АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) 2022 жылдың 16-24 мамыр аралығында Транскаспий аумағындағы сауданы ұлғайту мүмкіндіктерін табу мақсатында Қазақстан, Әзірбайжан және Грузияға танысу сапарын өткізеді.
Бұл халықаралық көлік дәлізі Орталық Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың екінші жолы болып қарастырылады және сауда мен бизнесті дамытуға үлкен потенциалы бар. Соңғы кездері Орталық Азия үкіметтері Каспий теңізі арқылы жүк ағынын ұлғайтуға көп көңіл бөлуде, өйткені саудагерлер өз тауарларын басқа транзиттік бағыттар бойынша тасымалдауда қиындықтарға тап болуда.
Бұл танысу сапарын USAID-тің Орталық Азиядағы сауда қызметі, TRACECA (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) және KazLogistics, Қазақстанның көлік қызметкерлері одағы, бірлесіп жүзеге асырып отыр.
USAID-тің Орталық Азиядағы аймақтық сауда өкілі Роберт Паркер өзінің құттықтау сөзінде «Транскаспий дәлізінің бағыты Орталық Азиядан Кавказ және Еуропа елдерімен тауар саудасы құралы ретінде маңызды рөл атқара алады. USAID осы елдердің ынтымақтастығын және аймақтық сауда мен инвестициялардың өсуіне әкелетін шешімдерді қолдайды.»
Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көлік саясаты агенттіктерінің 40-тен астам кеден өкілдері мен қызметкерлерінен, сондай-ақ Орталық Азия көлік-логистикалық әріптестігі мүшелерінен тұратын делегация Каспий теңізінің Алят және Құрық порттарына, сондай-ақ Қара теңіздегі Батуми портына барады. Олар әр порттың баға саясатын зерттейді, қолданылатын процестерді қарастырады және цифрландыру бастамаларымен танысады. Осылайша бұл шара оларға процедураларды одан әрі жеңілдету бойынша жолдарды әзірлеуге көмектеседі.
Сондай-ақ, халықаралық автомобиль тасымалдарына тікелей қатысы бар Әзірбайжанның, Грузияның және Орталық Азия елдерінің автомобиль тасымалдаушылары ұлттық қауымдастықтарының, логистикалық компаниялар мен экспедиторлардың, теңіз порттары мен кеме қатынасы компанияларының өкілдері осы сапарға қосылады. Болгария мен Түркиядан келген қатысушыларға өздерінің ішкі аумақтары арқылы халықаралық автомобиль тасымалдарын жеңілдету мүмкіндігімен танысу ұсынылады.
Сонымен қатар, USAID осы порттар арқылы транзиттеу кезінде тасымалдаушылар тап болуы мүмкін нақты мәселелерді анықтау үшін Орталық Азиядағы Қазақстандық Құрық портынан Әзірбайжан мен Грузия арқылы Түркияға баламалы маршрут бойынша алдын ала іріктелген жүктерді жеткізуді ұйымдастырды.
USAID-тің Орталық Азиядағы Сауда қызметінің мақсаты – кедендік және шекаралық процедураларды үйлестіру, трансшекаралық сауда мен инвестиция бойынша мемлекеттік-жекеменшік диалогын арттыру арқылы экономикалық жеделдету және Орталық Азиядағы экономикалық мүмкіндіктерді арттыру үшін аймақтық сауда байланысын және үйлестіруді жақсарту, фирмалар арасындағы трансшекаралық байланысты жақсарту және гендерлік сауда мәселелерін шешу.
###
USAID – әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және даму нәтижелеріне жетекшілік ететін катализатор. Қосымша ақпарат алу үшін Орталық Азиядағы USAID веб-сайтына кіріңіз: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook парақшасы: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia.