ҚЫСҚАША ШОЛУ
Үкімет пен конституция президентке бағынады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросына (ДИАҚБ) қарасты бақылаушылар мәліметіне сүйенсек, сайлау күні бюллетеньдерді алдын ала сайлау жәшігіне салу, дауыс санын бұрмалау сияқты бірқатар заң бұзу орын алған 2019 жылдың маусымындағы сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланды. Конституцияға сәйкес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент ретінде бірқатар үкіметтік қызметті өмір бойы, заң жүзінде атқару құқығына ие. Атқарушы билік заң шығарушы билік пен сот билігін, сондай-ақ, өңірлік және жергілікті үкіметті бақылайды. Конституцияға өзгеріс немесе толықтыру енгізу үшін президент келісімі керек. 10 қаңтарда Қазақстанда Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс сайлауы өтті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы мен басқа да тәуелсіз бақылаушылардың пікірінше, сайлауда бәсеке болмады және ол ашық өткен жоқ.
Ішкі істер министрлігі ішкі қауіпсіздікке тікелей жауап беретін полиция жұмысын қадағалайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі және шекара қауіпсіздігіне, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке, терроризмге қарсы іс-әрекеттерге жауап береді және экстремистік топтар, әскери топтар, саяси партиялар, дін және кәсіподақ ұйымдары сияқты заңсыз, тіркелмеген топтарды тексеріп, алдын алумен айналысады. Комитет тікелей Президентке бағынады, оның төрағасы – Тұңғыш президент Назарбаевтың басқаратын Қауіпсіздік кеңесіне мүше. Азаматтық билік қауіпсіздік күштерін бақылайды. Сенімді дереккөздер қауіпсіздік комитеті тарапынан заң бұзу болатынын жеткізіп отыр.
Адам құқығы жөніндегі маңызды мәселелерге үкімет тарапынан немесе оның атынан заңсыз немесе қасақана кісі өлтіру; үкімет тарапынан және оның атынан азаптау; заңсыз қамауға алу, саяси тұтқындар, сот тәуелсіздігіне қатысты күрделі мәселелер; заң бұзған жеке адамдардың отбасы мүшелерін жазалау; журналистерге күш қолдану немесе күш қолданамыз деп қорқыта отырып, пікір білдіру бостандығы мен БАҚ-қа шектеу қою; интернет еркіндігіне шектеу қою; бейбіт жиындар мен бас қосу бостандығына заңсыз араласу; саясатпен араласуға орынсыз шектеу қою, үкімет басындағыларға қатысты жемқорлық мәселесі, жұмысшылардың бас қосу бостандығына шектеу қою сияқты мәселелерді жатқызуға болады.
Үкімет заң бұзған, әсіресе атышулы жемқорлық істеріне қатысы бар ресми тұлғалардың тек кейбірін ғана жазалаған. Соған қарамастан, жемқорлық әлі де кең тараған, сондай-ақ, басшылық қызмет атқаратындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жазадан сытылып кетіп отырған.
1 Бөлім. Жеке адам дербестігін құрметтеу
a. Негізсіз немесе басқа да заңсыз, саяси себептермен адам өлтіру
Үкімет немесе оның агенттерінің негізсіз немесе заңсыз кісі өлтіргені немесе соққыға жығу салдарынан адам өлгені туралы бірнеше дерек бар. Белсенділердің айтуынша, түрмелерде өлімші ғып сабау кең етек жайған, әсіресе түрме қызметкерлерінің бұйрығын орындағаны үшін артықшылықтарға ие болатын ерікті көмекші тұтқындар заңды жиі бұзады.
Наурыздың 15 күні Қызылорда соты 2019 жылы бұрылу сигналын қоспаған 43 жастағы көлік жүргізуші Бауыржан Әжібаевті өлтірген төрт полиция қызметкерін алтыдан тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Әжібаев олармен дауласып, олардың айтқанын орындаудан бас тартқаннан кейін, полиция қызметкерлері оны сабап, электрошокерге соқтырып, қылқындырып өлтірген.
Желтоқсанның 8 күні көлік ұрлады деген күдікпен қамауға алынған 30 жасар Нұрболат Жұмабаев Шымкент түрмесінде қайтыс болады. Жұмабаевтың отбасысының айтуынша, 9 желтоқсанда келген олар жігіттің мәйітінің көгергенің көреді. 9 желтоқсан күні Шымкент әкімі Ішкі істер министрлігі істі тексеріп, сот сараптамасын жасайтынын хабарлаған болатын. Тергеу осы жылдың аяғына дейін жалғасты.
2 маусымда Қарағанды алқабилер соты 2019 жылы Ғали Бақтыбаевты тапсырыспен өлтірді деген күдікпен қамауға алынған төрт айыпталушыны ақтады, оның ішінде бұрынғы полиция қызметкері мен жеке кәсіпкер болды. Бақтыбаев жергілікті үкіметтегі жемқорлық, ақша жымқыру және басқа да заң бұзу мәселелерін көтеріп жүрген азаматтық белсенді болатын.
b. Із-түзсіз жоғалу
Биліктің араласуымен немесе олардың тапсырысымен із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпарат жоқ.
c. Азаптау және адамгершілікке жатпайтын немесе адамның ар-намысын қорлайтын қатыгез әрекеттер немесе жазалар
Заң азаптауға тыйым салатынына қарамастан, адам құқығын қорғаушылар жергілікті ұлттық заңнамада азаптау ұғымына берген анықтама Азаптауға қарсы БҰҰ Конвенциясына сай келмейтінін айтып отыр. Азаптауға қарсы Ұлттық алдын-алу механизмі (ҰАМ) – заңға сәйкес құрылған және мемлекеттің Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институтының бір бөлігі.
Жергілікті «Азаптауға қарсы коалиция» үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) бір жылда жиырмадан астам азаптау жағдайының орын алғанын айтады. Азаптау ісіне қатысы бар түрме қызметкерлері сотқа сирек тартылады, олар көбінде жеңіл жазамен құтылады. Адам құқығын қорғаушылар кінәлілердің тек сирек жағдайда ғана, айталық, азаптау жағдайы көпшілікке белгілі болып, қоғамдық резонанс туғызғанда ғана жауапкершілікке тартылатынын алға тартады. Азаптау полиция камерасында да, сотқа дейін тергеу изоляторында да, түрмеде де орын ала береді. Адам құқығын қорғаушылар билік тұтқындарға істі күшпен мойындату үшін оларды сабап, азаптау мақсатында оларды сотқа дейін тергеу изоляторына қамайтынын айтып отыр. Азаптаудың негізгі себебі ретінде бақылаушылар қызметкерлерге арналған арнайы кәсіби бағдарламаның болмауын көрсетеді.
Алматы Түрксіб ауданы соты 8 маусымда сотқа дейін тергеу изоляторының инспекторын азаптау ісіне қатысы бар деп тауып, алты жылға бас бостандығынан айырды.
Шілдеде Алматы қаласы CI18 тергеу изоляторының тұтқыны Кәрім Бабаев азаптауға қарсылық ретінде өз-өзіне қол салып, ауруханаға жеткізілді. Оны бірнеше түрмеге ауыстырғанымен, ол бәрінде де өзінің азапталғанын мәлімдеді. Бабаев азаптауға бірнеше мәрте қарсы болды және шағым түсірді. Адам құқығын қорғаушылар оның әрекеті үшін үнемі жазаланып келгенін анықтаған.
Тамыз айында Президент 2016 жылы түрме күзетшісі Руслан Хакімов зорлаған Наталья Слекишинаға рақымшылық берді. Слекишинаны зорлағаны үшін Хакімов айыпты деп табылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімет жауапкершілікті арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдағанымен, қауіпсіздік қызметкерлері әлі де тұтқындарды еш қаймықпай азаптауын жалғастырып отыр. Бақылаушылар мұндай азаптау әрекеттері үшін полиция мен қауіпсіздік күштеріне айтарлықтай жаза қолданылмағанын айтады. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты ҰАМ бақылауымен шағымдар мен түрмеде орын алатын азаптау істерін тексеру құқығына ие.
Түрме мен қамау изоляторларының жағдайы
Жалпы түрмелердегі жағдай өте ауыр, кейде тіпті өмірге қауіп төндіреді. Ондағы жабдықтау құралдары халықаралық денсаулық сақтау стандарттарына сай емес. Тұтқындардың денсаулығына қатысты мәселелер шешілмеген, сондай-ақ, түрме жағдайы олардың денсаулығын одан әрі нашарлатып жіберген. Түрмелерде медицина қызметкерлері жетіспейді.
Физикалық жағдай: ҰАМ АИТВ/ЖИТС, туберкулез және қант диабетімен ауыратын және басқа да тұтқындарға көрсетілетін денсаулық және санитариялық жағдайлардың төмендігі мен нашар медициналық қызмет туралы хабарлап отыр. ҰАМ сондай-ақ, осал топтарға жататын мүмкіндігі шектеулі және АИТВ/ЖИТС-ке шалдыққан тұтқындардың кемсітуге ұшырайтынын да атап өтуде.
19 шілдеде Маңғыстау облысындағы 1960 жылы салынған ГM-172/6 казармасының бір бөлігі құлап қалды. Казарма ішінде болғандардың үшеуі өліп, сегізі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Үкімет оқиғаны тергеу үшін комиссия құрды. Бұл оқиғаға дейін түрмені тексеруге барған ҰАМ мүшелері мен адам құқығын қорғаушылар түрме басшыларына казармаға күрделі жөндеу қажет екенін айтқанымен, олардың талабы ескерусіз қалған.
COVID-19 пандемиясына қатысты локдаун кезінде белсенділер түрмелер мен қамау изоляторларындағылардың денсаулығына қатысты дабыл қаққан болатын. COVID-19 пандемиясы түрмелердегі денсаулық және санитария жағдайының нашарлығы инфекцияға бейім тұтқындар жағдайын одан әрмен төмендетіп жіберген.
Тұтқындар құқығын қорғаушылар билік басындағылардың COVID-19 пандемиясы шектеулерін түрмелердегі медициналық қызметке қатысты ақпаратты жасыру мақсатында пайдаланғанын айтады. Ішкі істер министрлігі бұйрығынан кейін, түрме әкімшілері тұтқындар мен олардың туысқандарының жеке кездесуіне тыйым салған. Кездесуге салынған тыйымның өтеуі ретінде кей түрме басшылары тұтқындардың туысқандарына қоңырау шалып, онлайн кездесу өткізуіне рұқсат берген.
Халықаралық түрме реформасының (PRI) хабарлауынша, тергеу изоляторларындағылар мен сотталған ерлер мен әйелдер бөлек қамалғанымен, уақытша қамау изоляторынан тергеу изоляторына, одан түрмеге ауысу кезінде жастар ересектермен бірге қамалды. Іздеу, тергеу және басқа да мекемелерге ауысу кезінде азаптау қаупі өте жоғары.
ҰАМ және қоғамдық бақылау комиссияларының мүшелері (ҚБК, мониторинг жүргізетін квазитәуелсіз органдар) түрмелердегі инфрақұрылым мәселелері, атап айтсақ, нашар сантехника мен канализация жүйелері, антисанитариялық төсек-орын жабдықтары мәселесінің әлі де шешімін таппағанын мәлімдеді. ҚБК мүшелері кейбір мүмкіндігі шектеулі тұтқындардың айлап душ қабылдамайтынын да айтып отыр. Сондай-ақ олар медицина қызметкерлері мен дәрінің жетіспеуі, мүмкіндігі шектеулі тұтқындарды тасымалдау мәселесінің шешілмегенін де атап отыр. ҰАМ көптеген мекемелерде интернетке қосылуға шектеу қойылғанын және олардың сыртқы әлеммен байланысып, тұтқындар құқығы туралы ақпарат алу мүмкіндігінің де аз екенін айтады. Халықаралық түрме реформасы мен ҰАМ түрмелердегі азық-түлік сапасына алаңдаушылық білдіруде. Тұтқындар мен түрмеден босап шыққандар оларға уақыты өтіп кеткен тамақ бергенін айтып шағымданған.
Үкімет тергеу изоляторлары мен түрмелерде өлгендер, өзіне қол жұмсағандар мен өзіне қол жұмсауға тырысқандарға қатысты нақты мәлімет бермеді. PRI мен ҚБК мүшелері өзіне қол жұмсағандар мен өлгендердің көбі түрмедегілер екенін хабарлады.
Әкімшілік: Үкімет әдетте азаптау бойынша келіп түскен шағымдарды дұрыс қарамайды. Адам құқығын қорғаушылардың мәлімдеуінше, биліктегілер тұтқындардың азаптау бойынша келіп түскен шағымдарын тексермеген, қатыгез қарым-қатынас туралы шағымдарға жауап бермеген және түрме әкімшілері мен жұмысшыларын жауапқа тартпаған. Түрме қызметкерлері тұтқындардың байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салғандықтан, олар шағым білдіру мүмкіндігінен айырылған. ҰАМ 2018 жылғы есебінде түрмелерде тұтқындарды бақылап, қосымша қызмет атқаратын тұтқын көмекшілер бар екені туралы айтылады.
Заң түрмелерде бекітілмеген діни қызмет түрлерін, рәсімдерді, кездесулерді және миссионерлік қызметті іске асыруға тыйым салады. Заңға сәйкес “діни рәсімді” қажет ететін тұтқын туысқандары арқылы заңды түрде тіркелген діни ұйымның өкілін шақыртып, түрме қызметіне кедергі келтірмей, басқалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбай діни рәсімдер мен кездесулер өткізе алады. ҚБК хабарлауынша кей түрмелер мұсылман тұтқындардың Рамазан айында ораза ұстауына рұқсат бермеген. ҰАМ мәліметіне сүйенсек, ішкі ережелерге қайшы келмеген жағдайда намаз оқуға болады. Түнде немесе тексеру кезінде намаз оқуға рұқсат жоқ.
Тәуелсіз мониторинг: Түрмелерге тәуелсіз халықаралық бақылаушылар келмеген. Құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіретін ҚБК түрмелерге мониторинг жүргізе алады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейбір түрмелер ҚБК-ң мандаттарын сәтті іске асыруға әкімшілік кедергілер келтірген; бюрократиялық мәселелердің кесірінен ҚБК объектілерге кіру үшін бірнеше сағат күтуге мәжбүр болған немесе оларға мұндай мекемелерге қысқа уақытқа ғана кіруге рұқсат етілген. Кей адвокаттардың айтуынша ешқандай құқықтық артықшылығы жоқ болғандықтан, ҚБК тиімсіз, ал Әділет секторы мекемелері, атап айтсақ, түрмелер реформа жасауға мүдделі емес.
d. Негізсіз қамауға алу немесе тұтқындау
Заң негізсіз қамауға алу мен тұтқындауға тыйым салғанымен, мұндай жағдайлар болып тұрады.
10 қаңтардағы парламент сайлауы кезінде және одан кейін Алматы ЕММЖ-сы сайлауға қарсы шыққан белсенділерді жеті сағат бойы қоршауға алып, қарсылық акциясын өткізуге бекітілген жерден шығармаған. Оларды қоршау кезінде белсенділер телефонындағы интернет желісі өшіріліп, полиция музыканың дауысын барынша шығарса, агрессивті ұйымдасқан топ наразылық білдірушілерді қорқытып, оларды балағаттаған. Адам құқығын қорғаушылар осылай қоршауды адамдарды заңсыз тұтқындап, олардың еркін жүріп-тұру құқығын шектеу деп айыптайды. Кей белсенділер Алматы қаласы Бас прокуратурасына шағым түсіргенімен, прокуратура полиция әрекетінен еш заң бұзу белгісін анықтамаған.
Тамыз айында Алматы қаласының Әуезов ауданы соты бұрынғы полиция подполковнигі Жандос Жанғазинді жұмысына немқұрайлылық танытып, күдіктіні уақытша қамау изоляторында заңсыз ұстағаны үшін бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырады. Сот Жанғазиннің күдіктіні тұтқындауға ордер беру туралы өтінішін қанағаттандырмағанына қарамастан, ол күдіктіні заңсыз қамауын жалғастыра берген. Тергеу изоляторының қызметкері соттың өтінішті қанағаттандырмағанын біліп, қадағалау органдарына хабарлағанға дейін күдікті төрт күн бойы қамауда болған. Осыдан кейін Жанғазинге айып тағылды.
Қамауға алу тәртібі және қамаудағыларға деген көзқарас
Қылмыс жасады деген күдіктіні тергеу үшін алдымен оны полиция бөлімшесіне әкеледі. Заңға сәйкес тергеу жүргізбес бұрын айыпталушыға адвокатпен кездесуге мүмкіндік берілуі қажет. Тұтқынға алу кезінде, тергеуші айыпталушыда қарудың бар-жоғын тексеру немесе дәлелдерді жасыру не жою ықтималдығының алдын алу үшін айыпталушыны тінте алады. Тергеуші оны қамауға алғаннан кейін үш сағаттың ішінде қамауға алу себептерін, қамауға алынған уақыт пен орнын, тінту нәтижелерін және хаттама толтырған уақытты көрсете отырып, күдіктімен бірге өтінішке қол қоюы керек. Сондай-ақ, тергеуші қол қойылған уақыттан бастап 12 сағат ішінде прокуратураға жазбаша түрде есеп беруі керек.
Заңға сәйкес, тұтқындау үшін сот рұқсат беруі керек. Бұл – үш кезеңнен тұратын процедура: (1) тергеуші тұтқынға алу себебін көрсететін барлық дәлелді жинап, іске қатысты барлық материалды прокурорға жібереді; (2) прокурор дәлелдермен жан-жақты танысып, 12 сағаттың ішінде сотқа жібереді; (3) сот процессі айыпталушы, оның адвокаты және прокурордың қатысуымен өтеді. Қамауға алған уақыттан бастап 48 сағаттың ішінде қамау басқармасына қамауға алу туралы сот шешімі түспесе, айыпталушыны дереу қамаудан босатып, сот ісіне жауапты тергеуші мен прокурорға хабарлауы тиіс. Алдын ала қамауға алу мерзімі әртүрлі жағдайларда, айталық, ауыр немесе террористік қылмыстар, қылмыстық топ қылмысы, есірткі саудасы, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар және т.б. кезде 72 сағатқа ұзартылуы мүмкін. Сот қамауға алудың үй қамақ, жүріп-тұруға тыйым салу сияқты басқа да түрлерін қолдана алады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл тәртіп көбіне сақталмайды.
Сот органы қамауға алу немесе алмау мәселесін қарастырады, дегенмен көп жағдайда судьялар прокурорлардың қамауға алу туралы өтінішін қанағаттандырған.
Заң кепілдік негізінде шартты түрде босатуға мүмкіндік бергенімен, кепілдік беру тәртібіне қатысты бірқатар шектеулер бар. Ұзақ мерзімге алдын ала тұтқындау жағдайы өзгеріссіз қалып отыр. Кепілдік артықшылығы қылмысты алғаш жасаған, кәмелетке толмаған немесе жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға беріледі. Кепіл жүйесі айыпталушыны балама жаза ретінде айыппұл төлеуге міндеттейді.
Ауыр қылмыс жасаған, адам өлтірген, қылмыстық топ құрған, террористік немесе экстремистік қылмыс жасаған немесе босағаннан кейін сот ісіне кедергі келтіруі немесе қашып кетуі мүмкін айыпталушылар кепілмен босамайды.
Уақытша қамалған, тұтқындалған немесе қылмыс жасағандары үшін айыпталған адамдар қамалған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокат көмегіне жүгінуге құқылы. Заңға сәйкес, полиция айыпталушыларға олардың құқықтары, соның ішінде адвокат алу құқығы туралы ескертуге міндетті. Адам құқығын қорғаушылар тұтқындардың адвокаттармен кездесу құқығы шектелген, түрме қызметкерлері олардың әңгімелерін жасырын түрде жазып, айыпталушылар мен адвокаттардың кездесуіне заңсыз қатысып отырған деген пікірде.
Адам құқығын қорғаушылар құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұтқындарды адвокатпен кездеспеуге үгіттеп, адвокат келгенге дейін айыпталушыға алдын ала сұрақтар қойып дәлелдер жинағанын және дәлел жинау үшін кей жағдайда қорғаушыны пайдаланғанын айтып отыр.
Заңға сәйкес айыпталушы әлеуметтік жағдайы төмен болса, кәмелет жасқа толмаса, дене не ақыл-ес кемістігі болса, не ауыр қылмысы үшін жауапкершілікке тартылса билік оған қорғаушы тауып беруі тиіс. Алайда көп жағдайда қорғаушылардың айыпталушыға көмек көрсетуге қажетті тәжірибесі жете бермейді. Айыпталушыға тағылған айып мемлекеттік құпиямен байланысты болса, оған қорғаушыны өз еркімен таңдауға рұқсат берілмейді. Заңға сәйкес осындай іспен айналысуға арнайы рұқсаты бар қорғаушылар ғана іске жіберіледі.
Заңсыз тұтқындау: Үкімет рұқсатсыз жиналу сияқты кішігірім құқық бұзуға барған саяси оппоненттер мен наразы топтарға айып салады немесе 10 күнге әкімшілік қамауға алады. Бір жыл ішінде билік үкіметке қарсы рұқсат етілмеген жиынға қатысқандар мен сол маңда кетіп бара жатқан жаяу адамдарды ұстаған.
Тергеуге дейін қамауға алу: Заң ұсталған адамды айып тағылғанға дейін 48 сағатқа дейін қамауға рұқсат береді.
Айып тағылғаннан кейін қамауға алынғандар сотқа дейінгі тергеу изоляторында екі аптаға дейін қамалады. Тағылған айыптың күрделігіне қарай, тергеу жүріп жатқан кезде биліктегілер қамау мерзімін 18 айға дейін соза алады. Сотқа дейінгі тергеу изоляторындағы уақыт тағылған айыпқа сай кесілетін уақыттан көп болмауы керек. Тергеу аяқталғаннан кейін тергеуші ресми айыптау қорытындысын жазады. Сотталушы іс материалдарымен танысқаннан кейін, оны прокурорға жібереді. Прокурор бес күн ішінде материалмен танысып, сосын сотқа жібереді.
Заңға сәйкес тұтқындар тез арада отбасы мүшелерімен кездесуге құқылы. Алайда, биліктегілер оларды үйлері мен туысқандарынан алыс мекемелерге жіберетіндіктен, олардың туысқандары онда барып, сотталушымен кездесе алмайды.
e. Әділ, ашық сот ісіне жол бермеу
Заңда тәуелсіз сот органы мәселесі қарастырылмаған. Атқарушы билік сот тәуелсіздігін айтарлықтай шектеп тастаған. Фридом Хаус үкіметтік емес ұйымының Nations in Transit 2020 есебіне сүйенсек, елдің сот жүйесі атқарушы билікке әлі де қатты тәуелді; соттар саяси ықпалдан шыға алмайды, сыбайлас жемқорлық бүкіл сот жүйесінде кең тараған үлкен мәселе болып қалып отыр. Прокурорлар квазисот рөлін қанағат тұтып, сот шешімдерін ғана тоқтату құзырына ие.
Фридом Хаус мәліметтеріне сүйенсек, сот процессінің әр кезеңінен жемқорлық көрінісін байқауға болады. Судьялар өте көп айлық алатын үкіметтік қызметкерлер қатарында болғанына қарамастан, заңгерлер мен құқық қорғаушылардың айтуынша, судьялар, прокурорлар және басқа да ресми тұлғалар қылмыстық және азаматтық мәселелерді оң шешіп беру үшін пара сұрайды.
20 наурызда сот жүйесі туралы заңға түзету енгізілді. Ол бойынша, Жоғарғы Сотқа Президент ұсынған үміткерлер сот тәжірибесі, іс-тәжірибеден өтуге міндеттілігі, тест тапсыру, Жоғарғы Соттың мақұлдауы сияқты бірқатар талаптардан босатылды.
9 сәуірде Жоғарғы сот судьясы Шымкент қаласында өзінің әріптесі судья Лиза Тұрғамбаевадан пара алып жатқан жерінде ұсталды. Параның көмегімен ол Тұрғамбаеваның басқа сотта жоғары лауазым иеленуіне көмектесуі керек еді. Тергеу жыл аяқталғанға дейін жалғасты. Президент бұл қылмысты «шектен шығу» деп сипаттап, істі «судьялар корпусын толық тазалау дей келе, судьялардың халық алдындағы беделін сақтап қалу үшін жұмыс жалғаса беруі керек» деп мәлімдеді.
Әскери соттар әскери қызметкерлерге қатысы болуы мүмкін азаматтық іске тартылған тұлғаларды жауапқа тарту юрисдикциясына ие. Әскери соттар азаматтық сот қолданатын қылмыстық заңды пайдаланады.
Сот ісін жүргізу тәртібі
Заңға сәйкес адамдардың әділ сот құқығына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Айыпталушылардың бәрі кінәсіздік презумпциясын пайдаланып, өзіне тағылған айыптан заң бойынша қорғану мүмкіндігіне ие. Сот ісі мемлекеттік құпиялар, жеке адам өмірі немесе азаматтың отбасы жағдайын қорғаған кезден басқа кезде жабық өтеді.
Қазылар алқасында 10 алқаби мен бір судья болады. Бұл құрам адам сату, кәмелетке толмағандарды қылмыстық істерге тарту сияқты ауыр қылмыстарға өлім жазасын кесу немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру юрисдикциясына ие. Белсенділер соттың алқабилер, сарапшылар мен куәгерлерге көрсеткен қысымынан, алқабилердің тағылған айыпқа әділ баға бермейтінін сынға алған.
Бақылаушылар алқабилерді іріктеу процессі жүйелі түрде өтпейді деген пікірде. Сот алқабилерге қысым көрсетеді және бұйрықтарын орындамаған жағдайда алқабилер құрамын оңай тарата салады. Заңда мұндай әрекеттері үшін соттарды жауапқа тарту механизмі қарастырылмаған.
Қылмыстық іске қатысы бар айыпталушылардың адвокат алу, қажет болса мемлекеттік қорғаушы талап ету құқығы бар. Заң бойынша сотталушы кәмелетке толмаса, ақыл-ес не дене кемістігі болса, сот ісі жүргізіліп жатқан тілде сөйлемесе немесе 10 және одан да көп жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса, оның мүддесін адвокат қорғайды. Сондай-ақ, заң бойынша айыпталушылар сот процессіне қатысу, сотта сөз алу, қажет болған жағдайда аудармашы шақыру, қарсы куәгерлермен беттесу және сотқа басқа куәгерлерді шақыру құқығына ие. Айыпталушылар жоғарғы сотқа шағымдануға құқылы. Бақылаушылардың пікірінше, сот процессі кезінде прокурорлар рөлі басымырақ болуына байланысты адвокаттар айтарлықтай рөл атқармайды. Адам құқықтарына қатысты істер бойынша жұмыс істеген адвокаттар билік тарапынан қудаланғанын айтты. Сондай-ақ адвокаттар кейде өздеріне сотталушылармен бірге сотқа дайындалуға жеткілікті уақыт пен мүмкіндік берілмейтініне шағымданды.
Ұлттық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот жүйесінде көптеген, айталық, сот процестеріне қатысып, ресми дәлелдерге қол жеткізу қиындығы, процедураның жиі бұзылуы, адвокаттар өтініштерін негізсіз қанағаттандырмау, билік өкілдері қылмысты азаптау не мәжбүрлеу арқылы мойындатуға тырысатыны туралы айыптауларды судьялардың тергеуге қабілетсіздігі сияқты проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр.
COVID-19 пандемиясына байланысты карантин шектеулері кезінде соттар қашықтан жұмыс істеді. Судьялардың осы уақыт ішінде әдеттегіден де көп қатеге жол беріп, негізсіз шешімдер қабылдағанына және сот тәртібі мен мерзімдерді сақтамағанына адвокаттар шағымданған.
Тиісті процесстің, әсіресе азаматтық наразылықтарға қатысты тиісті сот процессінің болмауы әлі де өзекті болып қала беруде.
Адам құқығын қорғаушылар мен халықаралық бақылаушылар айыпталушыға қарсы қылмыстық іс қозғау барысында жанама дәлелдердің көптігінен оған кінәсін мойындатқан жағдайлардың болғанын да баса айтты. Органдар айыпталушыларға кінәсін күштеп, қысым көрсетіп мойындатқандығы туралы өтініш-хаттарды соттар назардан тыс қалдырған.
1 шілдеден бастап Әкімшілік сот ісі кодексі күшіне еніп, барлық 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент облыстары) арнайы әкімшілік соттар ашылды. Кодекске сай бұл соттар мемлекеттік билік органдары немесе лауазымды тұлғаларға қатысты азаматтардан келіп түскен шағымдарды қарайды.
Саяси тұтқындар мен қамауға алынғандар
«Тірек» азаматтық қоғам альянсы саяси себептермен ұсталған немесе түрмеге түскен деп есептейтін шамамен 12-22 адамның тізімін жасады. Үкімет «Тірек» тізіміндегі халықаралық деңгейде мойындалған бес саяси тұтқынды шартты түрде уақытынан бұрын босатты. Олардың бірі – ақын және диссидент Арон Атабек айықпас ауыруға шалдыққанына байланысты сот оған қатысты үкімді жеңілдеткеннен кейін босап шыққан. Атабек қарашаның 24 күні қайтыс болды. Тірек тізіміне енген, бірақ әлі де тұтқында отырғандар арасында «Қазақстан демократиялық таңдауы» Қазақстанда тыйым салынған саяси партиясы мен оның ізін жалғастырушы деп саналатын «Көше партиясы» мүшелері де бар. Үкімет бұл екі партияны да экстремистік деп тауып, тыйым салған. Бұл екі партияны да қашқын банкир, оппозиция жетекшісі Мұхтар Әблязов басқарады немесе онымен тығыз байланысты. Кәсіподақ ұйымының жетекшісі, сотталушы Лариса Харкованың еркін жүріп-тұруына шектеу қойылған, ол биліктің рұқсатынсыз тұратын қаласынан кете алмайды.
11 қазанда Алматы соты Көше партиясының 13 мүшесін экстремистік немесе террористік әрекет ұйымдастырып, оның ісіне белсене араласқаны үшін айыпты деп тапты. Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Ноян Рахымжановтар бес жылға бас бостандығынан айырылды. Диана Баймағамбетова мен Дәметкен Аспандиярованың екі жылға бостандығы шектелді (шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың бір түрі). Қалғандарының бір жылға бостандығы шектелді. Адам құқығын қорғаушылар сот үкімін әділ емес деп сынады. Судьялар журналистер мен бақылаушылардың Zoom платформасында өткен онлайн сот ісіне қатысу мүмкіндігін шектеген. Адам құқығын қорғаушылар мұндай шектеуді халықтың сот ісіне реакциясын азайтуға талпынысы деген пікірде.
Адам құқығын қорғау ұйымдары ҰАМ аясында тұтқындармен кездесе алады.
Елден жырақта жүрген тұлғаларға қатысты саяси қуғын-сүргіндер
Адам құқығын қорғаушылардың пікірінше, биліктегілер АҚШ-та тұратын оппозицияны ашық қолдайтын белсенді Барлық Меңдіғазиевтің саяси іс-әрекетін тоқтату мақсатында оның отбасы мүшелері мен бұрынғы әріптестерін қудалаған.
5 маусымда биліктегілер Барлық Меңдіғазиевтің інісі Бекіжан Меңдіғазиевке қылмыстық топ құрып, ақшаны заңсыз жолмен шетелге асырды деген айып таға отырып, оны тергеуге дейінгі изоляторға қамайды. 26 шілдеде Барлық Меңдіғазиевтің бұрынғы бизнесі – KSS мұнай сервис компаниясының үш жетекшісін ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, салықтан жалтарды деген айыппен бес жарымнан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырады. Саяси себептермен қылмыстық іс қозғалғандар арасында мал ұрлады деген айып тағылған Халық және Эрик Меңдіғазиевтар мен Рәсім Әлмұханов, есірткі сақтады деп айыпталған Абай Меңдіғазиев, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар делінген Арман Меңдіғазиевтер де бар.
Азаматтық сот ісін жүргізу процессі мен құқық қорғау қызметі
Жеке тұлғалар мен ұйымдар адам құқықтары бұзылған жағдайда отандық соттар арқылы азаматтық қорғау қызметіне жүгіне алады. Экономикалық және әкімшілік соттар азаматтық істерді көбіне қылмыстық істер жөніндегі сот құрылымына ұқсас сот арқылы қарайды. Заң мен Конституцияға сәйкес азаматтық даулар сот арқылы шешілуі қажет болғанымен, бақылаушылар азаматтық соттарды жемқор және сенімсіз деп есептейді. COVID-19 пандемиясына қатысты карантин шектеулері кезінде бұл соттар қашықтан жұмыс істеді. Осы кезде олардың процедуралар мен мерзімдерді ескермегеніне қатысты шағымдар көп түскен.
f. Жеке өміріне, отбасына, үйіне заңсыз араласу немесе корреспонденциясын заңсыз тексеру
Конституция мен заң жеке өмірге заңсыз араласуға тыйым салады, алайда билік кейде бұл құқықтарды бұзған.
Халықаралық деңгейде қабылданған нормаларға қайшы келе отырып, заң прокурорларға азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу құқығын берген. Орта немесе ауыр, сондай-ақ жедел атқарылуы қажет қылмыстық істер кезінде заң телефон әңгімелерін тыңдауға рұқсат береді. Бас прокуратураның келісімімен ҚР ҰҚК, Ішкі істер министрлігі және басқа да агенттіктер жеке қарым-қатынасты, қаржы туралы ақпараттарды заңсыз тексеріп, үйге заңсыз басып кіре алады. Адам құқығын қорғаушылардың көрсетуінше, ҰҚК қызметкерлері адамдарды рұқсатсыз бақылап, телефон әңгімелерін тыңдаған, жеке кездесулерді таспаға жазып, әлеуметтік желілер арқылы таратқан, сондай-ақ белсенділердің отбасыларына келіп, күдіктінің іс-әрекеті туралы «бейресми» әңгімелер өткізген.
Соттар прокурордың телефон әңгімелерін тыңдап, бақылау туралы шешімдеріне қатысты апелляцияны қарастырғанымен, заң бұзуды тоқтатуға тез арада тыйым сала алмайды.
Адам құқығын қорғаушылар, белсенділер және олардың отбасы мүшелері биліктің халықаралық нормаларға қайшы келе отырып, кейде олардың жүріп-тұруын бақылағанын хабарлап отырды.
Шілде айында халықаралық және жергілікті БАҚ Израильдің NSO киберқауіпсіздік жөніндегі фирмасының Pegasus бағдарламалық жасақтамасы көмегімен 2016 жылдан бері бақылауда болған үкіметтік шенеуніктердің, белсенділер және кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Бұл бағдарлама тек әскерилерге, құқық қорғау органдарына және арнайы қызметке сатылады. . Тізімде болған екі журналист пен басқа да халықаралық құқық қорғаушылар мұндай бақылауды адам құқығын бұзу деп есептейді. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев бұл жаңалықты «еш дәлелсіз қызық ақпарат» деп атаған.
Ақпан айында Оралда тұратын белсенді Лұқпан Ахмедияров өзінің Атырауға барып, түрмеден босап шыққан саяси тұтқын Макс Боқаевпен кездесе алмауы үшін, арнайы бағдарлама жасақтамасының көмегімен оның жүріп-тұруын бақылап, заңсыз қамағанына шағымданады. Ахмедияровтың айтуынша, полиция белсендінің жүріп-тұруын бақылап, оның ұялы телефонына келіп түскен хабарламалар мен әңгімелерін тыңдау үшін арнайы бағдарлама жасақтамасын қолданған.
2 Бөлім. Азаматтық еркіндікті құрметтеу
a. Сөз және баспасөз бостандығы
Конституцияда сөз бостандығы мен баспасөз бостандығы негізгі құқық ретінде қарастырылғанымен, үкімет түрлі тәсілдердің көмегімен, атап айтсақ, қудалау, тұтқындау, қылмыстық-әкімшілік айыптар, заң арқылы шектеу, лицензиялау ережелері және интернетті шектеу сияқты тәсілдердің көмегімен пікір білдіру еркіндігін шектеп, бұқаралық ақпарат құралдарына ықпал етеді.
Сөз бостандығы: Үкімет жеке адамдардың ел басшыларын сынауына тыйым салса, өңірлік бастықтар БАҚ-тың олардың іс-әрекетін сынауын шектеуге тырысады. Заңға сәйкес, бірінші президентке, қазіргі президентке және олардың отбасыларына тіл тигізуге болмайды, заң бұзғандарға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрлері қарастырылған. «Қасақана жалған ақпарат таратқандарға» заң ірі көлемде айыппұл төлетіп, тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Сөз бостандығы мен БАҚ жағдайын бақылаумен айналысатын «Әділ сөз» қоғамдық қоры мен Журналистерді қорғау комитеті полиция мен билік журналистердің 10 қаңтардағы парламент сайлауы туралы хабар таратуына кедергі келтіргенін айтып отыр. Олардың айтуынша, сайлау комиссиясы қызметкерлері журналистерді сайлау учаскелеріне кіргізбей, оларды бұл жерден қуып, ұялы телефондарын тартып алған.
28 мамырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village тәуелсіз интернет басылымынан Алматыдағы Тұңғыш резидент Назарбаевтың муралындағы Назарбаевтың маңдайына «жою» деп жазып кеткені туралы жаңалықты өшіріп тастауын талап етеді. Министрліктің айтуынша, мақала Назарбаевтың беделіне нұқсан келтіреді, ал бұл – қылмыстық іс. The Village өздеріне тағылған айыппен келіспегенімен, вебсайттағы муралдың суретін өшіріп тастады.
15 маусымда Алматы қаласы Әуезов ауданы соты Алматы қаласының бұрынғы әкімі, “Нұр-Отан” партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қарсы шағымын қанағаттандырды. Шағымда Байбек Алматы қаласы әкімі болып тұрған кезде орын алған жемқорлық әрекеттері туралы Мамайдың интернетке салған бейнероликтері Байбектің ар-намысына, қадір-қасиетіне және кәсіби беделіне нұқсан келтіреді делінген. Сот Мамай мен Иманбайдан өздерінің Байбекке таққан айыбын жария түрде жоққа шығарып, Байбектің жемқорлық әрекетіне қатысты бейнероликті өшіруін және сот ісіне шақырылған сарапшылардың шығыны мен қызметін төлеуін талап еткен.
Қазан айында белгісіз біреулер Hola News тәуелсіз интернет басылымы вебсайтын журнал басшылығы бірінші резидент Назарбаев туралы сыни мақаланы өшіріп тастағанға дейін жауып тастаған. Өшірілген мақала Pandora Papers-те жарық көрген бірінші президенттің отбасы мүшелері мен жақындарының жемқорлығы мен оффшордағы іскерлік байланыстары туралы мақала жайлы еді. Осыдан кейін Hola News иелері мен бас редакторы БАҚ цензурасына қарсылық білдіру мақсатында журналды сатып, одан кетеді. Ресми тұлғалар сайтты жапқанын жоққа шығарды.
Баспасөз және БАҚ, оның ішінде онлайн БАҚ еркіндігі: Тәуелсіз БАҚ-тарға қатаң шектеу қойылған. Көптеген жекеменшік газеттер мен телеарналар мемлекеттен субсидия алып тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялылықтың жоқтығы және ақпарат құралдарының көпшілігінің үкімет келісімшартына тәуелділігі ақпаратты жариялауға айтарлықтай кедергі келтіреді.
Бірінші президент отбасына немесе олардың серіктестеріне тиесілі компаниялар иеленетін БАҚ-ты үкімет бақыламайды. БАҚ бақылаушыларының пікірінше, билік жалпыұлттық телеарналардың көпшілігін толығымен немесе жартылай иеленеді. Өңірлік билік басқаруындағы бірнеше жиілілік станцияларын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тәуелсіз хабар таратушыларға тендер жүйесі арқылы таратады.
Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тіркелуі тиіс, бірақ веб-сайттар бұл талаптан босатылды. Заң жергілікті хабар тарату станциялары арқылы берілетін шетелдік бағдарламалардың апта сайынғы эфир уақытын 50 пайызға шектеді. Ресурстардың жоқтығына байланысты, бұл ереже шағын, нашар дамыған аймақтық телеарналарға бағдарламалар жасауда қиындық туғызады, дегенмен үкімет бірде-бір бұқаралық ақпарат құралдарына мұндай тыйым салмаған. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл талапты орындауға міндетті емес.
Зорлық-зомбылық және қудалау: Тәуелсіз журналистер, оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін немесе сыбайлас жемқорлық, шерулер мен наразылықтарға байланысты оқиғаларды баяндайтын тілшілер үкіметтік шенеуніктер мен жеке тұлғалардың қорқытқанын және іздеріне түскенін хабарлады.
2 наурызда Шымкент полициясы «Тұлпар» базарында болған өртті түсіруге келген «Астана ТВ» корреспонденті Бахрамбек Тәлібжанов пен «31 канал» корреспонденті Бахром Абдуллаевқа шабуылдаған. 5 сәуірде осы жағдайға байланысты журналистер мен оларды жақтаушылар Шымкент полиция бөлімшесінің алдында қарсылық акциясын өткізіп, олардан журналистерге қысым көрсетіп, күш қолдануын тоқтатуды талап етті. Полиция бастығы офицерлердің заңсыз әрекеттері үшін кешірім сұрап, оларды жауапкершілікке тартатынына уәде берді.
Қыркүйек айында Тараз полициясы 26 тамызда Таразға жақын маңда орналасқан әскери бөлімшеде болған жарылыс кезінде 14 әскери қызметкердің қайтыс болғаны туралы хабар таратқан екі журналист пен бір блогерге қарсы жалған ақпарат таратты деген айып таға отырып, тергеу жұмыстарын бастайды. Журналистердің бірі интернетте таратқан видеодан жарылыс ауқымы мен жарылыс болған жерден он төрт шақырым жердегі Сарыкемерде табылған оқ-дәрілерді байқауға болады. Соңында полиция тергеуді тоқтатып, журналистерге еш айып тақпады.
Цензура немесе мазмұнға шек қою: Үкімет тарапынан болатын қысымға жол бермеу үшін, журналистер мен БАҚ құралдары өздік цензураны қолданады.
Заңға сәйкес, билік түрлі түзетулердің көмегімен мемлекеттік қауіпсіздікке, қорғаушы топқа зиян келтіретін, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық не діни келіспеушілікке әкеліп соғатын бұқаралық ақпарат құралдарының мазмұнына шек қоя алады. Ақпарат мазмұны ресми дереккөзден алынбаған жағдайда меншік иелері, редакторлар, таратушылар және журналистер контент үшін азаматтық қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Заңда «адам өліміне әкелетін, оның денсаулығы мен мүлкіне зиян келтіретін немесе халықтың өмір сүру жағдайына кері әсер тигізуі мүмкін немесе тигізген қоғамдық қатынастар қайшылығы мен жанжал салдарынан туындаған белгілі бір аумақтағы төтенше жағдай» ретінде айқындалатын «төтенше әлеуметтік жағдайлар» кезінде қосымша шаралар мен шектеулер көзделген. Мұндай кезде Үкімет бұқаралық ақпарат құралдарына шектеу қоя алады, сондай-ақ, олардан белгілі бір баспа, аудио және бейне ақпаратты басудан немесе таратудан 24 сағат бұрын оны билікте бекітуін талап етеді.
Қауіпсіздік күштері әрекеттеріне кедергі келтірген жағдайда саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің жұмысы тоқтатыла тұруы немесе жабылуы мүмкін. Сондай-ақ, ережелерге сәйкес, үкімет көшіру жабдықтарын, ақпарат тарату жабдықтарын, аудио және бейне жазу құрылғыларын шектеуге немесе тыйым салуға және дыбыс күшейткіш жабдықты уақытша тәркілеуге құқылы.
Заң бойынша интернет ресурстары, оның ішінде әлеуметтік медиа бұқаралық ақпарат құралдары нысаны деп есептеледі және бәріне ортақ ережелер мен тәртіпке сай реттеледі. Билік органдары кейде онлайн жазбалары үшін блогерлер мен әлеуметтік медиа пайдаланушыларға заңды бұзған деген айып тағады.
Жазбаша/Ауызша жала жабу туралы заңдар: 2020 жылы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес жазбаша немесе ауызша жала жабу қылмыстық іс ретінде қарастырылмайды. Құқық қорғаушылар мен бақылаушылар бұл түзетуді құптағанымен, заң жала үшін ауыр жаза қолдануды жалғастыруда деп алаңдайды. Заңда лауазымды тұлғаларға, атап айтсақ, Тұңғыш Президент Назарбаевқа тіл тигізген жеке тұлғаларға қарсы қолданылатын бірнеше бап әлі де сақталып қалған. БАҚ белсенділері жалған ақпарат таратқаны үшін қолданылатын шара туралы заң нормасының шектен тыс қолданылатына алаңдаушылық білдіруде. Олар бұл заң нормалары журналистер мен азаматтық қоғам белсенділеріне қысым көрсету немесе әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде олардың үнін шығармау үшін қолданылып отыр деген пікірде.
Заңда бұқаралық ақпарат құралдары немесе «ақпараттық-коммуникациялық желілер» арқылы жала жапқаны үшін ірі көлемді айыппұл салу мен түрмеге отырғызу сияқты жаза түрлері қарастырылған. Журналистер мен құқық қорғаушылар бұл ережелер үкіметтің журналистік зерттеулерді шектеу мүмкіндігін арттыра түседі деп алаңдауда.
Ақпан айында Маңғыстау облысының үш блогері Шолпан Үтекееваға, Ұлбосын Тұрдиеваға және Айгүл Ақбердіге жергілікті полиция бастығы полковник Бөкен Жұмағалиге жала жапты деген айып тағылады. Жала жабу ісі блогерлердің әлеуметтік желілерде Жұмағали Бейнеу ауылының азаматтық белсендісі Мерей Корбаковты заңсыз қудалады деген репостысы негізінде қозғалған. Екі блогер 20 күнге әкімшілік қамауға алынса, екеуіне шағын айыппұл салынған (Сөз бостандығы туралы 2.a. бөлімді қараңыз).
Ұлттық қауіпсіздік: Заң бойынша, бірінші президенттің денсаулығы, қаржы жағдайы немесе жеке өмірі, сондай-ақ, пайдалы қазбалар қоры, үкіметтің шетелдік кредиторларға борышы туралы экономикалық мәліметтерді таратқан жағдайда жауапкершілікке тарту көзделген. Осыған ұқсас мәселелерді болдырмау үшін бұқаралық ақпарат құралдары бірінші президентке, президентке және оның отбасына қатысты ақпаратқа өздері цензура қояды.
Үкімет президентті, бірінші президентті және олардың отбасыларын сынаған БАҚ-н қорқытып, қудалаған. Мұндай әрекеттерге құқық қорғау органдарының әрекеттері мен азаматтық талап-арыздарды жатқызуға болады. Аталған әрекеттер БАҚ құралдарын біраз тоқтатқанымен, үкімет саясатын сынау әлі де бар. Жергілікті биліктің БАҚ-на қысым көрсетуі әлі де жалғасуда.
Заң «ақпаратты әдейі бұрмалау мен жалған ақпарат тарату арқылы әлеуметтік және жеке адам санасына әсер ете отырып, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруге» тыйым салады. Заңгерлер пікірінше, «жалған ақпарат» терминінің ауқымы тым кең. Заң байланыс желілері иелері мен қызмет көрсету саласынан теракт немесе жаппай тәртіпсіздікті басу кезінде билік өкіміне бағынуын талап етеді. Заң «экстремизм» мен «іріткі салуды» мадақтайтын немесе насихаттайтын кез келген мақалаға тыйым салады. Халықаралық құқық сарапшыларының айтуынша, бұл терминдердің анықтамасы нақты емес.
Интернет еркіндігі
Онлайн контент биліктің толық бақылауында. Бақылаушылар биліктің оппозициялық веб-сайттарды бұғаттағанын немесе оған қосылуды баяулатқанын айтып отыр. Бақылаушылардың көбі интернет-чаттағы үкіметтің жұмысына қатысты жазбаларға билік оң пікір жазады деген ойда. Билік мемлекеттегі интернет провайдерлерді, оның ішінде мемлекет меншігіне қарайтын «Қазақтелеком» компаниясын қадағалайды. Дегенмен, веб-сайттарда әр түрлі пікірлер, соның ішінде билікке сыни көзқарастарын білдірген пікірлер көп.
БАҚ туралы заң веб-сайттарда азаматтардың анонимді пікір қалдыруына тыйым салады. Веб-сайттар онлайн пікір білдірушілердің бәрін тіркеуге және қажет болған жағдайда қолдағы тіркеу ақпаратын құқық қорғау органдарына беруге міндетті. Нәтижесінде, онлайн бұқаралық ақпарат құралдарының көбі қоғамдық талқы платформаларын жауып тастаған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «.kz» интернет домендерінің тіркелуін бақылайды. Билік органдары елден тыс қызмет жасайтын серверлердің тіркелуін тоқтата немесе күшін жоя алады. Бақылаушылар тіркеу процессін тым қатаң және теріс мақсатта пайдалануға оңай деп сынайды.
Билік интернет қызметі туралы ережелер енгізген. Ол бойынша барлық интернет-кафелерде бақылау камералары болуы тиіс. Интернет қолданушылар жеке куәлігін міндетті түрде көрсетсе, интернет-кафелер клиенттер ашқан веб-сайттарды журналға тіркеуі керек. Ал, құқық қорғау органдарының өкілдері интернет қолданушылардың аты-жөні мен кірген сайттары туралы ақпаратты ала алады.
Бірнеше жағдайда үкімет веб-сайттарды бұғаттағанын жоққа шығарды. Блогерлер мен тәуелсіз жаңалықтар сайттарының баспашылары өз сайттарының кейде бұғатталып отырғанын хабарлады.
Министрлер кабинеті сот шешімінсіз интернетті және басқа да байланыс құралдарын қолдануды шектеуге құқылы. Заңға және Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, төтенше жағдайлар кезінде немесе төтенше жағдайлар болу қаупі туса Бас прокуратура, ҰҚК, Қорғаныс, Ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктері байланыс желілері мен байланыс құралдарының жұмысын тоқтата тұруға уәкілетті.
Бақылаушылар елімізге интернеті «еркін емес», мобильді интернет байланысын өшіре беретін, әлеуметтік желіге кіруді шектейтін ел деген баға беруін жалғастыруда. Наразылық акциялары кезінде тікелей эфирге шығу, жаңалықтарды тікелей оқиға орнынан бөлісу мүмкіндігін шектеу үшін интернетті жиі бұғаттайды. Сондай-ақ, билік кейбір тәуелсіз сайттарға да тыйым салды.
Ақпан айында Адам құқығын қорғаушылар қауіпсіздігі және оларды қорғау ҮЕҰ Коалициясы сайттары бұғатталған. Іске қатысты ақпарат соттың ресми сайтында жария түрде берілгеніне қарамастан, билік ҮЕҰ-дан сот шешімі туралы ақпаратты өз сайтынан алып тастауын талап еткен. Лауазымды тұлғалар ҮЕҰ-ның жалған ақпарат тарату бойынша жауапқа тартылуы мүмкін екенін алға тартты.
Шілдеде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметкерлері өздері айтқандай сайтта бірқатар заңнамалардың бұзылғанын, атап айтсақ, онлайн-казиноны жарнамалап, өмірде бар адамдардың аты-жөнін қолдана отырып, жалған аккаунт ашу мәселелерін анықтағаннан кейін LinkedIn әлеуметтік желісінің веб-сайтын үш күнге жауып тастаған. Министрлік заң бұзуды жойып, заңсыз контентті өшіріп тастауын талап ете отырып, LinkedIn-ге талап-хат жолдайды. Министрлік пен LinkedIn арасында болған бірқатар келіссөздерден кейін, LinkedIn үкімет құптамаған контенттің кемінде жартысын өшірді.
Академиялық еркіндік және мәдени іс-шаралар
Үкімет академиялық еркіндікке тұтастай шектеу қоймағанымен, тұңғыш президент, президент, олардың отбасыларының абыройы мен ар-намысына кір келтіруге тыйым салу сияқты жалпыға бірдей шектеулер ғылыми қызметкерлерге де қатысты. Көптеген ғалымдар өз-өзіне тыйым салу тәжірибесін қолданады.
b. Бейбіт жиын өткізу және бас қосу бостандығы
Заңда бейбіт жиын өткізу бостандығына қатысты шектеу болғанымен, бұл құқықтың айтарлықтай бұзылған кездері бар.
Бейбіт жиын өткізу бостандығы
Қарсыластар бейбіт жиын өткізу туралы заңды бас қосуға шек қоятын және халықаралық стандарттарға сай келмейтін заң ретінде сынға алады. Қатаң шектеулер әлі де бар. Ұйымдастырушылар жергілікті билік органдарына алдын ала өтініш жазып, жауап күтуі керек. Заңға сәйкес, жалғыз кісілік пикеттен басқа жиындардың барлығын билік бекітіп берген орындарда өткізу керек. Кенет жиын өткізуге тыйым салынады, сондай-ақ, азаматтығы жоқ тұлғалар бейбіт жиын өткізе алмайды.
8 ақпанда азғана топ Қытайдағы отбасылары туралы ақпарат беруді талап етіп, Алматыдағы Қытай Халық Республикасы (ХҚР) консулдығының алдында күнде наразылық шеруін өткізді. Шеруге қатысушылардың бірнешеуі бірнеше рет тұтқындалып, оларға айыппұл салынды. Қыркүйек айында наразы топ шеруді уақытша Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚХР елшілігі сыртында өткізді. 23 қыркүйекте билік рұқсатсыз наразылық шеруін өткізгені үшін 10 адамды тұтқындап, айыппұл салды. 1 қазанда билік осы топты Нұр-Сұлтандағы жалдамалы пәтерлерінен шығып келе жатқан жерінде ұстап, айыппұл салды. Жыл соңына дейін Алматыда күн сайын наразылық акциялары өткізілсе, полиция оларды ұстап, айыппұл салған.
Бас қосу бостандығы
Заңда бас қосу бостандығына қатысты шектеу болғанымен, бұл құқықтың айтарлықтай бұзылған кездері бар. Азаматтар қоғамдық ұйымдар, айталық, діни топтар құрған жағдайда оларды Әділет министрлігінде, сондай-ақ іс-шараның өту орнына байланысты әр өңірдің жергілікті Әділет басқармаларында тіркеуі керек. Заң қоғамдық немесе діни ұйымдардан олар айналысатын іс-шараларды ашық көрсетуін талап етеді. Бұл талапты ескермеген ұйымға ескерту жасалады, айыппұл төлетеді, қызметі уақытша тоқтатылады немесе тыйым салынады. Тіркелмеген қоғамдық ұйымдарға мүше болғандар айыппұл салу, бас бостандығынан айыру, ұйымды жабу немесе іс-шараларды тоқтату сияқты әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылады.
8 сәуірде Парламент адвокаттардың құқықтық көмегі және кәсіби іс-әрекеті туралы заңға түзетулер енгізді. Тәуелсіз заңгерлер аталған түзетулер олардың құқықтарын аяққа таптап, кәсіби іс-әрекетіне қосымша шектеу қояды деп сынға алды. Қоғам ашуын туғызып, наразылық артқаннан кейін Президент түзетулердің Конституцияға қаншалықты сай келетінін тексеру үшін заңды Конституциялық кеңеске жолдады. 6 маусымда Конституциялық кеңес азғантай ғана өзгеріс енгізуін ұсына отырып, түзету Конституцияға сай деген шешім шығарады. 10 маусымда президент Тоқаев заңға енгізілген түзетулерге қол қойды.
ҮЕҰ-дар қоғамдық ұйымдарды тіркеуде бірқатар қиындықтар бар екенін айтып отыр. Үкіметтің мәліметіне сәйкес, бұл қиындықтар ұсынылған құжаттардағы сәйкессіздіктермен тікелей байланысты (5-бөлімді қараңыз).
Билік Тоғжан Қожалы басқаратын «Халыққа адал қызмет» саяси партиясын тіркеуден әлі де бас тартып келеді. Өздерінің бұл әрекетін биліктегілер әкімшілік қате мен қажетті құжатты мерзімінде тапсырмауға байланысты деп түсіндіреді. Жыл соңына дейін, Қожалы партиясын алты рет тіркеуге тырысқан.
Бөлек заңнамада қамтылған діни топтардан басқа мүшелік ұйымдар жергілікті деңгейде кемінде 10 мүшеге дейін тіркеуі керек және мемлекеттік тіркеу үшін олардың елдің үштен бір бөлігінен астам өңірінде бөлімшелері болуы тиіс (3 және 7.а-бөлімдерді қараңыз).
Заңға сәйкес «үкіметтік емес ұйымдар, еншілес компаниялар және шетелдік, халықаралық коммерциялық емес ұйым өкілдіктерінен», «іс-шаралар, оның ішінде құрылтайшылар, активтер, қорлар көзі туралы ақпарат және жұмсалған қаражат туралы есеп» беру талап етіледі. «Уәкілетті орган» бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жарияланған баяндамалардың, жеке және заңды тұлғалардан немесе басқа адамдардан келіп түскен шағымдардың «растығын» тексеруге құқылы. Растау барысында есепте анықталған уақыты көрсетілмеген не күмәнді ақпарат әкімшілік құқық бұзушылық деп есептеледі де оған аздаған айыппұл салынады немесе бір жыл ішінде заң бұзу түзетілмесе немесе қайталанса, үш айға дейін қызметі тоқтатылып, әкімшілік жазаға тартылады. Төтенше жағдайлар кезінде мұндай жағдайда айыппұл көлемі артады және ұйым қызметі тоқтатылады да қылмыстық жазаға тартылады.
Заң қоғамдық ұйым мүшелерінің үкімет жұмысына араласуына тыйым салады, араласқан жағдайда аз көлемде айыппұл төлетеді немесе 40 күнге дейін қамауға алынады. Заң бұзуға ұйым жетекшісі тікелей араласқан болса, айыппұл төлемі сәл ұлғаяды немесе оны 50 күннен аспайтын мерзімге қамауға алады. Заңда «заңсыз араласу» ұғымына нақты анықтама берілмеген.
Заң бойынша ҮЕҰ шетелдік қорлардан алынған қаражат пен активтер жайлы толық есеп беруге міндетті. Бұл шетелдік қорлардың көмегімен жарық көрген басылымдардың барлығын ашық көрсетіп отыру керек деген сөз. талаптар орындалмаса, олар заң бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондай-ақ шетелдік қорлар ұйымдастырған кездесулерді, наразылықтарды және осыған ұқсас іс-шаралар өткізуге қатаң тыйым салынады.
Ақпан айында салық органдары ҮЕҰ қарасты бірқатар азаматтық ұйымға салған санкцияларын ұйымдардың бәрі апелляцияға беру нәтижесінде алып тастады. Бұл 2020 жылдың қараша айында 13 ҮЕҰ шетелдік қаржыға қол жеткізгеннен кейін, салық комитеті оларды қатал бақылауға ала бастауына байланысты Премьер-министрдің орынбасары мен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өзіне қарасты министрлікке Қаржы министрлігімен кеңесе отырып, ҮЕҰ-дың салық мәселесін қайта қарауын бұйырғаннан кейін іске асты.
ҮЕҰ- мұндай қатаң бақылау ҮЕҰ-дың парламент сайлауына қатысты жоспарлаған іс-әрекетіне байланысты болуы мүмкін деп ойлайды. Олардың хабарлауынша, салық органдары ҮЕҰ-ға 2017-2018 жылғы шетелдік гранттарға қатысты есебінде сәйкеспеушіліктің бар екенін айтқан, алайда ҮЕҰ- бұларды әріп және техникалық қателер деп есептейді. Бақылаушылардың айтуынша, салық органдары айтарлықтай көп әкімшілік айыппұлмен қатар, олардың әрекетін мүлде тоқтатуды ұсынған. Ал бұл жіберілген қателерден де ауыр еді.
c. Дін бостандығы
https://www.state.gov/religiousfreedomreport/ сайтында берілген АҚШ мемлекеттік департаментінің Халықаралық дін бостандығы туралы есебін қараңыз.
d. Жүріп-тұру еркіндігі және елден біржолата кету құқығы
Заң ел ішінде жүріп-тұруға, шетелге саяхаттауға, эмиграцияға және Отанына оралуға (репатрияцияға) еркіндік береді. Кейбір заңды шектеулерге қарамастан, билік бұл құқықтарға құрметпен қарайды.
e. Ел ішінде қоныс аударылған адамдар мәртебесі және олармен қарым-қатынас
Ол туралы ақпарат жоқ.
f. Босқындарды қорғау
Үкімет ел ішінде қоныс аударылғандар, босқындар, қайта оралған босқындар, пана іздеушілер, азаматтығы жоқ адамдар мен көмекке мұқтаж басқа да адамдарды қорғап, көмек көрсету үшін БҰҰ Босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссариаты басқармасымен (БЖКБ) және өзге ұйымдармен бірлесе жұмыс істеді.
Панаға қол жеткізу: Заңда баспана беру немесе босқын мәртебесін беру туралы айтылған, ал үкіметте босқындарды қорғауды қамтамасыз ету жүйесі бар. БҰҰ БЖКБ жергілікті серіктестері қажет болған жағдайда заңды түрде үкіметке шағымдана алады және депортацияға ұшырауы мүмкін тұлғалар атынан әрекет ете алады.
БҰҰ БЖКБ мәліметіне сүйенсек, босқындар жүйесі баспана беруге қол жеткізу мен ел аумағына кіруге рұқсат беру тәртібіне қатысты халықаралық стандарттарға сай келмейді. Билік қауіпсіздік мәселелерін сылтау етіп, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ тұлғалардың шекара маңында баспана беру туралы өтініштерін қабылдауға зауықсыз болды. Босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы Конвенцияда көрсетілген міндеттемелерге қарамастан, қудалаудан қашып, шекараны заңсыз кесіп өткен тұлға қылмыстық сотқа тартылуы және кейіннен қылмысқа бейім адам ретінде танылуы мүмкін. Бұл баспана беру кезінде кері әсерін тигізетін фактор.
БҰҰ БЖКБ көрсетуінше, 1 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында елге 242 адам пана іздеп келген, оның көбі Ауғанстаннан. Қазіргі кезде елде 401 босқын мәртебесін алған және 7,915 азаматтығы жоқ адам бар. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда босқын мәртебесін алу үшін берген өтініштердің де, үкімет рұқсат бергендердің де саны біршама қысқарған.
Пана іздеп жүрген адамдардың елдің шекарасы мен басқа аумақтары ортасында жүріп-тұруын басқаратын заңнамалық база жоқ. Оларды қабылдайтын қабылдау орындары да жоқ. Заңда ерекше сұранысы бар тұлғаларға, мысалы ата-анасынан ажырап қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты дифференциалды тәртіп қарастырылмаған. Лесбиянкалар, гомосексуалистер, бисексуалдар, трансгендерлер, квирлер мен интерсексуалдарға (ЛГБТКИ+) қатысты ерекше мәселелерді қарастыруға арналған нұсқаулар да жоқ.
ТМД елдері аясында жасалған Минск конвенциясына сәйкес үкімет шешендерді босқын деп қарамайды. Басқа ТМД елдерінің азаматтары сияқты шешендер де елде уақытша 180 күнге дейін заңды тұра алады. Уақытша тіркеуді созуға болады және жергілікті көші-қон полициясы мерзімді ұзарту процесін өз бетінше реттей алады.
Үкімет пен Қытай арасында этникалық сепаратистерді бір елдің аумағынан екінші елге жібермеу туралы келісім бар.
Қазан айында үкімет Қытайдан келген төрт этникалық қазақтың пана мәртебесін бір жылға ұзартты (Төменде берілген «Мигранттар мен босқындар құқығын бұзу» бөлімін қараңыз).
Босқындар мен мигранттар құқығын бұзу: 21 қаңтарда Қытайдың Шыңжаң қаласынан келген босқындар Мұрагер Әлімұлы мен Қайша Ханға Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысында белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Жыл соңында биліктегілер бұл істі тергеуді жалғастырып жатқанына қарамастан, күдіктілер туралы еш хабар келіп түспеді. Әлімұлы мен Хан – Қытайдан қашып, 2020 жылдың қазанында пана алған төрт этникалық қазақтың екеуі.
Жұмыспен қамту: Босқындар жұмысқа орналасып, әлеуметтік көмек алуда үкімет тарапынан қиындықтарға тап болған. Заң бойынша босқындар жұмыс істей алғанымен, жеке кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Жергілікті жұмыс берушілер босқындар құқығын білмегендіктен, босқындар еңбек нарығына шыға алмай, соның салдарынан заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Негізгі қызметтерге қол жеткізу: «Елде уақытша тұратын шетелдіктер» мәртебесі босқындардың заңда көрсетілген құқықтарды толық иеленуіне кедергі келтірді. Заңда ерекше қажеттілігі бар босқын және пана іздеген адамдармен қалай қатынасу керектігі туралы ереже жоқ. Босқындар азаматтармен бірдей білім алып, медициналық көмекке жүгіне алғанымен, оларға әлеуметтік жәрдемақы берілмейді. Үкімет пана сұраушыларға баспана, жәрдемақы немесе қандай да бір әлеуметтік жеңілдік бермейді. Ерекше қажеттілігі бар пана сұраушылар мен босқындар қаржылай көмек ала алмайды.
Тамыз айында ел үкіметі медициналық қызмет көрсету ережесіне өзгеріс енгізді. 15 тамыздан бастап азаматтығы жоқ, пана іздеп жүрген және еңбек мигранты ретінде немесе басқа мақсатпен елге келген шетелдіктер алғашқы медициналық-санитарлық көмек алу үшін ерікті медициналық сақтандыру ұйымдарымен келісім-шартқа отырып, жергілікті поликлиникаға тіркелуі керек.
g. Азаматтығы жоқ адамдар
Конституция мен заң азаматтығы жоқ адамдармен қарым-қатынас жасау жолдарын ұсынса, мемлекет елдегі азаматтығы жоқ адамдар тап болуы мүмкін қиындықты айтарлықтай жеңілдету үшін міндеттемелер қабылдады. Заңда азаматтығы жоқ адамдарға азаматтық берудің жеңілдетілген тәртібі қарастырылмаған.
Қазақстан азаматтық алғысы келетіндерден өз елінің азаматтығынан бас тартуды талап еткенімен, оларға Қазақстан азаматтығы берілетініне нақты кепілдік бермейтіндіктен, елде азаматтығы жоқ адамдардың саны артып отыр. БҰҰ БЖКБ мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айын қоса алғанда үкімет 7,915 адамды азаматтығы жоқ адам ретінде тіркеген. Азаматтығы анықталмаған, нақты азаматтығы жоқ немесе азаматтығынан айырылу қаупі бар азаматтардың басым көпшілігінің жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ немесе ТМД елдерінде берілген жеке куәліктері бар немесе олардың паспорты кеңес дәуірінде берілген. Бұл адамдар әдетте шалғай жерлерде ресми құжатсыз тұрып келген.
Заң бойынша Үкімет “мемлекет мүддесіне зиян келтірген, терроризм мен экстремизммен байланысты ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдарды” Қазақстан азаматтығынан айыра алады. БҰҰ БЖКБ мен Үкіметтің мәліметінше, осы Заңға сәйкес ешкім азаматтығынан айырылған жоқ. Керісінше, бір жыл ішінде Үкімет халықаралық террористік ұйымдарға қосылған 12 азамат пен олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылған отбасы мүшелерін елге қайтарған. Үкімет бұл азаматтарды террорист ретінде соттағанымен, олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр.
БҰҰ БЖКБ деректері бойынша заңда азаматтығы жоқ адам деп танылған адамдардың бірқатар құқығы қарастырылған. Ресми түрде тіркелген азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесі құжатқа енгізіледі, ал, мұны азаматтығы жоқ адамға бұл елде 10 жыл бойы тұрақты тұру құқығын беретін куәлік деуге болады. Заңға сәйкес елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтығы жоқ адамдар азаматтық алуға өтініш бере алады. Тұрақты тұратын жері бар, бірақ ресми түрде азаматтығы жоқ деп танылған адамдардың осы елде туған балалары осы ел азаматы деп есептеледі.
Этникалық қазақтар, елде жақын туыстары барлар, келісім бар Украина, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтары үшін азаматтық алудың басқа заңдық тәртібі бар. Заңға сәйкес үкімет азаматтық беру туралы өтінішті алты ай бойы қарай алады. Алайда кейбір өтініш берушілер ұзақ бюрократиялық процестің салдарынан азаматтық алуға бірнеше жыл кеткенін айтып шағымданды. Заң жеке басын куәландыратын құжаты жоқ ата-аналардың балаларына туу туралы куәлік беруге тыйым салады. Ал туу туралы куәліксіз бала білім, тегін медициналық көмек ала алмайды, еркін жүріп-тұра алмайды.
Азаматтық алу туралы өтініші қабылданбаған, азаматтығы жоқ тұлға мәртебесі жойылған адамдар шешіммен келіспейтінін білдіріп, шағым түсіре алады. Алайда мұндай шағымды қарау процесі ұзаққа созылады.
Ресми азаматтығы жоқ тұлға мәртебесі берілген адамдар басқа да шетелдіктердей тегін медициналық көмек ала алғанымен, ол Денсаулық және қоғамдық даму министрлігі бекіткен тізім бойынша жедел медициналық көмек алу мен 21 жұқпалы ауруды емдеумен шектеледі. Ресми азаматтығы жоқ тұлға мәртебесі берілген адамдар мемлекеттік органнан басқа жерге жұмысқа орналаса алады. Олар еңбек шартын жасау кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін, өйткені ықтимал жұмыс берушілер бұл заңды құқықты білмеуі немесе оны түсінбеуі мүмкін.
БҰҰ БЖКБ мәліметі бойынша жеке басын куәландыратын құжатсыз азаматтығы жоқ тұлғалар заңды түрде жұмысқа орналаса алмайды. Бұл заңсыз жұмысқа орналасу жұмыс берушілер арасында жемқорлық пен лауазымын асыра пайдалану жағдайының белең алуына алып келіп отыр. Азаматтығы жоқ ата-аналардың балалары да азаматтығы жоқ тұлға деп есептеледі.
3 Бөлім. Саяси процеске қатысу бостандығы
Конституция мен заң азаматтарға өз билігін жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде өткізілетін еркін, әділ және мерзімдік сайлауда дауыс беруге мүмкіндік бергенімен, үкімет бұл құқықты қолдануды қатаң шектейді.
Конституцияға сәйкес билік президенттің қолында шоғырланған. Президент Премьер-министр, Министрлер кабинеті, Бас прокурор, ҰҚК басшысы, Жоғарғы және төменгі деңгейдегі сот судьялары сияқты жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерді тағайындап, жұмысынан алып тастай алады. Заңға сәйкес Президент бұл тағайындауларды 2018 жылы сол кездегі президент Назарбаевқа өмір бойы берілген лауазым – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісе отырып жасайды. Заң Назарбаевқа Конституциялық кеңеске өмір бойы мүше болуына рұқсат береді және «елді дамыту жөніндегі бастамалардың” барлығы онымен келісілу керек.
Мәжіліс Президент ұсынған Премьер-министрдің кандидатурасын, ал Сенат Бас прокурор, ҰҚК басшысы, Жоғарғы және төменгі деңгейдегі соттар судьялары, Ұлттық банк төрағасы кандидатурасын мақұлдауы тиіс. Мәжіліс пен Сенат Президент ұсынған кандидатураларды үнемі бекіткен. Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу Президент келісімін талап етеді.
Сайлау және саяси белсенділік
Соңғы сайлау: 10 қаңтарда елде жалпыұлттық Мәжіліс сайлауы өтті. Сайлауға елде ресми түрде тіркелген алты саяси партияның бесеуі қатысты. Билеуші «Нұр-Отан» партиясы барлық дауыстың 71 пайызын жинап, Мәжілісте 76 орынға ие болса, «Ақжол» партиясы 10,95 пайыз дауыспен 12 орын алды. Ал “Қазақстан Халық партиясы” 9,1 пайыз дауыс жинап, 10 орын иеленді. 5 пайыз дауыс жинаған «Ауыл» және 3,57 дауыс жинаған «Адал» саяси партиялары Мәжілісте пропорционалды өкілеттікке қол жеткізуге қажетті 7 пайыздық межеден өте алмай, орынсыз қалды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда көптеген заң бұзушылықтар мен шектеулер болды деген сын айтты. ЕҚЫҰ бақылаушылары есебі бойынша Парламент сайлауы ашық емес өтті, бәсеке болмады, ал сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасауына қажетті мүмкіндіктері шектеулі болды.
2020 жылғы тамыз айында әр үш жыл сайын 49 сенатордың 17-ін ауыстыру туралы заңға сәйкес Сенат сайлауы өткізілді. Сенаторларды әрбір әкімшілік облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың атынан өкілдік ететін мәслихат (жергілікті өкілдік органдарының) мүшелері таңдады. Төрт сенатор қайта сайланды. Жаңадан сайланған сенаторлардың көбі оларды сайлаған жергілікті өкілдіктің мүшесі болған.
Үкімет 2019 жылы Президент сайлауын өткізді. Президент сайлауына атын ұсынған жеті үміткердің ішінен Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жетті. ЕҚЫҰ бақылаушылары миссиясының есебіне сәйкес сайлау «әлеуетті саяси реформалар өткізуге жақсы мүмкіндік бергенімен, ол негізгі бостандықтарды ашық бұзып, сын-пікірге қысым көрсетті». Баяндамада бюллетень салуға арналған жәшіктерді заңсыз толтырып, дауыстарды санау кезінде заңсыздыққа жол беру және қасақана бұрмалау сияқты бірқатар заң бұзу әрекеттері орын алғаны туралы айтылды. Баяндамада сондай-ақ сайлау учаскелерінде сайлау нәтижелерін жарияламау, жиналу, пікір білдіру және бас қосу құқықтарының бұзылуы тәрізді мәселелер туралы да айтылған. Онда сайлау күні ірі қалаларда өткен бейбіт шерушілердің жаппай ұсталғаны туралы да баяндалады. Жалпы алғанда, сайлаудың өтуі «демократиялық стандарттарға құрмет көрсетілмейтінін» деп хабарлады ЕҚЫҰ миссиясы.
ЕҚЫҰ есебінде проблемалар сайлау өткен күннен кейін де ары қарай жалғасқаны айтылады. Қорытынды есепке сәйкес алдыңғы жылдары кейбір оппозициялық партияларға не рұқсат берілмейтін, не оларға заңнама немесе қылмыстық қудалаудың көмегімен тыйым салатын немесе шеттететін еді, ал саяси партияларды тіркеу мүмкіндігін заң айтарлықтай шектеген. Сонымен қатар кандидаттар құқығы туралы заңға да бірқатар шектеулер тән еді.
Заң тіркелуді, бес жылдық тәжірибені және Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) хабарлауды талап ете отырып, сайлау алдында қоғам пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізуге шектеу қояды. Заң бұзылған жағдайда жеке тұлғаларға да, ұйымдарға да қомақты айыппұл салынады. Cондай-ақ заңға сәйкес сайлауға бес күн қалғанда сайлауға қатысты болжамды және сайлаумен байланысты не нақты бір кандидатты немесе саяси партияны қолдауға қатысты зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.
Саяси партиялар және саяси белсенділік: Бірнеше топ саяси партия ретінде тіркелгісі келгенімен, үкімет оларға рұқсат бермеді.
25 маусымда Нұржан Алтаев басқаратын тіркелмеген “Ел тірегі” саяси партиясы мен Тәжік-Ауған соғыс ардагерлері ұйымының белсенділері Нұр-Сұлтан қаласында биліктің “Ел тірегін” тіркемей, бірнеше рет қайтарып тастағанына қарсы наразылық шарасын өткізді. Алтаевтың айтуынша, ол Ел тірегін 10 рет тіркеуге тырысқанымен, оның өтініші қабылданбаған.
Әйелдер мен азшылық топ өкілдерінің саяси белсенділігі: Ешбір заң әйелдер мен азшылық топ өкілдерінің саяси процеске араласуына шек қоймағанымен, дәстүрлі көзқарастар кейде әйелдердің жоғары лауазым иеленіп, саяси өмірде белсенді рөл атқаруына кедергі келтірді.
Заңда сайлауға түсетін кандидаттар тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін жалпы 30 пайыздық квота қарастырылған. Жастар деп 14-29 жас аралығындағыларды айтады.
4 Бөлім. Сыбайлас жемқорлық және үкіметте ашықтықтың болмауы
Жыл бойы үкіметте орын алған сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы көптеген хабарлама келіп түсті. Заңда шенеуніктер сыбайлас жемқорлықпен ұсталған жағдайда қылмыстық жаза тағайындау қарастырылғанымен, үкімет заңды тиімді іске асырып отырған жоқ. Үкімет заң бұзған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мақсатында бірқатар іс-шара қабылдағанымен, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа келгенде немесе мемлекеттік шенеуніктермен жеке қарым-қатынас бар болған жағдайда қылмыс жазасыз қалды.
Сыбайлас жемқорлық: Құқық қорғаумен айналысатын ҮЕҰ-дың пікірінше, сыбайлас жемқорлық атқарушы билік органдарында, құқық қорғау органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, білім беру жүйесінде және сот органдарында кеңінен таралған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, алғашқы алты айда сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған шенеуніктердің көбі полиция, қаржы және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істеген.
Сыбайлас жемқорлықпен күресуге Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҰҚК және Қаржы министрлігінің экономикалық зерттеулер қызметі жауапты. ҰҚК қауіпсіздік қызметтері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюролар мен әскери қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарын тексереді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, қаңтардан қыркүйекке дейін 921 сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелсе, 101 лауазымды тұлға ұсталып, 101-і тұтқындалған. Агенттік 725 істі сот қарауына жіберсе, 570 жеке адам сотталған. Сотталғандардың 138-і пара алған, 237-і пара берген, 12-і делдал қызметін атқарған, 78-і алаяқтықпен айналысқан, 42-і үкімет қаржысын талан-таражға салған, ал, 44-і билігін асыра пайдаланған.
16 қыркүйекте Нұрсұлтан қаласы апелляциялық соты «СК-Фармация» мемлекеттік фармацевтика монополиясының бұрынғы төрағасы Берік Шәріпті COVID-19 пандемиясына байланысты денсаулық сақтау саласында туындаған төтенше жағдайлар кезінде дәрі-дәрмек сатып алуда билігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп тапты. Сот Шәріпті үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Тамыз айында Шәріп қаруды заңсыз пайдаланғаны үшін сотталды.
5 бөлім. Адам құқығының бұзылу ықтималдығына қатысты халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар тергеуіне биліктің көзқарасы
Адам құқығын қорғайтын ҮЕҰ-ға қатысты бірқатар шектеулердің барына қарамастан, көптеген отандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарына адам құқықтарын қорғау туралы істер бойынша тергеу жүргізуге және жариялауға еркіндік берілген. Халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, үкімет ҮЕҰ-дың арнайы мәселелер жөнінде іс- әрекеттеріне мониторинг жүргізіп, полиция ҮЕҰ кеңселерін, қызметкерлері мен отбасы мүшелерін тексеріп қана қоймай, қысым да көрсеткен. Үкімет қызметкерлері олармен бірлесіп жұмыс істемеді немесе сұрақтарына жауап бермеді.
Биліктің ҮЕҰ-мен қатынасы әр кезде әртүрлі. Іс-әрекеті мен билікпен өзара қарым-қатынасына қарай кей ҮЕҰ-дар кеңсе мен техника құрылғыларын алған кезде қиындықтарға тап болған. Бір жағынан, демократия мен адам құқығы мәселесі бойынша дөңгелек үстелдер мен басқа да іс-шараларға үкімет жетекшілері қатысып, ҮЕҰ-да үнемі қосып отырған.
Ұлттық қауіпсіздік туралы заң шетелдіктерге, халықаралық ұйымдарға, ҮЕҰ мен басқа да коммерциялық емес ұйымдарға саясатпен айналысуға тыйым салады. Үкімет халықаралық ұйымдардың тіркелмеген ұйымдарды қаржыландыруына рұқсат бермейді.
Адам құқығы жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органдар: Адам құқығы жөніндегі Президент комиссиясы – Президент тағайындаған қоғам мүшелері мен жоғары лауазымды тұлғалар кіретін консультативтік-кеңесші орган. Комиссия шағымдарды қарайды, ұсыныстар береді және адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенциялардың орындалуын бақылайды. Комиссияның адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәселерді шешуге немесе есептерде көрсетілген ұсыныстарды орындауға заңды құқығы жоқ.
Адам құқықтары жөніндегі омбудсменді Президенттің ұсынысымен Сенат бес жылға сайлайды. Омбудсмен лауазымды тұлғалар мен ұйымдардың адам құқықтарын бұзғаны жөніндегі шағымдарын қарайды және тексереді. Омбудсмен адам құқықтары бойынша ұсыныс беріп, баяндамалар дайындайды және ол Азаптауға қарсы Ұлттық алдын алу механизмі (ҰАМ) үйлестіру кеңесінің төрағасы.
Омбудсмен жеке тұлғаларға қатысты шағымдарды қарастырғанымен, оның Президенттің, мемлекеттік органдар басшыларының, Парламенттің, Министрлер кабинетінің, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Орталық сайлау комиссиясының немесе соттардың шешімдеріне қатысты шағымдарды қарауға өкілеттігі жоқ. Омбудсмен кеңсесі азаматтардың шағымдарына жауап беру үшін Президентке, Министрлер кабинетіне немесе Парламентке жүгінуге құқылы. Омбудсмен халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен және ҮЕҰ-мен бірге жұмыс істеді, адам құқықтарының бұзылуына қатысты мемлекеттік лауазымды тұлғалармен кездесті; әскери бөлімдер мен түрмелер сияқты белгілі бір нысандарға барды; және тергеу нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Омбудсмен мекемесі адам құқықтары жөніндегі жыл сайынғы есебін жариялап отырады. Бір жыл ішінде омбудсмен кеңсесі кейде БАҚ үшін брифингтер өткізіп, қарастырылған шағымдар бойынша есеп береді.
Елдегі адам құқықтары жөніндегі бақылаушылар, омбудсмен мекемесі мен Адам құқықтары жөніндегі комиссия адам құқықтарын бұзуды тоқтатуға немесе кінәлі адамдарды жазалауға құқығы жоқ екенін көрсетті. Комиссия мен омбудсмен статистика мен жекелеген істерді жариялай отырып, адам құқықтарын алға жылжытқанымен, адам құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырған негізгі құрылымдық мәселелерді шешуден бас тартады. Комиссия мен омбудсмен азаматтарға төменгі деңгейлі бюрократия мәселелеріне қатысты аса талас туғызбайтын проблемалар мен сұрақтарды шешуге көмектеседі.
6 бөлім. Кемсіту және әлеуметтік қатыгездік
Әйелдер
Зорлау және тұрмыстық зорлық-зомбылық: Заң жыныстық зорлық-зомбылық пен зорлауды қылмыс деп санайды, ал егер қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Полиция мен сот зорлау туралы хабарларды, әсіресе ерлі-зайыптылардың зорлау істерін қарастыруды қаламайтыны туралы хабарламалар бар. Құқық қорғаушылардың айтуынша, зорлау фактілері бойынша шағымдардың сотқа 1 пайыздан азы ғана жетеді.
9 ақпанда Алматы соты 2019 жылы адам зорлаған бұрынғы прокурор мен жергілікті банктің бұрынғы менеджерін сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Полиция жәбірленуші қылмыс туралы алғаш рет хабарлаған кезде шағымды тіркеуден бас тартқанымен, адвокаттың талабынан кейін істі тіркеуге мәжбүр болған. Полицияның қарсылығы, кейінге қалдыруы, арызданушыны тоқтатуға тырысуы және басқа да кедергілер тергеуді кейінге қалдырды. Жәбірленуші одан шағымын қайтарып алуды талап еткен, оны зорлаған адамдардың туыстарының қысымы мен қоқан-лоққысына тап болған.
10 тамызда Алматы соты ҰҚК-нің бұрынғы капитаны Сабыржан Нарынбаевты зорлау әрекеті үшін айыпты деп тауып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. 2020 жылдың қыркүйегінде Нарынбаев Айя Өмірзақованы көлігіне отырғызып, ауылына бара жатқанда оны ұрып-соғып, зорламақ болып, өміріне қауіп төндірген. Адвокаттар Айяны полицияға арыз жазуға көндірді. Өмірзақова сот отырысынан бұрын және оның барысында зорлаған адам мен оның отбасы өзіне қысым мен қоқан-лоққы көрсеткенін, ақша беріп, істі тоқтатуға көндірмек болғанын хабарлады. Оның үстінен шағымын қайтарып алу үшін айыпталушыдан ақша алып, кейіннен арызды қайтарып алудан бас тартты дей отырып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғайды. Сот Өмірзақованы алаяқтық жасамаған, яғни кінәлі емес деп тапты.
ҮЕҰ есебіне сүйенсек, жыл сайын жұбайы тарапынан болған зорлық-зомбылықтан 400-ден астам әйел қайтыс болады. Заңда физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық зорлық-зомбылық сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлері атап көрсетілген. Онда жергілікті және ұлттық үкіметтер мен ҮЕҰ-дың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсетудегі міндеттері көрсетілген. Заңда ешқайда кетпеу туралы қолхат беру механизмдері бар және зорлық-зомбылық жасады деген күдікке іліккен адамдарды 24 сағатқа дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Заңда зорлық-зомбылық жасап дене жарақатын келтірген ерлі-зайыптылар үшін берілетін ең жоғары жаза ретінде шабуыл жасаған кезде берілетін жазамен бірдей 10 жылға бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған. Заң құқық бұзушының басқа жақта тұру мүмкіндігі болса, жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салуға рұқсат береді. Заң бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары тұрғылықты жеріне қарамастан тиісті көмек ала алады. Егер кінәлінің айыппұл төлеуі жәбірленушінің мүдделеріне қайшы болса, заң қаржылай айыппұлды әкімшілік қамақпен алмастырады.
Ұлттық экономика министрлігі жүргізген зерттеулер көрсеткендей, серіктес тарапынан орын алған зорлық-зомбылық құрбандарының көбі бір жағынан әлеуметтік стигма кесерінен, ешкімге өздері тап болған қиянаттары туралы айтпайды. Полиция орын алған зорлық өмірге қауіп төндіреді деп шешкен кезде ғана отбасылық дауларға араласады. Полиция әдетте екі тарапты татуласуға шақырады. ҮЕҰ-дар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кесілетін жеңіл жаза, яғни әкімшілік құқық бұзушылық кезінде кесілетін 15 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасы бұрын сотталған қылмыскерлерді де тоқтата алмағанын айтып отыр.
Полицияның хабарлауынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының саны 2020 жылы айтарлықтай өсіп, кейін 8 пайызға төмендеген. Заңға осындай қылмысқа дәлел жинау жауапкершілігін полицияға артатын өзгертулер енгізілді; бұған дейін ол үшін жәбірленуші жауап беретін. Айыппұлдар артып, татуластыру рәсімдері реформаланды.
Үкімет әр өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар үшін арнайы пана салды. Ішкі істер министрлігінің көрсетуінше, қазір 49 дағдарыс орталығы бар болса, оның 39-да арнайы пана бар.
Белсенділер үкіметті ауыр жағдайға тап болған адамдарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғай алмады деп сынайды. Белсенділердің айтуынша, жәбірленушілер зорлық-зомбылық туралы хабарлаған кездің өзінде де полиция әрекет етуді қаламайды. Полиция кейде зорлық жасағандардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алмай, жәбірленушіні арызын қайтарып алуға үгіттеп, осылайша агрессорларды жазасыз қалдыруға жағдай жасайды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, реформалар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысатын полиция қызметкерлері мен соттарды формалды оқыту және қайталап қылмыс жасағандарға арналған бұлтартпау шараларын қолданып, бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрін заңға қосатын іс-жоспардан тұрады.
Өзге де зиянды дәстүрлі амалдар: Заң тыйым салғанымен, кейбір шалғай өңірлерде мәжбүрлеп үйлендіру үшін әйелдерді және қыздарды ұрлау тәжірибесі әлі де жалғасып келеді. Заң бойынша адам ұрлағандарға жетіден он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұрланған адамды ерікті түрде босатқан адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады; демек, қалыңдықты ұрлаған адам міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Құқық қорғау органдары әдетте жәбірленушілерге мәселені өздері шешуге кеңес береді. Азаматтық қоғам ұйымдарының пікірінше, полицияға шағымдану өте күрделі процесс болғандықтан, жәбірленуші мен оның отбасын қорлауы мүмкін.
Жыныстық бопсалау: Жыныстық бопсалау әлі де шешімін таппаған мәселе күйінде қалып отыр. Әйелдерді жыныстық бопсалаудан қорғайтын заң жоқ, тек жыныстық зорлық-зомбылық кезінде жәбірленушінің физикалық дәрменсіздігін пайдаланғаны немесе күш қолданғаны үшін ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сот істері қозғалғандығы жайлы еш мәлімет жоқ. Масқара болудан және жұмыстан айрылудан қорыққан жәбірленуші әйелдердің ешқайсысы да полицияға шағымданбайды.
Бала туу құқығы: Мемлекеттік органдардың түсік жасатуға мәжбүрлегені немесе еріксіз зарасыздандырғаны туралы еш мәлімет жоқ. Әйелдердің репродуктивті денсаулығы мен гигиенасы жөнінде білім беруге қатысты проблемалар туралы да дерек жоқ. Жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге үкімет ұсынатын жыныстық және репродуктивті денсаулық қызметтер саны шамалы. Зорлық құрбандарына арналаған жүйенің бір бөлігі ретінде әйелдер жедел-жәрдем контрацептивті дәрілерді ала алатынына қарамастан, олардың көбі мемлекеттік клиникалардағы бюрократиялық тексеру талаптарынан қашып, мұндай емді өз қаражатына сатып алды.
Кемсіту: Конституция мен заңға сәйкес ерлер мен әйелдер тең құқықтар мен бостандықтарға ие. Заң жынысы бойынша кемсітуге тыйым салғанымен, кемсіту әлі де шешуін таппаған мәселе болып отыр. Ерлер мен әйелдер жалақысы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бақылаушылардың пікірінше, ауылдық жерлердегі әйелдер қалалық аудандардағы әйелдерге қарағанда кемсітуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды. Олардың білім алу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері аз, ақпарат алу мүмкіндігі төмен. Олар сондай-ақ жер және басқа да мүліктік құқық мәселесіне байланысты кемсітуге жиі ұшырайды.
Нәсілдік және этникалық зорлық-зомбылықтың жүйелі түрде орын алуы және кемсіту
Конституция мен заң нәсілдік немесе этникалық шығу тегіне байланысты кемсітуге тыйым салады. Алайда, саны аз этникалық топтар түрлі салаларда қиындықтарға тап болып отыр. Министрлер кабинетінің 23 мүшесінің үшеуі ғана басқа ұлт өкілдері. Саны аз этникалық топтарды басқа мемлекеттік органдарда да көп кездестіре алмайсыз. Құқық қорғаушылар елдің әлеуметтік және саяси механизмдері саны аз этникалық топтарды қамтымайтынын және олардың рөлі азайып бара жатқанына алаңдайды. Сондай-ақ, бақылаушылар үкімет саны аз этникалық топтардың әлеуметтік өмірге басқалармен бірдей араласуын, мемлекеттік қызметке орналасуын, бизнес мүмкіндіктерге басқалармен бірдей қол жеткізуін және ең бастысы, заң алдында басқалармен бірдей қатынасуы керек болғанымен, бұлардың бірі де іске аспағанын алға тартып отыр.
2020 жылдың ақпан айында Қордай ауылында этникалық қазақтар мен этникалық дүңгендер арасында орын алған тәртіпсіздіктерге қатысты сот процестері әлі де жүріп жатыр. 27 сәуірде жаппай тәртіпсіздікке үндеген, бопсалау, тонау, кісі өлтіру, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру, «қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау, алып жүру» баптары бойынша 51 тұлға сотталды. Қорғауға 60-қа жуық адвокат қатысты. Сот аса ауыр айып тағылған 19 адамды бес жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сот 31 адамға жеңілірек айып тағып, бір жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кескенімен, олар келтірілген шығынды өтегендіктен үкім күшін жойды. Айғақтың жоқтығына байланысты, күдіктілердің бірі ақталды.
2020 жылдың тамызында БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитеті Қордай оқиғасына қатысты ақпаратты қарап, «оқиғаларды дұрыс, бейтарап және ашық тергеу үшін», дүңген этникалық тобын дұрыс қорғап, ауылды қалпына келтіруді қамтамасыз ету мақсатында оларға денсаулық, психологиялық қолдау көрсету үшін және тәуелсіз бақылаушылардың Қордай ауданына келуге мүмкіндік беруін нұсқалап, үкіметтен 2020 жылдың қазан айына дейін жауап беруін сұраған. 30 сәуірде БҰҰ Комитеті төрағасы тағы да жауап сұрады. Жыл аяғына дейін үкіметтен еш ашық жауап болған жоқ.
Балалар
Тууды тіркеу: Балаға ол туған елдің және ата-анасының азаматтығы беріледі. Үкімет жаңа туған нәрестелердің ата-аналарынан, басқа да мүдделі адамдардан не медициналық мекемеден қажетті құжаттарды алғаннан кейін баланы тіркейді. Баланы туған ананың заңды мәртебесі немесе оның жеке басын куәландыратын құжаты жоқ жағдайда, балаға туу туралы куәлік берілмейді.
Білім алу: Басқа жақтан қоныс аударған отбасылардың , құжаттары, азаматтығы болмаса, ондай мигранттардың балалары заңды мәртебесі жоқтығынан мектепке тіркеле алмайды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық: Балаларға зорлық-зомбылық көрсету аса ауыр мәселе. Шолуларға сүйенсек, университеттерде оқитын балалардың 40 пайызы және мектеп оқушыларының 18 пайызы ересектерден зәбір көрген. Балалар отбасыларында, мектептерде (әсіресе құқық бұзушы балаларға арналған арнайы мектептерде) және интернаттарда зорлық-зомбылыққа, ар-намыстарын қорлайтын іс-әрекеттерге жиі тап болады. Заң 18 жасқа толмаған ұл-қыздарды жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деген айып тағылғандарды 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Бала некесі, ерте және мәжбүрлі неке: Некеге тұрудың ең төменгі жасы 18, ал жүктілік немесе өзара келісім жағдайында, сонымен қатар ата-аналары мен заңды қамқоршыларының келісімі болған жағдайда, ол 16-ға дейін төмендетілуі мүмкін. БҰҰ-ның Ел халқы саласындағы қорының пікірінше, жыл сайын 3000-ға жуық ерте және мәжбүрлі неке орын алады. Көптеген ерлі-зайыптылар алдымен мешіттерде некелерін қиып, қалыңдық кәмелет жасқа толғаннан кейін ресми түрде тіркеледі. Үкімет бұл мәселені шешу үшін ешқандай шара қолданып жатқан жоқ.
Балаларды жыныстық қатынаста пайдалану: Заңда келісімді жыныстық қатынастың ең төменгі жас мөлшері көрсетілмеген. ЮНИСЕФ балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық, балалар жезөкшелігі, балалар порнографиясы, балалар саудасы, қыз ұрлау және қыздардың мәжбүрлі некелері туралы мәліметтер әлі де аз екенін және бұл құқық бұзудың ауқымын бағалауды қиындататынын мәлімдеді.
Заңда балалар порнографиясын түсіру мен тарату қылмыс деп қарастырылады, ал, кәмелетке толмаған балаларға порнографиялық материалды сатқан жағдайда әкімшілік жаза тағайындайды. Елде әкімшілік жазадан басқа балалар порнографиясы үшін қылмыстық жаза да қарастырылған. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталғандарға балалармен жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынады.
Босқын балалар: Адам құқығын бақылаушылардың мәліметіне сүйенсек, әсіресе ірі қалаларда қараусыз қалған балалар саны өте көп. Босқын балаларды құқық бұзған балалар орталықтарына немесе қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына жібереді. Кейбіреулері отбасыларына қайтарылды. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитетінің 2019 жылғы есебіне сәйкес, елде құқық бұзған балаларға арналған 15 бейімдеу орталығы және қиын жағдайға тап болған балаларға арналған 17 қолдау орталығы жұмыс істейді. 4000-нан астам бала бейімдеу орталығында, ал 2000-нан астам бала қолдау орталығында тұрып жатыр.
Арнайы мекемелердегі балалар: Үкіметтік дереккөздерге сәйкес, мемлекеттік мекемелерде, айталық, балалар үйлерінде, интернаттарда, сондай-ақ, қылмыс жасаған балаларды қамау орындарында балаларға қатысты орын алған зорлық-зомбылық оқиғалары «сирек емес». ҮЕҰ айтуынша, жетімдер үйіндегі немесе жабық мекемелердегі балалардың жартысы мұғалімдер немесе басқа балалар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Білім министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, балалар үйлеріндегі жетім балалардың саны 2017 жылғы 6 223-тен 2020 жылдың соңына қарай 4 606-ға дейін азайған. Үкімет балалар үйлерін жабу және балаларды патронаттық отбасыларға және басқа да нысандарға беру және басқа да үйде бағып-қағу саясатын жалғастырып жатыр. Белсенділер бұл саясатты балаларды деинституционализациялаудың нақты жоспары, қажетті білім алған қызметкерлердің болмауының, инфрақұрылым мен қаражат қарастырылмауының әсері деп сынайды. Белсенділердің айтуынша, билік балаларды арнайы мекемелерге жібермес үшін отбасылармен жұмыс істеудің орнына балалар үйлерін жабуды көксеп отыр. Белсенділер баланы отбасынан бөліп тастау және арнайы мекемеге орналастыру туралы маңызды шешімдер әлеуметтік қызметкерлердің емес, полицияның есебіне негізделгенін алға тартады.
Балаларды халықаралық ұрлау: Мемлекет Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық аспектілері туралы 1980 жылғы Гаага конвенциясына мүше. АҚШ Мемлекеттік департаментінің https://travel.state.gov/content/travel/en/International-Parental-Child-Abduction/for-providers/legal-reports-and-data/reported-cases.html сілтемесінде берілген Ата-аналардың халықаралық деңгейде бала ұрлауы туралы жылдық есебін қараңыз.
Антисемитизм
Еврей қауымдастығы жетекшілерінің есебінше, мемлекетте шамамен 10 000 еврей тұрады. Олардың айтуынша, үкімет немесе қоғам тарапынан антисемитизм оқиғалары тіркелмеген.
Адам саудасы
Мемлекеттік департаменттің https://www.state.gov/trafficking-in-persons-report/ сілтемесінде берген Адам саудасы туралы есебін қараңыз.
Мүмкіндігі шектеулі жандар
Заң физикалық, сенсорлық, интеллектуалдық және ақыл-ой мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту, білім беру, медициналық көмекпен және басқа да мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етуде кемсітушілікке тыйым салғанымен, кемсітулер әлі де орын алуда. Адам құқығын қорғаушылар мемлекет заңнамасындағы кемшіліктерге алаңдайды. Заң кемсіту ұғымына нақты анықтама бермейді. Бұл мүгедектердің құқықтарын, әсіресе жанама кемсіту орын алған жағдайда қорғау мүмкіндігінен айырады. Үкімет мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергі келтіретін кейбір тосқауылдарды жою, соның ішінде ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр. ҮЕҰ мәлімдеуінше, мүмкіндігі шектеулі адамдар туралы заң дұрыс іске аспай отыр. Олар сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кейбір мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігін де атап өтеді. Сыбайлас жемқорлық салдары мен кәсіби мамандардың болмауына байланысты оларды жүзеге асыру мүмкін емес.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту әлі де шешімін таба қойған жоқ. Белсенділер жұмыс берушілердің мүгедектерді жұмысқа алуға зауқы аса жоғын айтады.
Заң компаниялардан жұмыс орындарының 3 пайызын мүмкіндігі шектеулі адамдарға беруін талап еткеніне қарамастан, мұндай адамдар қоғаммен араласып, жұмысқа орналасулары да қиындықтар туғызуда.
Құқық қорғаушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты кемсітудің көптеген түрін атап өтті. Дәрігерлер арбаға таңылған әйелдерді балалы болмауға үгіттеуде. Уақытша қамау изоляторларындағы мүмкіндігі шектеулі тұтқындардың жағдайы күрделі мәселе болып қала беруде.
Психдиспансердегі науқастардың құқықтарына қатысты ережелер жоқ. Құқық қорғаушылар бұл жағдай науқастардың құқықтарын бұзуға әкеледі деп дабыл қағуда. ҮЕҰ науқастардың жағдайының нашар екенін және олардың жеке өмірінің жоқ екенін алға тартады. Үкімет ақыл-ес кемістігі бар азаматтарды олардың келісімінсіз немесе соттың қарауынсыз, ал 18 жасқа толмағандарды отбасының рұқсатымен мемлекеттік мекемелерге жібере алады.
ҰАМ мүшелері жағдайды бақылау үшін психиатриялық ауруханаларға бара алады. ҰАМ есебіне сәйкес, аталған ауруханалардың көбі күрделі жөндеуді қажет етті. Басқа да байқалған мәселелерге кадр тапшылығы, санитарлық жағдайдың төмендігі, азық-түлікпен дұрыс қамтамасыз етілмеуі, науқастардың көптігі, жарық пен таза ауаның жеткіліксіздігі жатады.
Білім беру органдары ерекше қажеттіліктері бар балаларды инклюзивті оқыту үшін мектептердің 55 пайызы жабдықталғанын хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар мұндай мектептердің нақты саны шын мәнінде азырақ деп есептейді. Мектепке дейінгі мекемелерге барған мүмкіндігі шектеулі балалар саны туралы нақты статистикалық мәлімет жоқ. 7-18 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың 20%-ы жәй мектептерге барады. Олардың көбі арнайы білім беру пәндеріне қатысады немесе үйден оқиды. Кейбір ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке жіберуден бас тартып, олардың оқуын қажетсіз деп санайды. Даун синдромы бар кей бала жекеменшік арнайы білім беру орталықтарына бара алғанымен, орталықтардың бала қабылдау мүмкіндігі шектеулі болғандығынан, күту мерзімі бір жарым жылға дейін созылады.
АИТВ және ЖИТС әлеуметтік стигмалары
Заң АИТВ және ЖИТС-пен ауыратын адамдарға қатысты кемсітуге тыйым салады. Алайда, қалыптасқан ұғымның өзгермеуі ақпарат, қызметтер, ем және күтім алуға кері әсерін тигізе отырып, әлеуметтік кемсітуге жол ашады. ЖИТС Ұлттық Орталығы барлық азаматқа тегін диагноз қоюға және емдеуге мүмкіндік береді.
Жыныстық ориентациясы мен гендерлік ерекшелік негізінде орын алатын зорлық-зомбылық, криминализация және басқа да құқық бұзу жағдайы
ЛГБТКИ+ қарсы зорлық-зомбылық орын алғаны туралы хабарламалар болғанымен, жыныстық бағдар немесе гендерлік сәйкестік негізінде кемсіткені немесе зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мемлекеттік ресми дерек жоқ. Зорлық-зомбылықтың ең жиі орын алған түрлеріне ауызша қорлау, қудалау, жеке өміріне араласу және ұрып-соғуды жатқызуға болады. Белсенділер ЛГБТКИ+ тұлғаларын ұрып-соғу, бопсалау және қудалау жиі орын алмаса да болып тұратынын хабарлап отыр.
ЛГБТКИ+ қарсы зорлық-зомбылық бойынша тергеу амалдары сирек жүргізілген. ҮЕҰ айтуынша, ЛГБТКИ + қауымдастығы мүшелері жауыздық, мазақ және зорлық-зомбылықтың үдей түсуінен қорқатындықтан, олар орын алған зорлық-зомбылық туралы құқық қорғау органдарына сирек шағымданады. Олар өздерінің жеке басын, әсіресе жұмыс орнын бұл механизмдердің қорғайтынына сенбегендіктен, орын алған келеңсіздікке қатысты адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссар сияқты механизмдерге жүгінгілері келмейді.
29 мамыр мен 29 шілдеде «Феминита» үкіметтік емес ұйымының ЛГБТКИ+ құқықтарына қатысты Шымкент пен Қарағандыда өткізіп жатқан оқыту шараларына ер адамдардан тұратын агрессивті топтар кедергі келтірген. Екі жағдайда да полиция зорлық-зомбылықтан қорғау сылтауымен белсенділерді жалға алған жеке жиналыс алаңынан шығарып жіберген. Феминита әлеуметтік желіде Шымкенттік полицияның ұйым мүшесін мемлекеттік номерсіз полиция көлігіне шашынан сүйреп апара жатқан видеосын жариялады. Екі жағдайда да Феминита белсенділері полицияның оларға жәбірленуші ретінде емес, қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде қарағанын айтып отыр. Екі қалада да тренингке кедергі келтірген топ мүшелерінің бірде-бірі қамауға алынбаған және оларға айып тағылмаған.
Құқық қорғаушылар COVID-19 пандемия жағдайы ЛГБТКИ+ қауымдастықтарына да кері әсер еткенін айтады. Қоғамдық денсаулық сақтау шектеулеріне байланысты ЛГБТКИ+ өкілдері үйде күйзелісті бастан кешіп, оларды қолдамайтын отбасы мүшелерінің қорлауына ұшыраған. Патруль полициясы тексеруі кезінде де трансгендерлер жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты зорлық-зомбылыққа ұшырап отырған. Трансгендерлер көбінесе ресми келісім-шартсыз жұмыс істейтіндіктен, олар жұмыс берушілер ойланбастан жұмыстан шығаратындар қатарында. Тиісті құжаттары мен келісім-шарттары болмағандықтан, трансгендерлер үкіметтің мұқтаж адамдарға қолдау көрсету бағдарламаларына да қатыса алмауда.
Жынысты ауыстыруға болғанымен, заң трансгендерден оның сыртқы бейнесіне сәйкес келіп жеке басын куәландыратын құжаттарды алмас бұрын, психиатриялық және физикалық талаптарды (жынысты ауыстыру операциясын жасату) орындауын талап етеді. Мұндай адамдардың көбі жылдар бойы сәйкес келмейтін құжатпен өмір сүріп, жұмысқа орналасу, баспана және денсаулық сақтау мәселелерінде біраз қиындықтарға тап болады. Заң жынысын ауыстыруға рұқсат бермеу себебін мінез-құлықтың бұзылуы деп көрсете отырып, емдеуге келмейтін адамдар категориясын кеңейтті.
7 Бөлім. Жұмысшылар құқығы
a. Бірлестік еркіндігі және ұжымдық келісім шарт құқығы
Заң жұмысшылардың кәсіподақ құрып, оған мүше болуына мүмкіндік бергенімен, тіркелген кәсіподақ ұйымдары ел аумағының тең жартысында болуын талап етеді.
Үкімет тәуелсіз кәсіподақтарға қарағанда мемлекеттік қатысуы бар ұйымдарға көбірек қолдау көрсетеді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) – құрамына кәсіподақ мүшелерінің шамамен 90 пайызы кіретін ең ірі ұлттық кәсіподақ қауымдастығы. 2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар бірлестігі еркіндіктің болмауына қатысты ҚРКФ мүшелігінен бас тартты.
Заң жұмысшылардың ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын мойындайды. Заң кәсіподаққа қарсы кемсітуге тыйым салса, сот кәсіподақ қызметі үшін жұмыстан шығарылған қызметкерді қайта жұмысқа алу туралы үкім шығара алады. Аталған ережелерді және басқа да азаматтық құқықтар заңнамаларын бұзушылықтарға айыппұл мен 75 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазалары қолданылады. ҚРКФ мәліметіне сүйенсек, қаңтар айындағы жағдай бойынша 15915 компания ұжымдық шартқа қол қойған; 2020 жылы 1,5 миллион жұмысшы немесе ҚРКФ мүшелерінің 90,2 пайызы ұжымдық шартқа сай жұмыс істеген. Ел бойынша ұжымдық келісімдер саны 2019 жыл 120200-ден 2020 жылы 143571-ге дейін, яғни 19,1 пайызға өсті. Бұл ең соңғы дерек.
Елдегі ұлттық деңгейдегі үш кәсіподақ ұйымының 1,6 миллионнан астам мүшесі бар ҚРКФ, 300000 мүшесі бар Қазақстан кәсіподақтары достастығы (Аманат) және 800000 мүшесі бар Қазақстан Еңбек Конфедерациясы (ҚЕК) кіреді. 5 ақпанда Шымкенттегі арнайы ауданаралық экономикалық сот Отын және энергетика саласы жұмысшыларының тәуелсіз кәсіподақ ұйымының бастапқы тіркелуінде «қате» болуына және оның елдің кем дегенде жартысында өкілдігі болмауына байланысты, жұмысын алты айға тоқтатты. Одақ жыл аяғына дейін тіркелмеді. Ел аумағының кемінде жартысында өкілдік болуы керек деген талап көбінесе тәуелсіз одақтардың тіркелуіне және жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
Заң ереуілге шығу құқығына негізінен рұқсат бергенімен, ереуіл өткізу мүмкіндігін жоққа шығаратын ауыр шектеулер қояды. Заңға сәйкес, ереуілді заңсыз танытуға негіз болатын жағдайлар әр түрлі. Еңбек дауы міндетті арбитраждық процедуралар арқылы шешілмесе, жұмысшылар ереуілге шыға алмайды. Ереуіл өткізу туралы шешім кәсіпорын жұмысшыларының кемінде жартысы қатысқан жиналыста қабылдануы тиіс. Ереуілге шығатыны туралы жазбаша хабарламаны жұмыс берушіге кемінде бес күн бұрын беруі тиіс.
Маусым айында «Аманат» бірлестігі төрағасы Андрей Пригор бейбіт келісімге шақыратын комиссияның заңды ереуілді бастауға рұқсат алуы үшін бірнеше ай кетуі мүмкін болғандықтан, ереуілдің кенет ұйымдасуы орын алады дейді. Заң талаптарының көптігі мен жауапты ұзаққа созу жұмыс берушілерге белсенділерді қысымға алуға немесе тіпті жұмыстан шығаруға жағдай жасайды.
Заң кейбір кәсіп иелерінің ереуілге шығуына тыйым салады. Әскери және басқа да күзет қызметінің жұмысшыларына, медициналық, өрт сөндіру және авария кезінде құтқару бригадаларына, сондай-ақ «қауіпті» өндірістік объектілерді басқаратындарға ереуілге шығуға тыйым салынады. Заң бойынша мұндай ереуілдер заңсыз. Теміржолда, көлікте, байланыс саласында, азаматтық авиацияда, денсаулық сақтау саласында және коммуналдық қызметте жұмыс істейтін қызметкерлер халыққа қызмет көрсетудің ең төменгі деңгейін сақтаған жағдайда ереуілге шыға алады. Сот ереуілді заңсыз деп тапқан жағдайда жұмыс берушілер ереуілге шыққан жұмысшыларды жұмыстан шығара алады. Үкімет сот заңсыз деп тапқан ереуілге қатысуға үндеген кәсіподақ ұйымдарына қарсы қылмыстық іс қозғауы мүмкін. Шенеуніктерге заңсыз бас қосуларды тоқтату үшін күш қолданған деген айып тағылуда.
Кәсіподақтар мен олардың жұмыс берушілері арасындағы келіспеушіліктерді шешу мүмкін болмаған жағдайда төрелікті үшжақты арбитраж комиссиясы атқарады. Комиссия үкімет, кәсіподақ және жұмыс берушілер қауымдастығы өкілдерінен тұрады. Үш жақты комиссияға сондай-ақ мемлекеттік және тәуелсіз кәсіподақтар қатысады. Үшжақты комиссия еңбек қатынастарының көптеген аспектілерін реттейтін жыл сайынғы ұжымдық шарттарды әзірлеуге және оларға қол қоюға жауапты.
ҚРКФ, Аманат және ҚЕК 2020 жылдың мамыр айында 2021-23 жылдарға арналған еңбек қатынастары туралы бас келісім жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құрды. Олар үкімет пен жұмыс берушілерге ең төменгі жалақыны көтеруді, ең төменгі күнкөріс минимумын өзгертуді, тұтыну тауарларының ең төменгі қоржынын белгілеуді және басқа да әлеуметтік мәселелерді ұсынды.
Шетелдік жұмысшылардың кәсіподаққа кіру құқығы бар, алайда заң шетелдік кәсіподақтардың жұмысына шетел азаматтары мен үкіметтерге және халықаралық ұйымдарға кәсіподақтарды қаржыландыруына тыйым салады. Елде тұратын тұрақты емес мигранттар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да кәсіподақ жұмысын реттейтін заңды сақтауға міндетті.
Тәуелсіз кәсіподақтарды шектеу, үкіметтің кәсіподақ ісіне араласуы және заңдағы олқылықтар, бірлестіктер бостандығына құрмет көрсетілмейтінін байқатады.
b. Міндетті немесе мәжбүрлі еңбекке тыйым салу
Заң сот үкімі немесе төтенше не әскери жағдайдан басқа міндетті және мәжбүрлі еңбектің барлық түрлеріне тыйым салады. Берілетін жаза адам ұрлау сияқты ұқсас қылмыстар үшін кесілетін жазамен бірдей.
Заңда адам саудасымен айналысқандарды, мәжбүрлі қанау мен адам саудасына ықпал еткендерді, соның ішінде мәжбүрлі еңбекке тарту мақсатында қасақана алаяқтық немесе өтірік ұсыныстар арқылы жұмысшы жалдаған адамдарды, сондай-ақ жұмысшылардың төлқұжаттарын немесе жол жүру құжаттарын тәркілеген жұмыс берушілерді немесе еңбек агенттерін жазалау қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мигранттардың еңбегін реттеуге жауапты. Министрлік еңбек заңнамасын бұзу фактілерін, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін пайдалануға қатысты ережелердің сақталуын тексеру үшін жұмыс берушілердің жұмысын бақылап отырады. Еңбек инспекторлары адам саудасы немесе мәжбүрлі еңбекке қатысты күдіктілер туралы Ішкі істер министрлігіне немесе жергілікті полиция қызметіне хабарлайды. Ішкі істер министрлігі мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанау құрбандарын ресми түрде анықтауға және кінәлілерге қатысты қылмыстық іс қозғауға жауапты.
2019 жылы президент 2020-2023 жылдары аралығында мемлекеттік еңбек инспекторларына қойылған шектеулерді азайтатын жаңа мораторийге қол қойды. Мораторий орта және ірі бизнесті тексеруге рұқсат береді. Сонымен қатар, инспекторлардың лауазымдық нұсқаулықтары құқық қорғау органдарына ықтимал адам саудасы туралы хабарлау жауапкершілігін қамтиды. Мәжбүрлі еңбекті анықтау да инспекторлардың бақылау тізіміне кіреді.
Ішкі істер министрлігі мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанау құрбандарын анықтап, қылмыстық іс қозғауға міндетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мигранттардың еңбек мәселелерін шешуге жауапты. Өткен жылдармен салыстырғанда, Ішкі істер министрлігі негізінен жұмыс күшін сатудың шетелдік және отандық құрбандарын анықтауға бағытталған заңдарды орындады. 2019 жылы үш шетелдік мәжбүрлі еңбек құрбаны болса, 2020 жылы мемлекеттік органдармен 17 шетелдік құрбаны анықталған. Полиция мәжбүрлі еңбек құрбандарын табу үшін ведомствоаралық жұмыс жүргізді. Мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау барысында 2019 жылы 40 құрбан, 2020 жылы 88 құрбан анықталды, оның 67-і жыныстық қанау құрбаны, ал 21-і мәжбүрлі еңбек құрбаны болған. Олардың ішінде төртеуі отандық, ал он жетісі – шетел азаматтары.
2020 жылы полиция адам саудасы бойынша 72 қылмыстық істі тергеп, соттар 11 адам саудасымен айналысқандарды, оның ішінде сегіз жыныстық қанау бойынша, ал үшеуін жұмыс күшін сату қылмысы үшін соттады. Бұл – үкіметтің үш жыл ішінде мәжбүрлі еңбекке қатысты шығарған алғашқы үкімі. Үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде полиция 31 қылмыстық іс қозғады, оның алтауы – адам саудасы, 11 – кәмелетке толмағандарды сату, біреуі қанау мақсатында адам ұрлау, ал үшеуі қанау үшін бас бостандығынан заңсыз айыру, төртеуі кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту фактісі бойынша, және алтауы – жезөкшелікке тарту фактісі бойынша қозғалған.
Еңбек мигранттары міндетті немесе мәжбүрлі еңбекке ең көп тартылатындар. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, елде жыл сайын орта есеппен 1,2 миллион еңбек мигранты тіркеледі, оның ішінде маусымдық жұмысшылар да бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы елде 1,6 миллион адам мигрант ретінде тіркелген. Еңбек мигранттарының басым бөлігі Өзбекстаннан, біразы Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген. Еңбек мигранттары негізінен ауыл шаруашылығы мен құрылыста жұмыс істеген. Кейбір еңбек мигранттары ауыр шарттарда жұмыс істеген, жұмыс уақыттары ұзартылып, жалақыларын уақытында ала алмағандары да бар.
COVID-19 пандемиясы басталған кезден бастап, үкімет мигранттарға олардың заңды мәртебесін сақтауға және өз елдеріне оралуға көмектесті. Үкімет басқа Орталық Азия елдері үкіметтерімен және жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, шекараны ашу және еңбек мигранттарының, соның ішінде Ресейден транзитпен келетіндердің өз елдеріне қауіпсіз оралуына жағдай жасады.
2020 жылы парламент Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Өзбекстанның Қазақстандағы еңбекші-мигрант азаматтарын және Қазақстанның Өзбекстандағы еңбекші-мигрант азаматтарын жұмыспен қамту және қорғау туралы келісімді ратификациялады. Келісім мигранттардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуін жеңілдетіп, білім беру біліктілігін өзара қабылдап , көші-қонды реттейді және мәжбүрлі еңбектің алдын алады.
Мемлекеттік департаменттің https://www.state.gov/trafficking-in-persons-report/ сілтемесінде берілген Адам саудасы туралы есебін қараңыз.
c. Бала еңбегіне тыйым салу және жұмысқа алудың ең төменгі жасы
Жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін ең төменгі жас – 16. Алайда ата-анасының рұқсатымен 14 пен 16 жас аралығындағы балалар денсаулығына немесе оқуына кедергі келтірмейтін жеңіл жұмыстарды атқара алады. Заң балалардың зиянды еңбекпен айналысуына тыйым салады және 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс күнінің ұзақтығын шектейді.
Заң балалар еңбегінің барлық ең нашар түрлеріне тыйым салғанмен, балаларды мұндай еңбек түрінен қорғайтын заңнамада олқылықтар әлі де баршылық. Бала еңбегінің ең нашар түріне заң бойынша тыйым салынады және ол үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Қауіпті жұмыстарға тартудың ең төменгі жас мөлшерін елемеу, кәмелетке толмағандарды порнографиялық шоуларға тарту немесе кәмелетке толмағандардың порнографиялық суреттері салынған материалдарды дайындау, кәмелетке толмағандарды коммерциялық мақсатта жыныстық қанауға, адам ұрлауға немесе бостандығынан заңсыз айыруға мәжбүрлеу сияқты балалар еңбегінің ең сорақы түрлеріне адам ұрлау қылмысына кесілетін жазамен бірдей жаза тағайындалады. Ішкі істер министрлігі қылмыстық құқық бұзуды тергеуге және балалар еңбегінің ең сорақы түрін тергейтін криминалдық полицияға тренинг өткізуге жауапты.
Заңда бала еңбегінің ең нашар түріне қатысы жоқ құқық бұзушылықтар үшін жазбаша ескерту беру, тоқтату, жұмыстан шығару, кей әрекет түріне берілген лицензиясын қайтарып алу, әкімшілік жаза немесе айыппұл төлету, әкімшілік тұтқындау (кәмелетке толмағандарға қатысты заңды бұзғаны үшін сот шешімімен 15 күнге дейін қамалады) сияқты қылмыстық емес жазалар қарастырылған. Мұндай құқық бұзушылыққа еңбек шартысыз кәмелетке толмағандарды жұмысқа алу жатады. Бұл үшін жұмыс беруші айыппұл төлейді немесе лицензиясынан айырылады. Еңбек жалақысын уақытында немесе дұрыс төлемеу, демалыс бермеу, жұмыс уақытын арттыру, жұмыс орнында кемсіту үшін айыппұл салынады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бала еңбегі туралы заңды іске асыруға және әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты айыппұл салуды анықтауға жауапты.
Үкімет заңның орындалуын жүйелі түрде іске асырған жоқ. Ауыл шаруашылығында, соның ішінде көкөніс егіп, арамшөпті жұлуға және құрт теруге, сондай-ақ, құрылыста, базарлар мен көшелерде, заттарды тасымалдау мен сатуға, үй жұмысында; жанар-жағармай құю станцияларында, автокөлік жууға және автобус кондукторы немесе мейрамханаларда даяшы ретінде ең төменгі жұмыс жасына жетпеген балалар жұмысқа алынғаны анықталды. Жергілікті заңнама бұл еңбек нысандарын қауіптілік ықтималы жоғары деп анықтай келе, оларды балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің санатына жатқызды. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі жанұялық шаруа қожалықтарында немесе отбасылық бизнесте орын алған.
Полиция жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандарды сатудың 11 фактісін және кәмелетке толмағандарды коммерциялық жыныстық қанауға тартудың төрт фактісін анықтады.
Еңбек департаментінің Балалар еңбегінің ең ауыр түрі туралы есебін www.dol.gov/agencies/ilab/resources/reports/child-labor/findings сілтемесінен, Еңбек департаментінің Бала еңбегі немесе мәжбүрлі еңбек нәтижесінде жасалған заттар тізімін www.dol.gov/agencies/ilab/reports/child-labor/list-of-goods сілтемесінен қараңыз.
d. Жұмыспен қамту және кәсіпке қатысты кемсіту
Заңдар мен ережелер жынысына, жасына, мүгедектігіне, нәсіліне, этникалық тегіне, тіліне, тұрғылықты жеріне, дініне, саяси көзқарасына, тайпаға немесе тапқа, қоғамдық бірлестіктерге, мүліктік, әлеуметтік немесе лауазымды тұлғаларға байланысты жұмысқа және кәсіпке қатысты кемсітуге тыйым салады. Заң жыныстық ориентациясы, гендерлік ерекшелігі, АИТВ-позитивті болуына немесе басқа да жұқпалы ауруларға қатысты кемсітуге арнайы тыйым салмайды. Трансгендерлер құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды және әскери қызмет атқара алмайды. Заң нақты, тізімделген медициналық жағдайы немесе ауруы бар адамдардың құқық қорғау органдарында жұмыс істеуіне немесе әскери қызмет атқаруына тыйым салады.
Үкімет кемсіту туралы заңдар мен ережелерді тиімді түрде іске асырмады. ҮЕҰ кемсітуге қарсы заңнаманы орындау жауапкершілігін ешбір мемлекеттік орган өз мойнына алмағанын хабарлады. Кемсіту бұзушылықтардың көбісі ұқсас құқық бұзушылықтарға сәйкес келмейтін айыппұлмен жазаланатын әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Жүктілікке, мүгедектікке немесе азшылдық топ мәртебесіне байланысты еңбек шартын заңсыз бұзу сияқты жағдайларды қылмыстық құқық бұзушылық деуге болады және оған сайлауға араласу сияқты азаматтық құқықтарға қатысты заң бұзуға сәйкес келетін жаза тағайындалады.
Мүгедектердің, трансгендерлердің, жетімдердің және бұрын сотталғандардың жұмысқа орналасуына және кәсіптеріне қатысты кемсіту көптеп орын алған. Трансгендерлер жұмыс орнында кемсітуге ұшырап қана қоймай, жыныстық сәйкестігі үшін оларды үнемі жұмыстан шығарған. ҮЕҰ-ның хабарлауынша мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы қиын . Заң әйелдер мен ерлер істейтін бірдей жұмысқа бірдей жалақы беруді талап етпейді.
12 қазанда президент әйелдерге ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге тыйым салуды алып тастайтын заң түзетулеріне қол қойды. Тізімде бұған дейін әйелдерге 213 кәсіп пен жұмыс орнында жұмыс істеуге тыйым салынған болатын.
e. Тиімді еңбек шарты
Айлық және жұмыс уақыты туралы заңдар: Елдегі ең төменгі айлық жалақы кедейлік шегінен жоғары. Әр аймақтың өзіне тән кедейлік шегі бар. Заң бойынша қалыпты жұмыс аптасы 40 сағаттан аспауы керек. Заң ауыр қол еңбегін немесе қауіпті жұмыстың апталық ұзақтығын 36 сағатқа дейін шектейді. Заңға сәйкес артық жұмыс сағаты күніне екі сағаттан, ал, ауыр қол еңбегі күніне бір сағаттан аспауы керек. Қосымша жұмыс үшін айлығына кемінде 50 пайыз үстеме ақы төленуі керек. Заң зиянды ортада мәжбүрлі түрде артық жұмыс істеуге тыйым салады. Заңда еңбек шартында әрбір қызметкер үшін жұмыс уақыты, мереке күндері және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы белгіленуі қажеттігі айтылған. Заң бойынша қызметкерлер жылына 24 күндік ақылы еңбек демалысын алуға құқылы.
Жазда Маңғыстау облысы мұнай қызметі саласында мұнай компанияларының өз жұмысшылары, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің жалақысы арасындағы айырмашылыққа байланысты көп ереуіл болды. Ереуілдер «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік мұнай компаниясының 2020 жылдың желтоқсан айында келісімшартқа енгізген өзгертулерінен кейін басталды. Өзгертулерге сәйкес, келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жалақысы компанияның міндеттері мен білімі ұқсас қызметкерлерінің жалақысынан кем болмауы тиіс.
Қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» бас директоры Алик Айдарбаев бұл өзгерістердің барлық мердігер компанияларында таралмайтынын атап өтіп, қосалқы мердігерлердің өзгерістерді қате түсінгендерін айтты.
Еңбек қауіпсіздігі және денсаулық: Үкімет негізгі өнеркәсіп түрлеріне сай келетін денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі стандарттарын белгілейді. Заң жұмыс берушілерден жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмысты тоқтатуын және жұмысшыларға кез келген зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайлары туралы, кез келген кәсіптік аурулар туралы ескертуді талап етеді. Үкімет сарапшылары еңбек қауіпсіздігі және жұмыс орнындағы денсаулық стандарттарын белгілейді және бақылайды. Заң жұмысшыларға олардың денсаулығына немесе қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда жұмыстан кету құқығын береді, бұл олардың жұмыстарына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Маусымда үкімет 2025 жылға дейін қолданыста болатын Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекітті. Жоспар өндіріс жарақатын 10 пайызға дейін, зиянды ортада жұмыс істейтін жұмысшылар санын 20 пайызға дейін азайтуға бағытталған.
Кей өңірлерде дәрігерлер ауылдық ауруханаларда медициналық құрал-жабдықтардың, сынама құрылғыларының және медициналық мамандардың тапшылығына шағымданып отыр. Жамбыл облысының бір дәрігері өзінің шамамен 85,000 тұрғыны бар Меркі ауданындағы бас ауруханада COVID-19 пациенттерімен айналысатын жалғыз жұқпалы ауру маманы екенін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақы, жұмыс уақытын шектеу, үстеме жұмыс, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулық стандарттарын енгізді. Заң бойынша еңбек инспекторлары заң бұзушылықты анықтау үшін жұмыс орындарында жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізуге құқылы. Тексерудің екі түрі де құқық қорғау органдары өтінішімен немесе денсаулық пен қауіпсіздік шағымына байланысты болмаса, тек жазбаша ескертуден кейін ғана жүргізіледі. Қаңтар-маусым айлары аралығында инспекторлар 1900 тексеру жүргізіп, 3000 заң бұзушылық фактісін анықтаған. ҚРКФ қорытындысына сәйкес заң бұзушылық жалақының уақытында берілмеуіне, заңсыз немесе мәжбүрлі қысқартуына, еңбек қауіпсіздігіне, ұжымдық келісімдердің сақталмауына, тең емес төлемдерге, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек жағдайына және жалақыны қате индекстеуге қатысты болған. Бұл бұзушылықтардың кейбіріне жергілікті кәсіподақтардың болмауы ықпал етті.
Заң жұмыс берушіде декларацияның болуын талап етеді. Бұл жүйе бойынша еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келетін кәсіпорындарға сенім сертификатын бере алады. Аттестациядан өткен кәсіпорындар үш жыл бойына еңбек инспекциясының тексеруінен босатылады. Еңбек құқығын қорғаушылардың пікірінше, бұл тәжірибе еңбек жағдайын нашарлатып, туындаған проблемаларды жасыруы мүмкін.
Заң бойынша кез келген кәсіпорын немесе компания жұмыс берушінің өкілдері мен жұмысшылар арасындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін өндірістік кеңес құра алады. Бұл кеңестер қызметкерлердің еңбек жағдайын тексеру үшін техникалық еңбек инспекторларын тағайындауға құқылы және олардың шешімдері жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де міндетті. Үкіметтің мәліметінше, сәуір айында 15575 өндірістік кеңес және 17595 ерікті еңбек инспекторы жұмыс істеген.
Үкімет заңды жүйелі түрде іске асырған жоқ. Заң бұзушылық қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық деп есептеледі, сондықтан ең төменгі жалақы мен артық жұмыс уақытына байланысты бұзушылықтар үшін кесілген жаза алаяқтық сияқты қылмысқа кесілген жазамен бірдей болмайды. Мысалы, алаяқтық үшін сотталғандарға белгіленген ең төменгі жаза ретінде қомақты айыппұл төлеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, жалақы немесе артық жұмыс уақытына жалақы төлеу ережелерін бұзғаны үшін тек айыппұл төлеу қарастырылған. Денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі заңын бұзғаны үшін берілетін жаза да абайсыздық сияқты қылмысқа сәйкес емес. Кейбір жұмыс берушілердің денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі ережелерін елемейтіні туралы хабарламалар бар.
Өндірістік жарақаттар бойынша өңдеу секторында 520 жұмысшы, тау-кен өндірісінде 349 жұмысшы, құрылыс саласында 229 жұмысшы жарақат алған. Қаза тапқандардың көбісі құрылыс секторында – 54 жұмысшы – болса, одан кейін өңдеу секторында – 39 адам, тау-кен өнеркәсібінде – 24 адам қаза болған. Үкімет еңбекке байланысты өлім-жітімнің көп болуын ескірген құрал-жабдықтармен, зиянды еңбекпен айналысатын жұмысшылардың кәсіпке байланысты ауруларының дұрыс анықталмауымен және қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланыстырады. Сарапшылар сондай-ақ, өндірістегі апаттардың басқа да негізгі себептері ретінде жұмысшылардың біліктілігінің төмендігін, қауіпсіздік техникасы бойынша білікті инженерлердің тапшылығын және компаниялардағы жемқорлықты атады. Өлім ең көп орын алатын кәсіптерге жасалған сараптамалық талдау бойынша ең қауіпті жұмыс түріне тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және мұнай-газ салаларын жатқызуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылы қызметкерлердің 23 пайызы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегенін хабарлап отыр.
ҚРКФ мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы өлімге әкелген жағдайлардың 78 пайызында жұмыс берушілер денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтамаған. Кейбір компаниялар жарақат алған жұмысшыларға өтемақы төлеуден жалтаруға тырысты. Жұмысшы еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған жағдайда компаниялар адам өліміне әкелмеген өндірістік жарақат үшін өтемақы төлеуден бас тартуы мүмкін.
Тамызда Қарағанды еңбек инспекциясы «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) металлургия өндірісі басшылығын 26 мамырда орын алған қайғылы оқиға үшін жауапқа тартты. Бұл күні крандарды көтеру кезінде шойын шөміш құлап, ішіндегісі екі операторға төгіліп, екі краншы күйіп қалған еді. Қарағанды еңбек инспекциясы АМТ-нің еңбек жағдайын дұрыс ұйымдастырмағанын және бұзылған құрылғыны қолданғанын алға тарта отырып, оны қайғылы оқиғаға 100 пайыз кінәлі деп тапты.
Бейресми сектор: Үкімет 2020 жылы елдегі тоғыз миллион адамнан тұратын жұмыс күшінің 1,22 миллионы бейресми экономикада жұмыс істегенін хабарлады. Мемлекеттік статистика бейресми жұмыс істейтіндерге жұмыспен қамтылған деп те, жұмыссыз деп те тіркелмеген деген анықтама береді. Үкімет сондай-ақ жалақысы өзінен немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды бейресми экономикада жұмыс істейтіндер санатына жатқызады. Қаржы министрлігінің өкілі бір жыл ішінде жұмысшылардың үштен бірі бейресми секторда жұмыс істегенін ерекше атап өтті. Бейресми жұмысшылар бөлшек сауда, көлік қызметі, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік, сұлулық және шаштараз салондары, кір жуу және химиялық тазалау сияқты кәсіпорындарда жұмыс істеген. Шағын кәсiпкерлер мен олардың қызметкерлерi негізінен денсаулық сақтау, әлеуметтiк және зейнетақы төлемдерiнсіз жұмыс iстеп, әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiне қосылмаған.