




Нұр-Сұлтан, Қазақстан – 2021 жылғы 10-12 қыркүйекте Орталық Азия елдерінің 400 астам медиамаманы USAID қаржыландыратын Орталық Азияның медиабағдарламасы аясында жыл сайын ұйымдастырылатын үшінші медиафестивалге жиналды. Онлайн медиамедиафестиваль жергілікті журналистердің идея алмасып, аймақтағы медианың ең өзекті сұрақтары мен мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
«Америка Құрама Штаттары отыз жылға жуық уақыттан бері Орталық Азиядағы медианың дамуын қолдап келеді. Бұл қолдау ақпаратқа қол жеткізу және медианың тұрақты дамуына мән беретінімізді көрсетеді. Атап айтқанда, АҚШ ақпаратты тұтынушылардың медиасауатын көтеріп, журналистикадағы кәсібиліктің арттыруға талпынады, — деді USAID-тың Орталық Азиядағы миссиясы директорының міндетін атқарушы Питер Янг.
Фестиваль бағдарламасында медиамамандардың әңгіме-дүкені, дәрістер, дискуссиялар, семинарлар және медиа тақырыбындағы кинокөрсетілімдер бар. Орталық Азияның медиафестивалінде 2021 жылы аймақтағы медиасауат деңгейін көтеру бойынша ең керемет медиажобалар мен бастамалар туралы айтылып, Орталық Азияның белгілі журналистері You–Tube каналды дамыту, аудитория тарту, подкаст жасау және дата-журналистика бойынша практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді. Медиасауат тақырыбында шеберлік сабақтар сериясы ұйымдастырылады.
Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің жетекшісі Марат Бигалиев фестивалдің ашылу салтанатында: «Биылғы фестиваль ұраны — “Азияда жасалған”. Орталық Азияның медиажобаларын ерекшелеп, журналистер жұмысының маңыздылығына назар аудартпақпыз. Олар күнделікті ақпарат ағымын қалыптастырып, қоғамның өзекті проблемаларын анықтап, соны шешуге көмектеседі. Аймағымыздағы ең мықты жобаларды көрсеткіміз келеді», — деді.
Орталық Азияның медиафестивалі 12 қыркүйекте MediaCAMP Awards журналистика байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталады. Байқауға барлығы 646 өтініш келіп түсті. Соның ішінен 74 материал «Уақыт тынысы», «Жеңімпаздар уақыты», «Жасампаздар уақыты», «Жастар уақыты», «Жыл тақырыбы. Пандемия кезеңі» деген бес номинация бойынша финалға өтті. Жеңімпаздарды аймақтық кезеңнің қазылар алқасы анықтайды. Алтыншы номинация — «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация» номинациясының жеңімпазын аудитория таңдайды, яғни фестиваль сайтында финалистерге онлайн-дауыс береді.
###
Орталық Азияның бағдарламасын АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландырып, Internews іске асырады. Бағдарлама Орталық Азияда теңдестірілген ақпараттық ортаны дамытуға бағытталған. Бұл жастар мен егде буынның идеялар алмасуға, түрлі пікірлер мен көзқарастарға ашықтығын дамытуға, мүмкіндігінше көп азаматты қоғам өміріне тартуға көмектеседі. USAID – әлемдегі маңдайалды халықаралық даму агенттігі және дамуға бастайтын негізгі қозғаушы күш. Орталық Азиядағы USAID сайты және Орталық Азиядағы USAID парақшасында қосымша ақпарат бар.