Flag

An official website of the United States government

АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Уильям Х. Мозердің қатысуымен өткен дөңгелек үстел
4 Хаттаманы оқу
Қыркүйек 29, 2021

2021 жылғы 28 қыркүйек

Елші Уильям Х. Мозер: 

Құрметті достар!

Менің Қазақстандағы соңғы баспасөз конференцияма қош келдіңіздер. Көбіңіз білетіндей, мен Қазақстанда 90-шы жылдары жұмыс істедім. Осында қайта оралып, елдеріңіздің осынау жылдан кейін қаншалықты дамығанын өз көзіммен көре алғаныма өте ризамын.

Қазақстанның тәуелсіздігі мен елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толғанын атап өту кезінде осында болу мен үшін үлкен мәртебе. Осы жылдар ішінде біздің серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, бірге көптеген жетістіктерге жеттік. С5+1 форматы, Ашық аспан келісімі, 10 жылдық виза, алмасу бағдарламалары – бұлар біздің жемісті ынтымақтастығымыздың кейбір мысалдары ғана. Осының бәрі біздің елдерімізді жақындастырды және ортақ мақсаттарға жетуге көмектесті.

Мен Қазақстаннан кетіп бара жатып, коронавирустық пандемияға байланысты Қазақстанның тамаша жерлерін көбірек көре алмағаныма және осы елді өмір сүру үшін керемет ететін  қазақстандықтармен жақынырақ танысып, араласа алмағаныма өкінемін.

Алайда, пандемияға дейін мен елді аралап, саяхаттап үлгердім және бұған өте ризамын. Пандемия жалғасуда, сондықтан барлығыңызды мүмкіндігенше вакцина алуға және денсаулық сақтау шараларын сақтауға шақырамын. Бұл қалыпты өмірге оралып, біздің елдер арасындағы байланысты одан ары нығайтудың жалғыз жолы.

Осылай жылы қабылдағандарыңыз үшін Қазақстанға және Қазақстан халқына алғыс айтамын. Отбасыммен бірге осында өткізген уақытымызды мәңгі еске сақтаймыз және сағынамыз. Сіздерге көп рахмет! Сұрақтарыңызға дайынмын.

Модератор: Рахмет, Елші мырза. Енді сұрақтарға көшейік. Егер сұрақ қойғыларыңыз келсе, қолдарыңызды көтеріп, немесе чатқа жазуларыңызға болады. Мен оларды Елші мырзаға оқып беремін.

Бірнеше сұрақты біз алдын ала алдық, солардан бастайық. Әзірше сіздер сұрақтырыңызды ойланып, қоя берсеңіздер болады. Бірінші сұрақ Мадина Алимхановадан, КазТаг: АҚШ Қазақстанға Ауғанстаннан террористік жауынгер жасақтарының келу қаупінен сақтануға көмектесе ме?

Елші Уильям Х. Мозер: Алдымен, бұл өте жақсы әрі орынды сұрақ. Және мен, әрине, “иә” деп жауап бере аламын. Біздің әскери байланысымыз қазірдің өзінде жақсы дамып келеді. Мысалы, біздің аймақтағы бас генералымыз [Кеннет] Маккензи екі апта бұрын осында келіп, Қазақстанмен ғана емес, басқа да Орталық Азия елдерінің әскери қолбасшыларымен аймақтың Америка әскерлері Ауғанстаннан кеткеннен кейінгі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын талқылады. Бұндай шаралар мен әріптестік биыл ғана орнаған жоқ. Біз бұны жылдар бойы жасап келеміз. Әріптестігіміз жалғасып келеді.

Модератор: Көп рахмет, Елші мырза. Біздің Мадинадан тағы бір сұрағымыз бар: АҚШ қауіпсіздік саласында Қазақстанмен сіз айтып өткен келісімдерден басқа келісімшарттарға қол қою жоспарда бар ма?

Елші Уильям Х. Мозер: Әзірше, ондай жоспар жоқ деп жауап бере аламын.

Модератор: Рахмет. Чатқа Ulys Media басылымының тілшісі Әйгерім Тукушевадан мынадай сұрақ келіп түсті: Бүгін БАҚ-та АҚШ Спутник вакцинасын алған шетелдіктерге елге кіруге тыйым деген ақпарат тарады. Визасын алып үлгерген, немесе енді алғалы отырған азаматтардың бұл жағдайдағы әрекеті қандай? Ресми үкімет делегацияларының мүшелері мұндай жағдайда не істей алады?

Елші Уильям Х. Мозер: Мен мынадай ресми жауап бере аламын: мен тіпті Мемлекеттік департаменттің өзінен нұсқаулық алдым. Онда әзірге бұл саясат жайлы комментарий бермеген жөн делінген. Себебі, Вашингтонда бұл саясатқа қатысты шешімнің барлығы қабылданып болған жоқ. Бірақ менің бұған дейінгі баспасөз конференцияларында болғандардың есіне мынаны салып өткім келеді. Мен Спутник вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құптауын алады деп үміттенемін, себебі бұл вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне кепілдік беру үшін ең қажет қадам осы. Және бұл вакцинаға шынымен құптау алу үшін ең дұрыс жол осы деп ойлаймын.

Модератор: Рахмет. Келесі сұрақ Interfax агенттігі Елена Преображенскаядан. Сәлеметсіз бе, Елші мырза. Сіздің орныңызға АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі болып кім келеді?

Елші Уильям Х. Мозер: Кім болатынын мен білмеймін. Алайда кәсіби біліктілігі жоғары үміткер болатынына сенімдімін. Өйткені, Мемлекеттік департаментте Қазақстанға деген назар жоғары, сондықтан ол адамның жақсы Елші болатынына сенімдімін.

Модератор: Рахмет. Ауғанстан тақырыбына оралсақ, чатта Сауле Темірбаевадан мынадай сұрақ келіп түсті: АҚШ Ауғанстаннан кетті. Қазақстан осы күні АҚШ-қа Ауғанстандағы дағдарысты шешуде қандай көмек көрсете алады? Мысалы, Америка біз, яғни Қазақстан, ол елдің босқындарын қабылдаймыз деп үміттене ме?

Елші Уильям Х. Мозер: Иә, бұл өте жақсы сұрақ. Мен Қазақстан қазірдің өзінде АҚШ-қа Ауғанстан бойынша көмек көрсетіп жатыр деп айта аламын. Біз Қазақстанмен әрдайым ақпарат алмасып отырамыз. Қазіргі жағдайда бұл өте жақсы, себебі Қазақстанның Ауғанстанда өз Елшілігі бар, ал біздің Ауғанстандағы өкілдігіміз қазір Қатарда. Осылай ақпаратпен алмасу біз үшін, әрине, өте пайдалы. Бірақ Қазақстан бізге адал серіктес екенін, өз елі мен аймақ бойынша және Орталық Азия елдерімен бірігіп қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынан көрсетті және оның өзі үлкен көмек.

Модератор: Рахмет. Енді елдеріміздің арасындағы басқа салалардағы екіжақты әріптестік туралы сөйлессек. Сайыпқыран басылымы, Қалмұрат Дәулетбаевтан сұрақ: Елші мырза, сіздің ойыңызша, АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасының қай салаларда дамығаны жөн?

Елші Уильям Х. Мозер: Сұрағыңыз орынды. Біріншіден, айтып өткенімдей, қауіпсіздік саласындағы әріптестігіміз жалғаса береді. Ол өте маңызды. Алдыңғы баспасөз конференцияларында айтқанымдай, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту потенциалы зор. Мал шаруашылығы – қазақстандық дәстүр және Америка фермерлері Қазақстан фермерлеріне жаңа технологияны сыйласақ, заманауи ауыл шаруашылығында бәсекелес бола алар еді деп ойлайды. Және бұның америкалық қана емес, қазақстандық фермерлерге де зор пайдасы тиеді деп ойлаймын. Үшінші нәрсе: күн энергиясы, жел энергиясы сияқты жаңа энергия көздерін дамытуда Қазақстан зор потенциалға ие деп ойлаймын. Нұр-Сұлтанда екі жарым жыл тұрғаннан кейін мен мұнда, Нұр-Сұлтанда қатты жел тоқтамай соғатынын байқадым. Оның өзі жаңа энергетиканы дамытудың көзі. Одан кейінгі нәрсе, әрине, Қазақстан қоғамының одан әрі дамуы. Біз, әсіресе Президент Тоқаевпен бірге жұмыс істей отырып, Қазақстанда демократия, сөз бостандығы мен басқа бостандықтарды дамытуды одан әрі ілгерілетеміз деп үміттенеміз.

Модератор: Елші мырза, кеңінен жауап бергеніңізге рахмет. Қалмұраттың тағы бір сұрағы бар: Сіз даму мүмкіндігі бар бірталай саланы атап өттіңіз, ал қандай қазақстандық өнімдер мен тауарлар АҚШ-та сұранысқа ие болар еді, қалай ойлайсыз?

Елші Уильям Х. Мозер: Бұл да жақсы сұрақ екен. АҚШ-та бүгінде қазақстандық тауарлар жоқтың қасы. Менің айтарым, Қазақстанның алдында тұрған басты мақсат –  халықаралық нарықта бәсекеге төтеп бере алатын тауар өндіруші экономика секторларын дамыту. Қазақстан мемлекетіне бұған дейін де айтқанымдай, барлық тауарды өндіру мүмкін емес. Қазақстанның артықшылығы бар тауарлар мен экономика секторларын таңдау керек, әрине. Сонда ғана АҚШ-та сатылатын тауарды дамытып, өндіруге болады.

Модератор: Рахмет. Келесі сұрағымыз Анастасия Марковадан, Курсив басылымы. Кеше сіз Қазақстан Республикасының ішкі істер министрімен кездесіп, киберқылмыс, нашақорлық бизнес және алаяқтықпен күрес салаларында әріптестікті кеңейту туралы меморандумға қол қойдыңыз. Осы әріптестіктің нақты мәні неде, соған тоқталып өтесіз бе? АҚШ-тың қолдауы неден көрініс табады?

Елші Уильям Х. Мозер: Бұл келісімнің құны 2,8 миллион доллар және Ішкі істер министрлігі түсіндіріп өткендей, осы салаларда жүзеге асады. Менің қосарым, біздің Қазақстандағы полиция реформасын қолдап келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Бұның маңызды екені сөзсіз. Бұл реформаның маңызды тұсы – осы заманның қылмыстары, яғни киберқылмыс, нашақор саудасы, тағы басқа қылмыс түрлерімен күресті кеңейтіп, күшейткіміз келеді. Алайда оның нақты қандай бағдарламалар арқылы жүзеге асатыны әлі алда белгілі болады. Біздің көмегіміздің көп бөлігі білім беруге бағытталатынын әзірден айта аламын. Ол осы заманауи мәселелермен қалай күрескен дұрыс екенін қазақстандық полицейлерге үйретуге арналған білім бағдарламасы.

Модератор: Рахмет. Елена Преображенскаядан тағы бір сұрақ. Елші мырза, Қазақстандағы қызметіңізді аяқтаған соң немен айналысасыз?

Елші Уильям Х. Мозер: Иә, жақсы сұрақ. Ең алдымен, мен Қазақстаннан өкінішпен кетіп барамын. Өйткені Қазақстанда өмірімнің алты жылдайы өтті. АҚШ-ты алмағанда, ең ұзақ тұрған елім. Мен Мемлекеттік департаментте жаңа қызметке кірісемін. Мемлекеттік департаменттің жылжымайтын мүлік бөлімінің жұмысын басқарамын [Шет елдік құрылыс операциялары Бюросы]. Яғни, бүкіл әлемдегі жылжымайтын мүлікке қатысты мәселелерге жауапты боламын. Ол Алматыдағы консулдық не елшілік болсын, Канададағы, Қытайдағы, немесе Латын Америкасындағы елшіліктер болсын. Мен бұл бөлімде бұрын да қызмет еткенмін, маған өте қызықты жұмыс. Еліме оралатыныма қуанамын, әрине, алайда Қазақстанмен қимай қоштасамын.

Модератор: Көп рахмет, Елші мырза. Келесі сұрақ өте өзекті тақырып – коронавируспен күрес жайлы. Informburo басылымының тілшісі Данияр Канафиннен. АҚШ-та үшінші вакцинация, яғни үшінші дозаны алу науқаны басталды. Президент Байден вакцинаның үшінші дозасын алып үлгерді. Қазақстанда ревакцинация мәселесі әлі шешілмеді, Денсаулық сақтау министрілігі әлем елдерінің тәжірибесін зерттеуде. Дегенмен, АҚШ-тың осы күнгі саясаты туралы айтып берсеңіз және Қазақстанға да вакцинаның үшінші дозасын туралы шешім қабылдаған дұрыс па?

Елші Уильям Х. Мозер: АҚШ-та… Мен бұл сұрақтың маманы емеспін, бірақ Президент Байден сарапшылардың басын қосып, вакцинаның үшінші дозасына қатысты пікірлерін тыңдағанын айта аламын. Сарапшылар қазіргі уақыттағы және осыған дейінгі мәліметтің бәрін жинады. Ол мәліметтердің көрсеткені – вакцинаның әсері, әсерісе Pfizer вакцинасыныкі, алты-сегіз айдан соң төмендей бастайды екен. Сондықтан, Байден мырза халықтың ең осал топтарын, яғни жасы 65-тен асқандарды қорғағысы келді деп ойлаймын. Өкінішке орай, мен де сол топқа жатамын.

Модератор: Рахмет. Келесі сұрақ Тұран-Түркістан порталының тілшісі Мұрат Бекбаевтан. Қайырлы күн! АҚШ Дипломатиялық миссиясы және өзіңіз АҚШ пен Қазақстан арасында медицина мен білім беру саласындағы байланысты дамыта аласыздар ма?

Елші Уильям Х. Мозер: Біз онымен көптеп айналысып келеміз. Біздің Аурулардың алдын алу орталықтары Қазақстанда 26 жылдан бері жұмыс істейді. Олар… “Жұмыс істейді” дегенім Денсаулық сақтау министрілігімен деген сөз. Тіпті Қазақстанның бүгінгі әрбір эпидемиологын оқытуға қол ұшымыз тиді деп айта аламын. Осы Орталықтар мен Пентагонның басқа агенттіктері арқылы Қазақстанның лабораторияларын сақтап қалуға көмектестік. Тіпті Қазақстанда шығарылып жатқан бес вакцинаның төртеуі сол біз жабдықтауға көмектескен лабораторияларында шығады деп ойлаймын. Бұл денсаулық бойынша ғана. Пандемия кезінде Қазақстанға құрал-жабдық түрінде және басқалай 6.2 миллион доллардан артық көмек көрсеткенімізді де айта кету керек.

Білім беру туралы айтсам, бұл бағытта бағдарламар күнде жүзеге асып жатыр. Білмейтін боларсыз, біздің Америкалық бұрыштар бар, онда ағылшын тілін оқып, АҚШ-та оқығысы келетін қазақстандарға дайындық өтуге болады. Қазақстандық оқытушыларға ағылшын тілін жақсырақ оқуды үйрететін үлкен бағдарламамыз бар. Былтыр 800 мұғалімді оқыттық. Олар өз кезегінде 50000 қазақстандық оқушыға білім берді. Ол өте көп. Бұл бағдарламалар біздің жобалардың екеуі ғана. Оларды Қазақстанда дамыту өте қажет әрі маңызды деп ойлаймын. Және олар бүгінде жақсы дамып жатыр және болашақта тоқтамай жалғасады.

Модератор: Рахмет. Әріптестер. Мен сұрақтарыңызды тікелей эфирде немесе чатқа жазып қоюларыңызға болатынын естеріңізге саламын. Біз оны міндетті түрде оқып береміз.

[Пауза]

Бізде Азаттық Радиосының тілшісі Дархан Өмірбектен сұрақ бар. Елші мырза, сіздің қызмет кезінде қазақстандықтарға берілген америкалық визалар туралы айтып бересіз бе? Америкалық визаға өтінім беру деңгейі, яғни, саны және виза бермеу көрсеткіштері өзгерді ме? Соңғы жылдары Green Card лотереясына қатысатын қазақстандықтар көбейді. Қанша адам өтінім беріп, қаншасы жеңді?

Елші Уильям Х. Мозер: Мен бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын. Өйткені әдетте бұндай ақпарат біздің сайттарда жарияланады, ал мен нақты сандарды білмеймін. Бірақ мен былай дей аламын: пандемия жылынан кейін жағдайдың қандай екенін бағалау өте қиын. Өйткені биыл саяхаттаған адам саны аз, вирус үшін ол қиындады. Бірақ менің ойымша, өткен жылдың сандары пандемияға дейінге немесе болашақта болатын жағдайды сипаттайды деп ойламаған жөн.

Модератор: Рахмет, Елші мырза. Менің қоса кеткім келетіні, виза бойынша егжей-тегжей статистиканы travel.state.gov сайтынан таба аласыздар. Сайттың атауын чатқа жаздым.

Елші Уильям Х. Мозер: Рахмет, Карина. Тамаша дереккөздің бар екенін білемін және ол мен емес.

Модератор: Әріптестер, сонымен бізде азғантай уақыт қалды, сондықтан сұрақтарыңыз болса чатқа жазып, не қолдарыңызды көтеріңіздер.

[Пауза]

Модератор: Әзірге сұрағымыз жоқ. Олай болса, мен Елші мырзаға Қазақстанда Елші болып қызмет еткен кезінде ең үлкен жетістіктерім деп санайтын оқиғалар туралы сөйлесуді ұсынсам деймін.

Елші Уильям Х. Мозер: Рахмет, Карина. Бастамас бұрын атап өткім келетіні – менің жетістіктерім менің ғана еңбегімнің арқасы емес. Ол шынымен Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ жетістіктері. Ойыма Қазақстандағы осы жолғы уақытымнан жақсы-жақсы мысалдар келеді. Ең алдымен, “Жусан” операциясы, яғни Сирия мен Ирактан Қазақстанға 600-дей жауынгер мен олардың отбасыларын репатриациялау Қазақстан үшін жетістік болғаны сөзсіз. Неге? Өйткені Қазақстан ол адамдарды елге қайтару туралы батыл шешім қабылдады және әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, үлкен жетістік екеніне көзіміз жетеді, себебі көптеген елдер олай етуден бас тартты. Және біздің ойымызша ол үлкен қателік, өйткені өз азаматтарын елге қайтару керек екенін Қазақстан өз мысалы арқылы көрсетті. Болашақта терроризммен күресу үшін ол маңызды қадам. Екіншіден, Қазақстанда Американың ауыл шаруашылық компанияларын қарсы алу маңызды сәт болды, мемлекетпен Қазақстанда суару зауытын салу туралы келісім де бар. Ол зауыт, әрине, заманауи техника шығарады және бұл маңызды америкалық қаржы салымы, өйткені Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімін арттырып, суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл Қазақстан ауыл шаруашылығының болашағына деген сенімнің белгісі. Айтып өткенімдей, Қазақстанның мал шаруашылығының потенциалына оң баға берген фирмалар да еллдегі жұмыс аясын кеңейтсе дейміз. Үшінші нәрсе – жаңа айтқанымдай, Қазақстанға демократиялық қоғам құру жолында көмек көрсету үшін біз Қазақстанның үкіметімен де, халқымен де бірігіп жұмыс жасап келеміз. Әсіресе биыл, пандемия кезінде осы бағытта жұмыс көп болды. Бұл менің өз басым үшін өте маңызды, өйткені Қазақстанды ондай даму үшін мүмкіндіктің бәрі бар және менің ойымша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды дамытуға деген ынтасын көрсетті де. Сосын, мен атап өткен ағылшын тілін оқыту, қазақша медиадағы журналистерді оқыту сияқты салалардың біз үшін, біздің әріптестегіміз үшін маңызы ерекше. Денсаулық сақтау министрілігімен жұмысымыз, энергетика бойынша жұмысымыз. Біздің Қазақстанмен әріптестігіміз жақсы қалыптасқан, ауқымды, оның бәріне аз уақытта тоқталып өту тіпті қиын. Бірақ сайып келгенде, мен болашақты ойлағанда Қазақстанның болашағы жарқын болса деймін. Бүгінгі Қазақстанда тұрып жатып, 1996 жылғы елді ойлаймын. Сонда салыстырып отырып, үлкен прогрессті көремін және әрі қарай гүлдене беруге потенциал жеткілікті болады деп үміттенемін.

Модератор: Ұзағынан жауап бергеніңізге рахмет, Елші мырза. Бізге чатта тағы бірнеше сұрақ келіп түсті.

Елші Уильям Х. Мозер:  Жақсы!

Модератор: Біріншісі – вакцинацияға қарай АҚШ-қа бару талаптарының өзгеруіне қатысты нақтылаушы сұрақ. Елші мырза, сіз бұл тақырыпта комментарий бермеу туралы нұсқаулық алдым дедіңіз. Бұның себебі Вашингтонның әлі шешім қабылдамағандығында ма?

Елші Уильям Х. Мозер: Мен әзірге оның нақты солай екенін білмеймін, себебі Вашингтонда шешім әлі қабылданған жоқ, және менің ойымша, шынымен солай деп ойлай аламын.

Модератор: Рахмет. Келесі сұрақ мынадай: Түркістан облысының халықаралық тұрғыдан дамуына көзқарасыңыз қандай? Және АҚШ-тың оған қосар үлесі немесе болашақ үлесі қандай?

Елші Уильям Х. Мозер: Мен Түркістанда әйеліммен бірге шілде айында болып қайттым. Қызық болды, дәл сол күндері күн 45 градус ыстық болды. Бірақ біз Елшілікте әрдайым қайталап айтамыз, Қазақстанда туризмді дамыту – болашағы зор сала. Туризмнің дамуы ел дамуында үлкен рөл атқара алады. Менің Түркістаннан алған әсерім – ол көпшілікке қызық бола алады. Өйткені онда Қазақстанның ғана емес, бүкіл ислам әлемінің тарихы жатыр. Яссауидың тарихы, Әмір Темірдің 200 жылдан соң сол мешітті Яссауидың құрметіне салғаны, бұны білу шынымен де кез келген адамға қызық. Түркістан болашақта Қазақстанның маңызды туристік бағытына айналады деп ойлаймын. Бірақ туризмнің дамуы туралы айтқанда бір нәрсені есте сақтау керек – бір ғана жермен шектелмей, туристерге бірнеше жерді көру мүмкіндігін ұсыну керек. Алматының тауы болсын, Бурабайдың табиғаты болсын, Өскемен болсын. Маңғыстаудың табиғаты, мысалы. Мұның бәріне туристің көзімен қарау керек.

Модератор: Рахмет. Сонымен, әріптестер, біздің уақытымыз аяқталуға жақын. Сондықтан тағы бір ғана сұраққа жауап бере аламыз. Чатта РИА Новости агенттігінің тілшісі Юлия Кислицынаның сұрағын көріп тұрмын. АҚШ Қарулы күштері Штабтар басшыларының біріккен комитетінің Төрағасы Марк Милли Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабының басшысы Валерий Герасимовпен өткен аптадағы кездесуінде Америка әскерінің Орталық Азиядағы ресейлік әскери базаларды қолдану мүмкіндігін талқылады. Ол туралы Wall Street Journal өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады. АҚШ Ресейдің Орталық Азиядағы әскери базаларын қолдана ма?

Елші Уильям Х. Мозер: Әзірге бізде бұған қатысты нақты жоспар жоқ.

Модератор: Рахмет, Елші мырза. Әріптестер, соңғы сұрақ болса, қазір қойып үлгеріңіздер, болмаса осымен аяқтаймыз.

[Пауза]

Басқа сұрақ болмаса, баспасөз конференциямыз осымен аяқталды. Әріптестер, уақыт бөліп, қатысқандарыңыз үшін рахмет сіздерге. Көбіңіз біздің кездесулерге үзбей қатысасыздар, сіздермен байланыста болғанымызға қашан да ризамыз. Елші мырза, сізге де уақытыңыз бен берген жауаптарыңыз үшін көп рахмет.

Елші Уильям Х. Мозер: Иә, Карина, рахмет. Бүгінгі баспасөз конференциямызға қосылған журналистердің барлығына алғысым зор. Тағы бір қосарым – Қазақстандағы журналистермен байланысымыз мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, осы елдегі қызметім кезінде шын көңілмен ұнатқан ісімнің бірі. Келесі Елшіге беретін кеңесімнің бірі де осы болмақ – елдегі журналистермен барынша ертерек байланысып, танысу. Біз үшін ол әрі тиімді, әрі Қазақстанды жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Модератор: Бәріңізге тағы да рахмет, келесі кездескенше.