндегі және одан кіру мен шығу қозғалысының еркіндігіне қолдау көрсететінін қайта растады; және жарамды жол жүру құжаттары мен визалары бар ауғандықтар еркін жүруі мен шектеусіз қозғалуы керек екенін атап өтті;
- Орталық Азияны Оңтүстік Азияға Ауғанстан арқылы байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды салу мен көлік желілерін кеңейту арқылы аймақтық өзара байланыс пен транзиттік саудаға жәрдемдесетін жобалардың маңыздылығын құптады;
- 2023 жылы апиын өсірудің айтарлықтай төмендеуін құптады, бірақ Ауғанстандағы апиын экспорты мен синтетикалық есірткі өндірісінің жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдірді, өйткені аймақтағы және одан тыс елдердің барлығы есірткіден азат Ауғанстанға ортақ мүдделі;
- Аймақтық өзара байланыс пен мәдениетаралық түсіністікті арттыру құралы ретінде Орталық Азия мен Ауғанстанның түкпір-түкпірінен келген ер және әйел студенттерге білім беретін Орталық Азиядағы жоғары оқу орындарына қолдау көрсетуді жалғастыруға бел байлады;
- Ауғанстандағы халықаралық қауымдастықтың жұмысын қолдайтынын білдірді және ортақ мүдделер мен алаңдаушылықтарды талқылау үшін халықаралық мүдделі тараптардың басын қосу жөніндегі БҰҰ Бас хатшысының күш-жігерін құптады; БҰҰ-ның Ауғанстандағы саяси өмірге қатысып отыруы мен тиімді, жауапты және инклюзивті басқаруды ілгерілету және мағыналы татуласу үдерістерін қолдау; барлық ерлер мен әйелдердің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу мен қорғауды күшейту; аса қажетті қызметтерді қолдау; және Ауғанстанның өзін-өзі қамтамасыз етуіне әкелетін әлеуметтік және экономикалық жағдайларды жасауға үлес қосу жөніндегі мақсаттарының маңыздылығын атап өтті.