АҚШ пен Орталық Азия арасындағы Сауда және инвестиция жөніндегі негіздемелік келісім бойынша кеңес отырысының нәтижесі туралы бірлескен мәлімдеме

ВАШИНГТОН – АҚШ, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жоғары билік өкілдері 31 наурыз күні АҚШ пен Орталық Азия арасындағы Сауда және инвестиция жөніндегі негіздемелік келісім (TIFA ) кеңесі отырысына қатысты. Ауғанстан мен Пәкістан үкіметінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты. 

Қатысушылар TIFA келісімінің Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия елдері мен аймақтың басқа елдері арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарын нығайтудағы механизм ретіндегі маңызы туралы мәлімдеді. 

Қатысушылар сауда байланыстарын кеңейту, бизнеске қолайлы ортаны қамтамасыз ету сияқты мәселелерге аса көңіл бөлді. Өз кезегінде ол аймақтың жеке меншік секторының дамуына жағымды ықпал етіп, аймақтық өзара байланыстың күшеюіне септігін тигізеді. Қатысушылар, сондай-ақ, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда, транзит және инвестиция мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, АҚШ жалпы преференциялар жүйесі (GSP) аясындағы бажсыз режим мерзімінің аяқталуы да талқыланды. Атап айтқанда, GSP жүйесінің Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуындағы артықшылықтары, GSP квалификациялық талаптарына сай болудың, оның ішінде халықаралық деңгейде мойындалған жұмыскерлер құқығын қорғау мен зияткерлік меншік құқығын тиесілі және нәтижелі түрде қорғаудың маңызы талқыланды.  

Америка Құрама Штаттары отырыс қатысушыларына Президент Байден Әкімшілігінің сауда саясатындағы басым тақырыптар жайлы ақпарат берді, оның ішінде еңбек аспектілері, экология және климат, сондай-ақ саудадан түскен пайданың халықтың күнкөрісі төмен санаттарына біркелкі бөлінуі сияқты мәселелер қамтылды. 

Қатысушылар Кеңес пен TIFA келісімі жұмыс топтарының отырыстары Орталық Азияның екіжақты, аймақтық және халықаралық сауда мен инвестициялық мүмкіндіктерін нығайтатынын растады. Сауда және инвестиция жөніндегі негіздемелік келісім бойынша жұмыс аясында қатысушылар кеден, зияткерлік меншік, саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, сондай-ақ әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту сияқты арнайы жұмыс топтарында кездесті. 

Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы электронды сауда мәселелерін талқылай отырып, қатысушылар бизнес-қызметтердің цифрлық форматта қол жетімді болуы өңір елдерінің инклюзивті және жанжақты экономикалық дамуына қажет бірден-бір элемент екенін атап айтты. Қатысушылар ақпараттың шекаралар арқылы еркін қозғалысын қамтамасыз етуге, оның ашық, бәсекелестік пен оқшауламау ұстанымдарына негізделген құқықтық база мен реттеуші нормативтік ортасының болуына басымдылық беретіні туралы келісімге келді. Қатысушылар электронды саудаға ықпал ететін процедураларды дайындау кезінде мүдделі тараптардың кеңінен қатыстыруды басты мақсат етіп қойды, сондай-ақ сандық экономиканың шағын және орта бизнеске жаһандық нарықтарға жол ашатынына, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетіп, жеке меншік сектордың тұрақты дамуына көмектесетінін айрықша көңіл бөлді. 

Сонымен бірге, қатысушылар жүйелілік, саяси шешімдердің дәлелдік қор мен реттеушілік тұрғыдан есептілігі тәрізді сұрақтарға назар аударды. TIFA Кеңесі электронды сауда жөніндегі жұмыс тобын құру туралы келісімге келді. 

Қатысушылар өз реттеуші құқықтық база стандарттарын дайындау кезінде Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі мен халықаралық үздік тәжірибені енгізудің маңызын мойындады. 

Қатысушылар аймақтық өзара әрекеттестік арқылы аймақ елдерінің дамуы, әл-ауқаты мен тұрақтылығын нығайту жолында одан әрі күш жұмылдырудың маңызын атап өтті. Осыған орай, қатысушылар отырыста Пәкістан мен Ауғанстан өкілдерінің болуын Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің арасындағы сауда байланыстарының дамуына септігін тигізетін оқиға деп бағалады. Олар, сондай-ақ, Ауғанстан пен Пәкістанның Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы транзиттік сауда туралы келісім аясында тағы да келіссөз жүргізуге деген ынтасын жоғары бағалады. 

Қатысушылар АҚШ – Орталық Азия TIFA Кеңесінің келесі отырысын 2022 жылы Орталық Азия аймағында өткізу туралы шешім қабылдады.