Flag

An official website of the United States government

Әлем елдеріндегі діни сенім бостандығы жөніндегі баяндама: Қазақстан, 2021 жыл
4 Хаттаманы оқу
Шілде 26, 2022

Қысқаша сипаттама

Конституцияға сәйкес, Қазақстан діни сенім бостандығына, сондай-ақ дiнді ұстану бостандығына кепілдік беретін зайырлы мемлекет болып табылады. Дін мәселелеріне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (АҚДМ) Дін істері комитеті (ДІК) жауапты болып табылады. Жергілікті және халықаралық бақылаушылардың айтуынша, билік органдары үкімет тарапынан «дәстүрлі емес» деп танылған діни бірлестіктерге шектеу қойып өз бақылауына алды, олардың қатарында елде ресми танылған исламдағы сунниттік  Ханафи мәзһабынан бөлек ағымды ұстанатын мұсылмандар мен протестант христиандар бар. Билік органдары адамдарды діни сеніміне байланысты тұтқындауды, ұстауды және қамауға алуды; діни сезімдерді білдіруді шектеуді; тіркелмеген бірлестіктерге өз дінін ұстануға жол бермеуді; бейбіт діни жиындарды шектеуді; қоғам алдында діни сенімді білдіруді шектеуді; діни киім-кешекті қоса алғанда, діни көзқарас пен діни әдет-ғұрыптарды шектеуді; «діни алауыздыққа түрткі болатын» мәтін үшін жауапқа тартуды; прозелитизмді шектеуді; діни әдебиетті жариялау мен таратуды шектеуді; діни мазмұндағы цензураны шектеуді жалғастырды.

Бақылаушылардың айтуынша, үкімет діни салт-жоралар мен мақсаттар үшін пайдаланылатын ғимараттарды сатып алуға немесе пайдалануға да шектеу қойған. Үкімет діни қызметтерге тексерістер жүргізуді, жеке адамдарды «заңсыз миссионерлік қызмет» үшін қудалауды және кейбір діни бірлестіктерді тіркеуден бас тартуды жалғастырды. Кейбір діни азшылық топтар жергілікті билік органдарының олардың мүлкіне тыйым салу әрекеттеріне тап болған. Билік өкілдері христиандық, мұсылмандық және «Кришна санасы қоғамы» топтарының мүшелерін діни сенімдерін діни заңдарды бұзатын жолдармен ұстанғаны үшін қамап, айыппұл салды. 29 желтоқсанда үкімет заңға өзгерістер енгізіп, діни ұйымдарға қойылатын талаптардың бірқатарын алып тастады. Бірақ діни топтар қалған талаптардың өзін негізсіз көріп, олардың түкке қажеті жоқ деген пікір білдірді. Енгізілген өзгерістер президенттің маусым айындағы жарлығына сәйкес, діни ұйымдарды тіркеу мүмкіндігін жақсарту туралы нұсқауларды қамтиды. Қыркүйек және қазан айларында мемлекеттік органдар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының шекарасынан өткен төрт мұсылман этникалық қазаққа берілген босқын мәртебесінің мерзімін тағы бір жылға ұзартқан. Бұл шешім Қытайға оралған кезде қудалаудың құрбаны болу қаупінің себебіне байланысты қабылданды.

Бақылаушылар мен діни азшылық топ өкілдерінің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің мақалалары немесе хабарларында «дәстүрлі емес» саналатын азшылық діни топтардың, соның ішінде Иегова куәгерлері мен Саентология шіркеуінің беделін түсіруді жалғастырды. Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ)  және ғылыми бірлестіктері өкілдерінің мәлімдеуінше кейбір діни топтардың мүшелері, соның ішінде хиджаб киген мұсылмандар және  белгілі бір діннің өкілдері екенін білдіретін киім киген топтар , сондай-ақ кейбір христиан қауымдастықтарының өкілдері, соның ішінде евангелистер, баптистер және Иегова куәгерлері қоғам тарапынан оларға біржақты қарау проблемасына тап болуда және кемсітушілікке ұшырауда.

АҚШ елшісі және АҚШ-тың басқа да лауазымды шенеуніктері билік органдарымен диалогқа шығып отырды, сонымен қоса, жалпы және нақты бір жағдайларда діни сенім бостандығын құрметтеудің маңыздылығын атап өте отырып, АҚДМ және ДІК-мен үнемі және тұрақты қарым-қатынаста болды. Осы диалог барысында үкіметтің діни қызмет туралы заңнамаға енгізген өзгерістері, сондай-ақ дін туралы заңдар мен қылмыстық және әкімшілік кодекстерді жүзеге асыруының нәтижесінде діни сенім бостандығына тигізетін кері әсері, әсіресе бейбіт діни сарында сөз сөйлеу, тіркелмей дұға ету және діни әдебиеттердегі цензураға қатысты қылмыстық жаза қолдануға байланысты туындаған алаңдаушылықтар талқыланды. Америка Құрама Штаттарымен діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі екі жақты жұмыс тобы кез келген адамға елде өз сенімін еркін ұстануға мүмкіндік беретін ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін маусым айында сырттай кеңес өткізді. АҚШ дипломатиялық қызметкерлері көптеген діни қауымдастықтар мен діни сенім бостандығын жақтаушылармен тілдесті. Елшілік қызметкері АҚШ-тағы өкілетаралық ҮЕҰ, АҚДМ, ДІК және үкімет «дәстүрлі емес» деп санайтын көптеген протестанттық топтардан тұратын Қазақстанның діни ұйымдары қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған конфессияаралық семинарға қатысты. Семинар елдегі діни толеранттылықты арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, елшілік діни бостандықты құрметтеуге шақырып, әлеуметтік желілерде науқандар өткізді.

I бөлім. Діни демография

АҚШ үкіметі Қазақстандағы жалпы халық саны 19,2 миллион адамды құрайды деп бағалайды (2021 жылдың ортасындағы жағдай бойынша). 2009 жылы жүргізілген соңғы халық санағының нәтижелері бойынша халықтың 96,7 пайызының діни сенімі бар екені анықталды. ДІК зерттеуі 2019 жылғы халықтың 92,8 пайызы дінді ұстанатынын көрсетті. 2009 жылғы халық санағы бойынша тұрғындарлың 70 пайызы мұсылмандар, олардың көпшілігі ханафи мектебіне жататын сунниттер. Басқа ислам топтарына шафиит мазхаб сүнниттері, шииттер, сопылар және Ахмадия мұсылмандары қауымдастығы кіреді.

2009 жылғы халық санағы бойынша тұрғындардың 26 ​​пайызы христиандар, олардың көпшілігі православиелік орыстар. Христиандардың арасында рим-католиктері, грек-католиктері, лютерандықтар, пресвитериандар, жетінші күн адвентистері, методистер, менониттер, елуліктертер, баптистер, Иегова куәгерлері, Иса Мәсіхтің соңғы замандағы әулиелері шіркеуінің мүшелері және христиан ғалымдары, Бірлестік пен бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін отбасы федерациясының мүшелері (Бірлестік шіркеуі) бар. Этникалық қазақтар және басқа да ортаазиялық этникалық топтар өздерін мұсылман деп санайды, ал этникалық орыстар мен украиндар өздерін христиан деп санайды.

Халықтың 5 пайызынан азын құрайтын басқа діни топтарға еврейлер, буддистер, Кришна санасы халықаралық қоғамының мүшелері, бахаилер және саентологтар кіреді.

Мемлекеттік сараптама орталығының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, дінге сенбейтіндер мен атеисттердің үлесі халықтың 18,8% құрады.

II бөлім. Үкіметтің діни сенім бостандығын құрметтеу мәртебесі  

Құқықтық негіз

Конституцияға сәйкес, Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, мұнда діни сенім бостандығына, сондай-ақ дiнді ұстану бостандығына кепілдік беріледі. Бұл құқықтар конституциялық құрылым, қоғамдық тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтары, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау үшін қажетті заңдармен ғана шектелуі мүмкін.

Конституцияға сәйкес барлық адамдар діни немесе басқа да наным-сенімдерді ұстануға, діни іс-шараларға қатысуға және өз нанымдарын таратуға құқылы. Бұл құқықтар іс жүзінде «дәстүрлі» немесе тіркелген діни топтармен шектеледі. Заңда «дәстүрлі» діни топтардың анықтамасы жоқ, бірақ бұл ханафи мазхабындағы сүнниттер, православиелік христиандар, католиктер, лютерандар болып саналады.

АҚДМ және ДІК елдегі діни тәжірибені реттейді. Заңға сәйкес, АҚДМ дін саласындағы мемлекеттік саясатты жасауға және іске асыруға, сондай-ақ үкіметтің және азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз етуге жауапты. Сонымен қатар, діни қызмет пен экстремизм туралы заңдарға қатысты бұзушылықтарды қарастырады. АҚДМ заңнама мен нормативтік актілерді әзірлейді, діни материалдарға талдау жасайды және цензура туралы шешім қабылдайды. Барлық діни бірлестіктер діни материалдарды таратпас бұрын бекітуге міндетті. Алайда, 29 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Дін туралы Заңға енгізілген түзетулер бойынша тіркелген діни топтар осы талаптан босатылады. АҚДМ діни бірлестіктерге тыйым салу және Діни қызмет туралы заңнаманы бұзатын жеке тұлғаларға санкциялар салу үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді, діни тәжірибені реттеуде жергілікті билік органдарының әрекеттерін үйлестіреді және дін туралы заңның ресми түсіндірілуін қамтамасыз етеді.

Терроризмге қарсы заң діни ұйымдардан діни ғимараттарды ықтимал террористік шабуылдардан қорғауды талап етеді; діни ұйымдар аталмыш талапты орындай алмаған жағдайда үкімет оларға қарсы шара қолдануы мүмкін. Заң бойынша мемлекеттің конституциялық негізіне, егемендігіне немесе аумақтық тұтастығына қауіп төнбеген жағдайда, мемлекет азаматтардың  дінді таңдауына кедергі болмайды.

Қылмыстық және әкімшілік кодекске сәйкес, заңсыз діни қызмет үшін жаза қарастырылған, оған тіркелмеген діни топтардың қызметін ұйымдастыру және оған қатысу, діни қызметті рұқсат етілген аумақтардан тыс жерлерде жүргізу, діни материалдарды лицензиясыз тарату немесе діни қызметкерлерді оқыту, үкіметтің рұқсатынсыз немесе үкімет мақұлдамаған жерлерде діни әдебиетті сату, сондай-ақ миссионерлік қызметті міндетті тіркеусіз жаңа мүшелерді  тарту мақсатында дінді талқылау жатады.  Аталмыш әрекеттер үшін қылмыстық жаза қолданылады, яғни жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады және 20 419 000 теңге (46 700 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.  Онша ауыр емес бұзушылықтар үшін жергілікті прокурор мен судья қосымша сот ісін жүргізусіз әкімшілік жаза қолдануы мүмкін. Әкімшілік жаза ретінде 30 тәулікке дейін қамауға алу және жеке тұлғаларға 583 400 теңге (1 300 АҚШ доллары), лауазымды тұлғаларға 875 100 теңге (2 000 АҚШ доллары), ұйымдарға 1 458 500 теңге (3 300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұлдар салу шаралары қолданылады. 29 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Дін туралы Заңға енгізілген түзетулер құлшылық үйлерінен тыс қызметпен айналысатын діни ұйымдар үшін бұрын талап етілетін рұқсат беру жүйесін  ескерту жүйесіне өзгертті.`

Қылмыстық кодекс «дінаралық алауыздықты тудыруға» тыйым салады, оған «азаматтардың дініне немесе басқа да сипатына байланысты бірегейлігін, артықшылығын немесе кемшілігін насихаттау» жатады. Діни төзімсіздік пен бірегейлікті насихаттайтын қоғамдық институттарды құру және басқару қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады, – аталмыш әрекет үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Діни бірлестіктер мен басқа да ұйымдарға қатысты қолданылатын экстремизм туралы заң мемлекетке кез келген топты «экстремистік ұйым» ретінде тануға, белгілі бір топтың қызметіне тыйым салуға және тыйым салынған ұйымға мүше болғаны үшін жаза қолдануға мүмкіндік береді. Заң «экстремизмді» конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, елдiң егемендiгiн немесе аумақтық тұтастығын бұзуға, ұлттық қауіпсіздікті бұзуға, билікті күшпен тартып алуға немесе ұстап қалуға, қарулы көтеріліске, зорлық-зомбылыққа шақыратын этникалық, діни немесе өзге де қоғамдық алауыздықты тудыруға, немесе қауіпсіздік пен денсаулыққа қауіп төндіретін кез келген діни тәжірибені пайдалануға бағытталған іс-әрекет немесе ұйым ретінде анықтайды. Экстремистік ұйым – «экстремизммен айналысатын және сот экстремистік деп таныған заңды тұлға, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі». Заңда топтың «террористік» немесе «экстремистік» деп танылуы бойынша сот ісін жүргізудің оңтайландырылған тәртібі ұсынылған, оған сәйкес соттың қарау және шешім шығару үшін қажетті уақыты 72 сағатқа дейін қысқартылған. Іс-әрекет құқық бұзушылық заңды түрде анықталған соң, лауазымды тұлғалардың ұйымның тіркеу құжатын жоюға, осылайша оның заңды жұмысын тоқтатуға және мүлкін тәркілеуге құқылы. Прокурорлар жыл сайын мемлекеттік органдарда тіркелген барлық топтарды қолданыстағы заңнаманы сақтауын тексеруге құқылы.

Елімізде экстремизм туралы заң бойынша 22 діни ұйымға ресми түрде тыйым салынған. Тыйым салынған ұйымдардың көпшілігі ханафи мектебіне жататын сунниттік ислам бағытынан басқа исламды ұстанады. Тыйым салынған ұйымдар тізіміне «Хизб ут-Тахрир», «Талибан», «Күрд халық конгресі», «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы», «Мұсылман бауырлар» және «Қоғамдық реформалар қоғамы», сондай-ақ «Ирак пен Сирия Ислам мемлекеті» және «Өзбекстан ислам» қозғалысы сияқты террористік ұйымдар кіреді.

Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес, Қаржы министрлігі терроризм немесе экстремизмге  қатысты қылмыстарды жасауға кінәлі деп танылған адамдардың қаржылық шоттарын тоқтатуға құқылы.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады, ол үшін 252 500 теңге (580 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлетеді. Кінәлі деп танылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам депортациялануы мүмкін.

Діни ұйым республикалық, облыстық немесе жергілікті деп танылуы мүмкін. Жергілікті деңгейде тіркелу үшін діни топтар Әділет министрлігіне кем дегенде 50 негізін құрушы-мүшенің аты-жөні мен мекенжайын көрсетіп, өтініш беруі тиіс. Бұл бірлестіктер облыстық немесе республикалық деңгейде тіркелетін мүшелерінің саны жеткілікті болмаған жағдайда, тіркеліп жатқан географиялық аумақтың шеңберінде ғана жұмыс істей алады. Өңірлік ұйымды тіркеу үшін әр түрлі аймақта  орналасқан кем дегенде екі жергілікті ұйымды қажет етеді және әр жергілікті бірлестікте кемінде 500 адам болуы тиіс. Республикалық тіркеу үшін елдегі әр 14 облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан кемінде 300 адамның, жалпы саны кем дегенде 5000 адамның болуы қажет. Діни қызметкерлерді оқытатын білім беру мекемелерін республикалық және өңірлік деңгейде тіркелген бірлестіктер ғана ашуға құқылы.

Заңға сәйкес, діни бірлестіктің мүшелерінің саны жеткіліксіз болған жағдайда немесе ДІК жүргізген сараптама нәтижесінде діни бірлестіктің Жарғысы мен кез келген заңның арасында сәйкессіздіктер болса, билік органы діни топты тіркеуден бас тарта алады. Әкімшілік кодекске сәйкес, тіркелмеген немесе тыйым салынған діни бірлестікке, сондай-ақ, қызметі тоқтатылған діни бірлестіктерге мүшелік ететін, басқаратын немесе қаржыландыратын жеке тұлғаларға 126 250 – 505 000 теңге (290-1200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Әкімшілік кодексте жиналыс өткізуге рұқсат етілмеген ғимараттарда діни жиналыстар өткізгені үшін; ДІК тарапынан мақұлданбаған діни материалдарды сырттан әкелгені, басып шығарғаны немесе таратқаны үшін; тіркелген ұйымның жарғысы мен нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келетін іс-әрекеттерді жүйелі түрде жүргізгені үшін; діни объектілерді рұқсатсыз салғаны үшін; заңға қайшы келетін жиналыстар мен қайырымдылық іс-шараларын өткізгені үшін; немесе конституция мен заңдарды бұзғаны үшін тіркелген бірлестіктерге 505 000 теңге (1200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл және қызметін үш айға тоқтату сияқты жазалар қарастырылған. Аталмыш әрекеттерді жүзеге асыратын жеке тұлғаларға 126 250 теңге (290 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады. Полиция бұл айыппұлдарды сотқа жүгінбей-ақ салуы мүмкін. Айыппұлмен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге болады.

Егер ұйым, оның басшылары немесе мүшелері сол ұйымның жарғысында көрсетілмеген қызметпен айналысса, оған ескерту жасалады және (немесе) 252 500 теңге (580 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік кодекс бойынша, осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанса, заңды тұлғаға 378 750 теңге (870 АҚШ доллары) айыппұл салынады және үш айдан алты айға дейін қызметі тоқтатылады.

Әкімшілік кодекске сәйкес, егер діни ұйым тыйым салынған қызметті жүзеге асыратын болса, немесе қызметін тоқтатуға себеп болған бұзушылықтарды түзетпесе, лауазымды тұлғаға немесе ұйым басшысына 505 000 теңге (1200 АҚШ доллары) көлемінде, ал ұйымға 1 262 500 теңге (2900 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады және оның қызметі белгісіз уақытқа тоқтатылады.

Заң жергілікті билікке діни ғимараттар мен құрылыстардан тыс діни іс-шараларды өткізу орнын таңдауды «үйлестіруге» өкілеттік береді. Заң бойынша, тұрғын үй-жайларда діни іс-шараларды ұйымдастырушылар «көршілердің құқықтары мен мүдделерін» ескерулері қажет. Билік органдары кейде мұны көршілерден рұқсат алу талабы ретінде түсіндіреді.

Билік органдары айыппұл салынып, алайда оны төлемеген және дін туралы заңдарды бұзғаны үшін айыппұл төлемеген адамдарға да елден кетуге рұқсат бермейді.

Заң адамды қандай да бір дінді ұстауға мәжбүрлеуге, діни топтың қызметіне немесе діни рәсімдерге қатысуға мәжбүрлеуге тыйым салады.  Заң азаматтардың және тұрғындардың денсаулығына немесе имандылығына зиян келтіретін, отбасылық қарым-қатынасты үзіп, ажырасуға әкелетін, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзатын немесе азаматтарды конституция мен заңнамада көрсетілген міндеттерді орындаудан жалтаруға итермелейтін мәжбүрлейтін діни іс-әрекеттерге тыйым салады. Алайда, бұл міндеттерге Үкімет кеңінен анықтама беруге тиіс. Заң қайырымдылыққа тәуелді дінді жаңадан қабылдаған адамға қатысты прозелитизм әдістерін пайдалануға тыйым салады. Заң, сондай-ақ, діни қызметке қатысуға мәжбүрлеу мақсатымен бопсалауға, зорлық-зомбылыққа, қоқан-лоқы көрсетуге немесе материалдық қорқыту құралдарын пайдалануға тыйым салады.

Заң бойынша тұтқын діни рәсім жасау үшін діни қызметкердің көмегіне жүгінген жағдайда, ол діни қызметкерді ресми тіркелген діни бірлестіктен түзеу мекемесіне шақыра алады, алайда бұл түрменің ішкі ережелеріне қайшы келмеуі тиіс. Заңда түрме аумағында ғибадат орындарын салуға тыйым салынған. Заңға сәйкес, діни ұйымдар түрмелерді бақылауға, оның ішінде түзету жүйесін жетілдіруге бағытталған бағдарламаларды құруға және іске асыруға, сондай-ақ, түрме жүйесіне байланысты заңдар мен нормативтік актілердің жобаларын әзірлеп, талқылауға қатыса алады. Діни топтар қамаудағыларға гуманитарлық, әлеуметтік, құқықтық және қайырымдылық көмекті анықтап, беріп, тарата және бақылай алады. Олар заңға қайшы келмейтін болса, пенитенциарлық жүйе органдарына басқа да көмек түрлерін ұсына алады. Заңға сәйкес, тұтқындар діни әдебиетті пайдалана алады, бірақ ДІК оған сараптама жүргізіп, дін саласындағы сарапшы мақұлдауы керек. Заңда дін саласындағы сарапшы болу үшін қандай біліктілік қажет екені көрсетілмеген.

Заңда «діни туризм» «адамдар уақытша тұрғылықты елде (жерде) діни салт-жораларды орындайтын туризм түрі» ретінде анықталған және оны АҚДМ реттеуі тиіс деп көрсетілген. АҚДМ Алматы қаласының Бас имамы басқаратын және ДІК лауазымды тұлғаларын қамтитын діни үкіметтік емес ұйым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) бірге діни салт-жораларды орындау үшін адамдардың қажылыққа немесе басқа сапарға баруын бақылауға жауапты болады. Мемлекет әр топты арнайы таңдап алынған гидтер мен имамдар алып жүруін талап етеді, бұл ережелер қажылыққа барушылар экстремистік діни топтардың ықпалына түспес үшін ойластырылған.

Заң діни рәсімдерді мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында, оның ішінде әскери немесе құқық қорғау органдарына тиесілі ғимараттарда жүргізуге тыйым салады.

Заң бойынша діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды шығару, жариялау мен тарату ДІК жүргізген сараптама қорытындысы оң болған жағдайда ғана рұқсат. Діни материалдарды жеке пайдалану үшін тек бір данасын ғана әкелуге рұқсат етіледі, бұл жағдайда ДІК оны сараптамадан өткізу міндетті емес.

Заңда баланың денсаулығына зиян келген немесе баланың құқығы бұзылған жағдай орын алмаса, ата-аналарға балаларын өз діни нанымдарына сәйкес тәрбиелеуге мемлекеттің кедергі жасауға құқығы жоқ екені көрсетілген.

Заң ата-ананың бірі немесе басқа да заңды қамқоршылардың бірі қарсы болған жағдайда, ұйымнан «18 жасқа толмаған жасөспірімнің діни бірлестіктің қызметіне қатысуын болдырмау үшін шара қабылдауды» талап етеді. Заң діни қызметті, оның ішінде прозелитизмді, балалар мерекесінде, спорттық, шығармашылық іс-шараларда және басқа да бос уақытта, лагерьлерде, шипажайда жүргізуге тыйым салады. Ұйымдардың кәмелетке толмағандардың діни қызметке араласуын шектеу қажеттігі қаншалықты екені анықталмаған және бұл билік органдары тарапынан да белгіленген жоқ.

Заң мемлекеттік мектептерде, колледждерде немесе университеттерде діни оқуға тыйым салады. Үйде оқыту кезінде де діни білім беруге тыйым салынады. Заңда мектептен тыс және басқа да қосымша діни оқуларға рұқсат беріледі, бірақ оны тіркелген діни бірлестік өткізуі тиіс. Жарлық бойынша мектеп оқушылары білім берудің зайырлы сипатына сай келетін мектеп формаларын киюі тиіс, бетті бүркеп, басты орап алу сияқты белгілі бір дінге қатыстылықты білдіретін кез келген киім элементтеріне тыйым салынады.

Сайлау туралы заң дінге негізделген саяси партияларға тыйым салады.

Қылмыстық кодекс «азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетумен, олардың денсаулығына зиян келтірумен немесе азаматтарды азаматтық міндеттерін орындаудан жалтаруға шақырумен» байланысты қызметпен айналысатын діни немесе қоғамдық бірлестіктерді құруға, басқаруға, не белсенді түрде қатысуға, сондай-ақ діни негізде партия құруға және жетекшілік етуге тыйым салады. Кодекс мұндай әрекет үшін 15,2 миллион теңгеге дейін айыппұл (34 800 АҚШ доллары) немесе алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Елде миссионерлік немесе басқа діни қызметті жүзеге  асыру үшін шетелдіктер миссионерлік немесе діни виза алуы керек. Бұл визалар адамға алты айға дейін елде тұрақтауға және тұрақтау мерзімін тағы алты айға дейін ұзарту мүмкіндігін береді. Миссионерлік визаны алу үшін өтініш берушілерде елде ресми тіркелген діни бірлестіктің шақыртуы болуы тиіс. ДІК  шақыру хатын  мақұлдауы тиіс. Өтініш берушілер өтініш берген сайын ДІК-нің келісімін алуы керек. ДІК діни сарапшыларының теріс бағасына сүйене отырып немесе миссионерлер елдің конституциялық құрылымына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына немесе кез келген адамның денсаулығы мен имандылығына қауіп төндіретін болса, миссионерлік виза өтінімдерін растамауға құқылы. Конституция бойынша шетелдік діни бірлестіктер өз қызметін, соның ішінде жергілікті қауымдардың басшыларын тағайындауды   «тиісті мемлекеттік мекемелермен келісе отырып», атап айтқанда, ДІК және Сыртқы істер министрлігімен (СІМ) жүзеге асырады. Шетелдіктер діни бірлестіктерді тіркей алмайды.

Жергiлiктi және шетелдiк миссионерлер жыл сайын облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарында тіркелуге және өзінің діни тиесілігі, миссионерлік жұмыстың болжамды аумағы және осы жұмысты жүргізудің болжамды мерзімдері туралы ақпарат беруге міндетті.  Миссионерлер өзінің миссионерлік қызметін жүргізуге қолданатын барлық әдебиеттер мен басқа да материалдарды тіркеуге берілетін өтінішпен қоса беруі керек. Тіркеу кезінде сараптамадан өтпеген материалдарды пайдалану заңсыз болып табылады. Миссионер діни бірлестіктің атынан жұмыс істеу үшін тіркеу құжаттары мен демеуші діни ұйымның сенімхатын тапсыруы керек. Облыстың немесе  Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары миссионерлердің қызметі «конституциялық тәртіпке, әлеуметтік тәртіпке, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қауіп төндіреді», деп таныса, миссионерлердi тiркеуден бас тартуы мүмкiн.

Заңда діни нанымдар бойынша жалпыға бірдей әскери міндеттіліктен бас тарту құқығы қарастырылмаған, бірақ Иегова куәгерлерін қоса алғанда танылған діни ұйымдардың діни қызметкерлері қызметтен босатылуы мүмкін.

Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге мүше болып табылады.

Билік органдарының әрекеттері

«Форум 18» діни сенім бостандығы жөніндегі халықаралық үкіметтік емес ұйымның деректеріне сәйкес,жыл соңында 24 суннит мұсылман өздерінің діни қызметіне немесе нанымына байланысты жаза өтеп жатты; бұл сан 2020 жылмен бірдей. Сегіз адам жазасын «бас бостандығын шектеу» түрінде өтеді, оның ішіе сынақ мерзімі мен міндетті қоғамдық жұмыстар кірді, ал кейбір жағдайларда сот олардың жүріп-тұру бостандығына шектеу қойған. Жаза мерзімін өтеген он алты адамға діни қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Азаматтық қоғам өкілдері түрме жазасын немесе бас бостандығын шектеу жазасын өтеп болса да, олардың банктік шоттары әлі күнге дейін бұғатталуда екенін хабарлады. «Форум 18» ұйымының хабарлауынша, билік органдары әдетте терроризм немесе экстремизм айыптары бойынша сотталған адамдарды Қаржы министрлігінің «терроризмді немесе экстремизмді қаржыландырумен байланысты» жеке тұлғаларының тізіміне қосып, олардың банктік шоттарын бұғаттаған. Бұл адамдардың отбасылары шоттарының бұғатталғанын банкке хабарласқаннан соң ғана білген. «Форум 18» ұйымы басқа табыс көздері болмаса, туыстарына шоттан аздаған қаражат шешіп алуға рұқсат етілетінін мәлімдеді.

Полиция 11 мамыр күні Алматыдағы Қытай Халық Республикасының (ҚХР) консулдығы алдында 93 күн бойы наразылық білдірген сегіз адамды қамауға алды, олар Шыңжаңда ұсталған мұсылман этникалық қазақтар туыстарының мүдделерін қорғады. 23 қыркүйекте шерушілер Нұр-Сұлтандағы ҚХР елшілігі алдында бейбіт түрде плакат ұстап тұрған кезінде билік органдары топтың 10 мүшесін тұтқындады және айыппұл салды. Дәл сол 10 адам 1 қазанда ҚХР ұлттық мерекесі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы жалдамалы пәтерден шыққан кезінде ұсталып, тағы да айыппұл салынды. Күнделікті наразылық акциялары Алматыда жыл соңына дейін жалғасты.

Иегова куәгерлерінің айтуынша, діни себептер бойынша әскери қызметтен бас тартқан осы қауымдастықтың кейбір мүшелері әскери қызметтен босатылу тұрғысынан кейбір қиындықтарға тап болды, дегенмен кейіннен әрбір жағдай билік органдарымен диалог барысында шешілді. Иегова куәгерлерінің өкілдерінің айтуынша, жергілікті әскери комиссариаттың қызметкерлері алғашында жергілікті діни қауымдастықтың әскерге шақырылушыларға берген анықтамаларын әскери қызметтен босату үшін жеткіліксіз негіз деп есептеген. Содан кейін, жергілікті Иегова куәгерлері қауымдастығының өкілдері әрі қарай түсініктемелер беріп, діни себептермен жастарды әскери қызметтен босатылуы туралы ресми түрде сұратылған хаттар жіберді.

ДІК-тің жылдың алғашқы тоғыз айда жиналған статистикасына сәйкес, елде 3824 діни ұйым немесе бөлімшесі тіркелген, ал 2020  жылдың дәл осы кезеңінде 3818 ұйым тіркелген болатын. Үкімет осы жыл ішінде тіркелген нақты діни ұйымдар туралы ақпарат ұсынған берген жоқ.

Үкімет ҚМДБ-ның бақылауындағы сүнни Ханафи мазһабын ұстанатындардан басқа мұсылман топтарын тіркеуден бас тартты. Исламның барлық басқа мектептері тіркеусіз қалды және елде ресми түрде қызметін атқара алмады. Дегенмен, діни лидерлер ханафиттерге жатпайтын кейбір мұсылман қауымдастықтары Үкіметтің араласуынсыз бейресми түрде ғибадат етуін жалғастыра берді деп мәлімдеді.

АҚДМ мен ҚМДБ арасында ынтымақтастық туралы ресми келісім болды және ҮЕҰ-лар ол үкіметтің номиналды түрде тәуелсіз саналатын ҚМДБ-ның үстінен бақылау орнатуына алып келді деп мәлімдеуін жалғастырды. ҚМДБ-ға кіргеннен кейін мұсылман қоғамдастықтары өз имамдарын тағайындау құқығынан айырылады, қандай да бір меншікке қатысты әрекеттері үшін (мысалы, сату, аудару немесе жақсартулар) ҚМДБ-ның мақұлдауына бағынышты болып қалды және мешіт табысының 30 пайызын ҚМДБ-на беруге тиіс болды. ҚМДБ елде діни білім беруге арналған оқу бағдарламасын белгілеп, жұма намазы кезінде нұсқаулық қағидаттар мен уағыздар мәтіндерінің үлгілерін таратады.

ҚМДБ жаңа және қалпына келтірілген мешіттердің ашылуын бақылауды жалғастырды. ДІК мәліметтері бойынша, елде 2 684 мешіт болған, бұл 2020 жылда хабарланғанан 1-ге кем, бірақ үкімет пен БАҚ бүкіл елдегі мешіт саны туралы әртүрлі және бір-біріне қарама-қайшы статистика таратып отырды.

КМДБ сүнни Ханафи мазһабына қатысы бар барлық ресми тіркелген мұсылман топтарының қызметін бақылауды жалғастырды және жаңа және имамдарды тағайындау, сондай-ақ жаңа бастаған имамдарға біліктілік емтихандары мен өмірбаяндық деректерін тексеру бойынша өкілеттіктерге ие болды. АҚДМ имамдарды оқыту, медреселердің мәртебесін дәреже беруші колледжге дейін көтеру және қажылықты бақылауда ҚМДБ-мен тығыз жұмыс істеді. ҚМДБ имамдарға алдыңғы білім деңгейіне қарай Нұр-Мүбарак университетінің исламтану және дінтану бөлімдерінде бакалавриат, магистратура немесе докторантура бағдарламаларына түсуге рұқсат етті. сүнни ханафи имамдары үшін 11 мектеп, Рим-католиктік және орыс православиелік діни қызметкерлеріне арналған  бір-бірден мектеп жұмыс істеді.

Ахмадилер мұсылман қауымдастығы тіркелмеген күйде қалды. Қауымдастық 2011 жылдан бері  тіркеуге өтініш білдіргенімен, 2016 жылы үкімет осымен алтыншы рет оны тіркеуден бас тартты. Үкіметтік сарапшылар қауымның ілімін исламдық емес деп таныды және қауымдастық «мұсылман» сөзін тіркеу материалдарынан алып тастау қажеттілігін атап айтты. Қауымдастық мүшелері тіркелмегендіктен, олар ешқандай діни қызметпен айналыспағанын хабарлады.

Жергілікті және халықаралық бақылаушылардың мәлімдеуінше, билік үкімет «дәстүрлі емес» деп таныған діни топтарға, соның ішінде исламның ресми түрде танылған сунниттік исламның Ханафи мазһабынан басқасын ұстанатын мұсылмандарға және кейбір лютерандық протестанттық христиан топтарына шектеулер қойып, қосымша тексерулер жүргізуді жалғастырды.

Баптистік шіркеулер кеңесі өзінің үкіметтен алшақтықты сақтау саясатына сәйкес заңды тіркеуден өтуден әлі де түбегейлі бас тартатынын мәлімдеді. Бірлестік өкілдерінің айтуынша, билік бірлестіктің жиналыстары мен сапарларын мұқият бақылауды жалғастырды, ал полиция оларды өткен жылдардағыдай қадағалап, аңдып отырды.

Саентология шіркеуі өз жұмысын діни ұйым ретінде емес, тіркелген қоғамдық бірлестік ретінде жалғастырды. Үкімет ұйымға  қоғамдық бірлестік ретінде мүшелері кітап оқып, не үйге алып кете алатын және талқылау, не кездесулер өткізе алатын ресурстық орталық/кітапхана ашуға рұқсат етті, алайда  ғибадат жасау сияқты табиғаты діни деп саналатын қызметпен айналысуға тыйым салды.

ДІК мәліметтері бойынша, 2021 жылдың үшінші тоқсанында елде ресми түрде 367 миссионер тіркелген. Оның 293-і шетелдіктер және 74-і азаматтар. Ресми тіркелген миссионерлердің 95%-ы христиан діни ұйымдарының мүшелері болған; қалған 5%-ын Кришна сана қоғамының мүшелері, сондай-ақ еврей және буддистік діни ұйымдар құрады.

Президент Тоқаевтың маусым айында жариялаған адам құқықтары туралы Жарлығында діни ұйымдарды тіркеуді жеңілдету тапсырылды, одан кейін 29 желтоқсанда Дін туралы Заңға түзетулер енгізілді. «Форум 18» және кейбір діни топтардың мәлімдеуінше, тузетулер енгізілген Заңның ережелері тіркелген ғибадат орындарынан тыс жерде жиналыс өткізуге қатысты әлі күнге дейін ауыр талаптар қойып келеді.

Дін бостандығын бақылаушылар билік органдары діни азшылықтарды қудалау үшін дін туралы заңды қолдануын, олардың қызметін айыппұл салу және басқа да жолдармен шектейтіндігін үнемі айып келеді. Заң бұзушылық болып билік органдары рұқсат етпеген діни іс-шараларға қатысу, діни әдебиеттер мен бейнелерді импорттау, сату немесе тарату, оның ішінде ғаламторда тарату, дінді таратып, оқыту, сондай-ақ мешіттерде құдайға құлшылық ету тәртібін бұзу саналады. ДІК  2020 жылы Дін туралы заңды бұзғаны үшін 134 әкімшілік қудалау орын алғанын, оның 2019 жылы тіркелген 552 қудалаумен салыстырғанда саны айтарлықтай төмендегені туралы хабарлады. «Форум 18» мәліметтері бойынша, қыркүйек айында (соңғы ақпаратқа сәйкес) діни ұйымдардың мүшелеріне бір жыл ішінде өз дінін немесе наным-сенімін ұстанғаны үшін 90 әкімшілік іс қозғалды, олардың 20-сы жиналыстар немесе рәсімдер өткізуге немесе ғибадат бөлмелерін ұстауға мемлекеттен рұқсат алмаған.

Батыс Қазақстан облысының полиция және дін істері басқармасының қызметкерлері 8 қаңтар күні Орал қаласындағы баптистік қауымның Рождестволық қызметінде тінту жүргізді. Елдегі барлық басқа баптистік қауымдастықтар сияқты бұл қауымдастық та тіркелмеген болып шықты. Ғибадаттан кейін полиция қызметкерлері қауым мүшелерін ұстады және Дмитрий Исаев пен Владимир Нелепинге бір айлық жалақы көлемінде (шамамен 140 546 теңге, 320 АҚШ доллары) айыппұл салды. Шіркеу мүшелері «Форум 18»-ге жергілікті билік шіркеу қызметтерін үнемі бақылап отыратынын айтты.

«Форум 18» билік 8 сәуірде Кришна сана қоғамының ізбасары Тимур Сейітовке Алматы қаласының орталығындағы қиылыста мантра оқығаны үшін мемлекеттің рұқсатынсыз діни рәсімдер жасады деп айып таққанын хабарлады. Алматы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты 27 мамыр күні Сейітовты кінәлі деп танып, оған бір айлық жалақы көлемінде (шамамен 140 546 теңге, 320 АҚШ доллары) айыппұл салды және оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған үш ай бойы рұқсатсыз қызметпен айналысуына, оның ішінде көпшілік алдында ән айтуына тыйым салынды.

Ақтөбедегі сот 28 қаңтарда мұсылман Мұхаммед Төлеуді 2020 жылғы желтоқсанда үйінің жертөлесінде жұма намазын ұйымдастырғаннан кейін діни заңдарды бұзғаны және заңсыз іс жүргізгені үшін кінәлі деп тапты. Сот Төлеуге (65 000 теңге, 150 АҚШ доллары) айыппұл салып, оған үш ай бойы намаз оқу бөлмесін ұстауға тыйым салды. 25 наурызда дәл сол сот 12 ақпанда үйінде жұма намазын өткізгені үшін Төлеуді екінші құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тапты және оған төрт айдың орташа жалақысы көлемінде қосымша айыппұл салды. 12 сәуірде Ақтөбе облыстық соты оның төменгі сатыдағы сот шешімдеріне жасаған шағымын қабылдамады.

Иегова куәгерлерінің айтуынша, 2020 жылы (соңғы ақпаратқа сәйкес) билік қаңтар-қазан айларында заңсыз миссионерлік қызмет жасады деген айыппен қауымдастықтың 63 мүшесін ұстаған. Билік оның 38 мүшесіне ауызша, 14-іне жазбаша ескерту жасап, дін туралы заңды бұзғаны үшін 11 адамды жауапкершілікке тартты. Осы 11 адамның тоғызы ақталды, ал екеуі ӘҚБтК-ге сәйкес кінәлі деп танылды және әрқайсысына 277 800 теңге көлемінде (640 АҚШ доллары) айыппұл салынды.

COVID-19-ға байланысты денсаулық сақтау саласындағы шектеулер аясында COVID-19 таралу деңгейі жоғары аймақтардағы жергілікті билік жаппай жиналыстарға, соның ішінде діни рәсімдерге тыйым салды. Билік вирустың таралуын азайтуға тырысқандықтан, барлық діни ұйымдар денсаулық сақтауға бағытталған жиі өзгеріп тұрған аймақтық шектеулерді сақтауға мәжбүр болды. Қыркүйек айында Үкімет аймақтағы COVID -19 таралу деңгейіне қарай қатысушылардың санына шектеу қоя отыра, жаппай жиналыстарға, соның ішінде үйлену тойларына, жерлеу рәсімдеріне және ғибадат үйлеріндегі іс-шараларға рұқсат беретін жаңа ережелер жариялады. Діни көшбасшылардың мәлімдеуінше, іс жүзінде COVID шектеулері дәстүрлі немесе тіркелген топтарға қарағанда дәстүрлі емес топтарға қатаң түрде қолданылды. Діни көшбасшылар кейбір дінбасылар ғибадат етуге тырысқаны үшін ережелерге сәйкес қамауға алынғанын хабарлады. Кейбір бақылаушылар билік COVID -19 пандемиясына байланысты шектеулерді оларды кемсіту үшін қолданғанын айтты.

Үкімет мектептерде діни киімге тыйым салу саясатын ұстанды. Қыркүйек айында 1640 ата-анадан тұратын топ Президент Тоқаевқа қыздарға мектепте қазақтың дәстүрлі бас киімін кимешекті киіп, мектептердегі намаз оқу бөлмелеріне рұқсат беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу туралы өтінішпен ашық хат жазды. ДІК төрағасы Ержан Нүкежанов жауап ретінде БАҚ-қа 7 қыркүйекте Білім Министрлігінің 2016 жылғы мемлекеттік және жеке меншік оқу орындарындағы міндетті мектеп киімі туралы қаулысы елдегі зайырлы басқару нысанына сәйкес күшінде қалатынын хабарлады. Жарлық студенттерге дәстүрлі киім киюге рұқсат бермейді.

«Форум 18»-дің мәліметтері бойынша, жылдың алғашқы сегіз айында билік 26 адамға діни әдебиеттерді немесе басқа діни заттарды мемлекеттік рұқсатсыз сатқаны үшін айыппұл салды. Билік 11 адамға айыппұл салып, OLX.kz интернет-дүкенінде діни әдебиеттер мен заттарды сатқаны үшін тағы екі адамға ескерту жасады.

Қордай аудандық соты ақпан, наурыз және шілде айларында үш этникалық дүнген (қытайлық) мұсылман Шерба Юбуров, Харсан Ясыров және Келир Нұсыровқа Жамбыл облысы Қордай ауданында рұқсат етілмеген жиындарда балаларға құран туралы заңсыз діни сабақ бергені үшін әрқайсысына 291 700 теңге (671 АҚШ доллары) айыппұл салды.

Діни сенім бостандығын бақылаушылар еліміздің Қырғызстанмен оңтүстік-шығыс шекарасында орналасқан Қордай өңірінде діни сенім бостандығына байланысты қудалаулардың үйлесімді емес санына тап болғанын атап өтті. «Форум 18» елдегі 2018-2021 жылдар аралығындағы заңсыз діни оқыту оқиғаларының жартысы осы өңірге байланысты болғанын айтты.

Халықаралық христиандық «Open doors» ҮЕҰ елдегі шіркеу жиналыстарын бақылау, рейдтер жүргізу және қамауға алуларды қоса алғанда, діни көріністерді бақылауы бойынша елді Дүниежүзілік бақылау тізіміне енгізді. ҮЕҰ христиандарға қатысты зорлық-зомбылық 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы азайды деп хабарлайды. Ұйым христиан дінін қабылдаған мұсылмандар ең қатал қудалауға ұшырады деп мәлімдеді, ол көп жағдайда биліктің емес қауымдастықтың тарапынан болды.

Кейбір азшылық діни топтар жергілікті билік органдарының олардың мүлкін алу әрекетіне тап болды. Жоғарғы Сот 21 қаңтар күні төменгі соттың 2020 жылғы Алматыдағы «Новая жизнь» шіркеуінің ғимараттарын қамауға алу туралы шешімнің күшін жойды және шіркеу мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін пайдаланатын екі ғимаратты қамауға алуды тоқтатты. Шіркеу өкілдері ғимараттар тәркіленсе, бұл ғимараттарда тұратындардың кейбіреулерінің баратын жері жоқ екеніне алаңдаушылық білдірді, сондықтан мұндай шешімді құптады. Билік органдары 2019 жылы шіркеуге келушілерді алдау үшін гипноз бен түпсананы бұрмалауды қолданғаны үшін сотталған үш « Новая жизнь » пасторларының бірінің бұрынғы резиденциясын 26 миллион теңге көлеміндегі (59 500 АҚШ доллары) алдынғы сот шешімінде белгіленген залалды өтеу үшін сатуға тырысты.

Ақпан айында “Благодать” пресвитериандық шіркеуі мен Нұр-Сұлтан қаласының Агапе елулік шіркеуінің өкілдері Нұр-Сұлтан қаласынан қаржылай және жер өтемақысына келісіп, барлық өтініштер таусылғаннан кейін осы қалада бар мүліктері мен жалдау шарттарын босату туралы сот шешімін орындады. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының әкімі шіркеулердің мүлкін тәркілеуге тырысқан кезіндегі 2020 жылы басталған сот дауын аяқтады.

30 қыркүйек пен 14 қазанда мемлекеттік органдар шұғыл түрде әкімшілік тәртіпке сәйкес Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннен қашқан Қытайдың төрт этникалық қазақ мұсылман азаматтарының босқын мәртебесін тағы бір жылға (заңмен рұқсат етілген ең ұзақ мерзім) ұзартты. Төрт азаматқа алғаш рет 2020 жылдың қазан айында Қытайға оралған кезде қудалаудың құрбаны болу қаупінің себебіне байланысты Қазақстанда баспана берілді. Алайда, 21 қаңтарда белгісіз біреулер шамамен бір уақытта олардың екеуіне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында шабуыл жасады. Жәбірленушілер жергілікті билік пен ҚХР өкілдері Шыңжаңдағы жағдай туралы айтпауды бірнеше рет ескерткенін ашық айтты. Қытайдан келген басқа екі мұсылман этникалық қазақ Кастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы да Қазақстанда өмір сүру қиындай түскенін айтты. Басында билік бізге: «Біз азаматтық береміз, тек тыныш жүріңдер», – деді. Біз оған соған үйреніп, үндемей жүрдік. Бірақ ақыр соңында бізге ешқашан азаматтық берілмейді деп айтты. Енді жалғыз қалған амал басқа елге көшу. Егер бізге азаматтық берілсе, біз Қазақстанда қуана тұратын едік».

Саентология шіркеуі  жыл ішінде оның мүшелері биліктің мазалауына және қорқытуына ұшырағанын, оның ішінде болар-болмас соттың талап-арыздары мен соттың рұқсатынсыз тінту жүргізу, үй-жайларындағы рейдтер және әдебиеттерді алып қою жағдайлары туралы мәлімдеді.

БАҚ 2 қазанда Тараз қалалық соты Иегова куәгерлерін психикалық зиян келтіргені үшін сотқа берген ерлі-зайыптыларға екі миллион теңге (4600 АҚШ доллары) бергенін хабарлады. Соттағы екі психиатр мен психологтың айғақтарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың Иегова куәгерлерінің қатарында болғаны және діни топтың әдебиетін зерттеу олардың обсессивті-компульсивті бұзылыс ретінде сипатталатын психикалық ауруына алып келді, нәтижесінде Иегова куәгерлерінің мүшелігіне психикалық тәуелділік қалыптасты. «Форум 18» және басқа да бақылаушылар сот шешімінде кемшіліктер бар деп мәлімдеді, атап айтқанда сарапшылардың түсініктерінің көпшілігі Ресейдегі Иегова куәгерлеріне қарсы қолданылған 2008 жылғы талдаудан қайталап алынғанын айтады. Сондай-ақ, бақылаушылар Үкімет бұған дейін зиянды деп аталған әдебиеттің көп бөлігін мақұлдағанын атап өтті.

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ақпараты бойынша, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде, ІІМ 2017 жылғы түрме қызметкерлерінің қатарына «дін маманын» қосу туралы бұйрығына сәйкес, барлық түрмелерде діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бағдарламаларын жасайтын арнайы маман жұмыс істеді. Бағдарламамен таныс заңгерлер мамандардың көпшілігінде білім немесе арнайы дайындық жоқ деді.

Тамыз айында АҚДМ, ДІК, Қазақстанның діни ұйымдарының Қауымдастығы және АҚШ-та орналасқан «жақыныңды сүй» және «көпконфессиялы көрші желі» конфессияаралық ҮЕҰ семинардың демеушілері болды. Семинарда жергілікті дін жетекшілері мен қала үкіметінің қызметкерлері әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы қарым-қатынасты орнатуға көмектесетін озық тәжірибелермен таныстырылды. Шараға еліміздің тоғыз ірі қаласынан мұсылман, православ және протестанттық дін өкілдері қатысты.

Президент Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ұлтаралық қатынастарды үйлесімді дамыту әрқашан басты мемлекеттік саясат болғанын және болып қала беретінін мәлімдеді. Тоқаев барша азаматтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің маңыздылығын ел бірегейлігінің баға жетпес аспектісі ретінде түсінуге шақырды.

Қыркүйек айында ДІК төрағасы Нүкежанов БАҚ өкілдеріне үкімет атеисттердің сенбеу құқығын қорғау үшін заңнамалық түзетулер ұсынатынын айтты. Үкімет жыл соңына дейін бұдан былай ешқандай шара қолданбады.

III бөлім. Қоғамның діни сенім бостандығын құрметтеу мәртебесі

Бақылаушылар және азшылық христиан діни қауымдары «дәстүрлі емес» деп санайтын азшылықтардың діни топтары туралы БАҚ-ның  жағымсыз мақалалары мен бағдарламаларына қатысты  алаңдаушылық білдірді.

Иегова куәгерлері жыл бойы әртүрлі БАҚ-та бірқатар жала жабылған мақала мен хабарлардың орын алғаны туралы хабарлады. Саентология шіркеуі жайлы да бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жағымсыз ақпараттар жарияланды. Factcheck.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Павел Банников тамыз айындағы сұхбатында шіркеудің вакцинацияға қарсы үгіт-насихатты белсенді түрде таратпағанын айтты, оған қоса топтың елдегі Денсаулық кодексінің элементтеріне қарсы науқанына,  әсіресе психикалық денсаулықты сақтауға қарсылығына байланысты Саентологияны шетелдік жалған ақпарат тарататын науқандарымен теңестірді.

ҮЕҰ жеке тұлғалар «дәстүрлі емес» діни топтардан, әсіресе, прозелитизмге ұшыраған немесе киімі мен шаш үлгісі «дәстүрлі емес» саналатын, соның ішінде орамал таққан, сақал қойған мұсылмандардан қорқатынын мәлімдеуді жалғастырды.

«Open Doors» ҮЕҰ-ның мәліметтері бойынша, ислам дінінен христиан дініне өткен адамдар отбасы, достары және олардың қоғамдастығы тарапынан қудаланған.

Үкімет «дәстүрлі емес» деп таныған көптеген протестанттық топтарды қамтитын Қазақстанның діни ұйымдарының қауымдастығы Үкімет алдында осы діни азшылықтардың мүдделерін білдірді және осы топтар арасында консультациялар өткізу үшін форум ұсынды.

IV бөлім. АҚШ үкіметінің саясаты мен өзара әрекеттестігі

АҚШ елшісі, елшілік қызметкерлері мен АҚШ-тың басқа да жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлері  ​Сыртқы істер министрлігі, ҚМДБ және ДІК-нің жоғары лауазымды қызметкерлерімен кездесіп, діни сенім бостандығын құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Олар діни тәжірибені реттейтін елдің заңнамасына Үкімет ұсынып отырған өзгертулерді, оның діни сенім бостандығына тигізетін кері әсері, әсіресе бейбіт діни сарында сөз сөйлеу, тіркелмей ғибадат ету және діни әдебиеттердегі цензураға қатысты қылмыстық жаза қолдануға байланысты туындаған алаңдаушылықтарды талқылады. АҚШ мемлекеттік қызметкерлері түзетулерді жақсарту бойынша ұсыныстар жасады, бірақ Үкімет олардың көпшілігін қабылдамады. Сондай-ақ, АҚШ  мемлекеттік қызметкерлері Үкіметтің діни топты дәстүрлі емес немесе дәстүрлі деп тануына байланысты Үкіметтің дін туралы заңдарды, қылмыстық және әкімшілік кодекстерді жүйесіз қолдануына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Екіжақты кездесулер барысында, соның ішінде маусымда өткен   АҚШ пен Қазақстан арасындағы діни сенім бостандығы жөніндегі халықаралық жұмыс тобының виртуалды отырысында  және желтоқсан айында өткен АҚШ және Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік диалогы кезінде, АҚШ өкілдері Үкіметті жеке тұлғалардың діни сенімдерін бейбіт білдіру және дінді еркін ұстану құқықтарын құрметтеуге  шақыруды жалғастырды. АҚШ өкілдері кең ауқымды және заң терминдерінің нақты анықтамасы жоқ тиянақсыз жазылған заңдарды билік органдары, әсіресе жергілікті билік органдары,  өз қалауынша қолдануы мүмкін деп қауіптенді. Олар үкіметті діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын ауыр талаптарды алып тастауға және діндарларға дінді тұту мүмкіндіктерін кеңейту үшін дін туралы заңға түзетулер енгізу бойынша басқа да шаралар қабылдауға шақырды. АҚШ өкілдері Үкіметтің діни ұйымдармен жер дауларында әділ және тең қарым-қатынас жасауға шақырды. Елшілік қызметкері ұйымдастырушылардың өтініші бойынша   ҮЕҰ, АҚДМ, ДІК және Қазақстанның діни ұйымдары қауымдастығы бірлесіп тамыз айында ұйымдастырған  конфессияаралық семинарға қатысты. Семинар АҚШ-қа діни толеранттылыққа және оларды қолдауға деген қызығушылығын көрсетуге бағытталған. Елшілік әлеуметтік желілерде дін бостандығын құрметтеуге шақыратын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Елшілік қызметкерлері көптеген діни қауымдастықтармен, олардың басшыларымен және діни сенім бостандығын жақтаушылармен байланыста болуын жалғастырды. Олар зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күресте діни сенім бостандығының маңыздылығын атап өтті және діни сенім бостандығын одан әрі шектеуге қатысты алаңдаушылығын білдіріп, барлық азаматтар тіркелген діни топтың құрамына кіретін-кірмейтініне қарамастан бейбіт діни шараларды ұйымдастыруы үшін тиісті заңдар мен нұсқаулықтарды реформалауға шақырды.