Flag

An official website of the United States government

Қаржыландыру мүмкіндігі туралы хабарлама (ҚМТХ)
4 Хаттаманы оқу
Мамыр 17, 2023

Қаржыландыру мүмкіндігі туралы хабарлама – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін құқықтық қолдау және оқыту

Бағдарлама кеңсесі: Қоғамдық дипломатия бөлімі, АҚШ Астана қаласындағы Елшілігі

Қаржыландыру мүмкіндігінің атауы: Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін құқықтық қолдау және оқыту

Хабарлама түрі: Грант

Қаржыландыру мүмкіндігінің нөмірі: DOS-KAZ-AST-AEECA-23-002

Өтінім қабылдаудың соңғы мерзімі:  15 шілде 2023 ж. (Астана қаласының уақыты бойынша сағат 23:59-де)

CFDA: 19.900 – Еуропаға, Еуразияға және Орталық Азияға көмек

Қаржыландырудың жалпы сомасы: $ 101,000 АҚШ доллары

Жобаны іске асыру мерзімі: 12 айға дейін

Берілетін грант саны: 1-2 грант (сомаға байланысты)

Грант сомасы: $50000-нан бастап $101000-ға дейінгі аралықта болу мүмкін

Қаржыландырудың жалпы сомасы: $101,000

Қаржыландыру түрі: «Шет елдерге көмек көрсету туралы» заңына сәйкес Шығыс Еуропаға, Еуразияға және Орталық Азияға көмек

Жобаның ықтимал басталу күні: Қыркүйек, 2023 жылы

АҚШ Мемлекеттік департаменті Астана қаласындағы Елшілігі журналистерге құқықтық қолдау мен көмек көрсету және журналистер, медиа-контент жасаушылар, заң факультетінің студенттері немесе құқық саласында қызмет ететін тұлғалар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері секілді мамандарға құқық саласына қатысты тренинг ұйымдастыру арқылы қазақстандық медиа ортаны нығайтатын жобаны жүзеге асыруға ашық конкурс өткізу мүмкіндігін жариялайды. Жоба Қазақстанның демократия мен заң үстемдігі жолындағы күш-жігерін қолдай отырып, кәсіби журналистика стандарттарын ілгерілетуге және қажет болған жағдайда тиісті құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Басымдық нақты, өлшенетін нәтижелерге жететін жобаларға беріледі. Конференциялар немесе дөңгелек үстелдер өткізу, теориялық зерттеулер немесе сауалнамалар жүргізу, кітаптар жазу немесе оларды басып шығарудан ғана тұратын жобалардың қаржыландырылу мүмкіндігі аз.

Алғышарт:

Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы екіжақты және аймақтық мәселелердің кең ауқымы аясында, соның ішінде Қазақстанның БАҚ бостандығын қорғау және журналистік кәсіпқойлықты арттыру жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсету бойынша ынтымақтасады. Елшілік бұған дейін де журналистерге құқықтық қолдау көрсетуге ойдағыдай назар аударғанымен, студенттер мен практик-мамандар үшін қазақ тілінде құқықтық оқытудың жетіспейтіні және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне журналистердің құқықтары туралы көбірек білім беру қажет екені белгілі болды. Осылайша, Америка Құрама Штаттарының Елшілігі екі бағыт арасындағы көпір ролін атқарып, Қазақстандағы журналистерді, контент жасаушыларды, заң факультетінің студенттері мен практик-мамандарды және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту мен құқықтық қолдауға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін білікті ұйымға қолдау көрсетуді мақсат етеді.

БАҚ мамандарын құқықтық тұрғыдан қорғау мен қауіпсіз ортада журналистикамен айналысу мүмкіндігін қамтамасыз ету демократиялық қоғам үшін өте маңызды. Құқықтық мәселелер бойынша кеңес берудің немесе қолдау көрсетудің болуы Қазақстандағы журналистердің қауіпсіздігіне және олардың жұмыс міндеттерін орындау қабілетіне айтарлықтай ықпал етеді. Сонымен қатар журналистер мен басқа да контент жасаушылар заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Заң факультетінің студенттері мен практик-мамандар БАҚ туралы заң бойынша білімдерін кеңейтуі керек, ал құқық қорғау органдары журналистердің құқықтарын жақсырақ түсінуі қажет. Бұл қызметтерді қазақ тілінде көрсетуге ерекше назар аудару керек.

Жоба Қазақстанның барлық аймақтарындағы журналистерге тікелей заңгерлік көмек көрсетуге, оның ішінде азаматтық, әкімшілік немесе қылмыстық соттарда журналистердің құқықтарын қорғау үшін ақысыз қорғаушы қызметтерін көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар жобаны іске асырушы журналистер мен контент жасаушыларға, заң факультетінің студенттері мен практик-мамандарға құқықтық білім беруді және құқық қорғау органдарын журналистердің құқықтары бойынша оқытуды қамтуы керек. Жеңімпаз үміткердің Қазақстанның барлық аймақтарында штаттық лауазымда немесе келісім-шарт бойынша қызмет ететін адвокаттары болуы керек. Іріктелген ұйым журналистер бостандығының жай-күйі мен құқық саласындағы өзгерістерді бақылауға және бұл туралы үнемі жариялап отыруға жауапты болады.

Жобаның ықтимал мақсатты аудиториясы: Жоба журналистерге, БАҚ мамандарына, заң факультетінің студенттері мен практик-мамандарына, сондай-ақ ел аумағындағы барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағытталған болуы керек. Жоба тренингтер мен қызметтерді қазақ және орыс тілдерінде іске асыра алуы қажет.

Жоба мақсаты: БАҚ мамандарының заңды құқықтар мен қорғау қызметтерін қолдану туралы хабардарлығын арттыру арқылы Қазақстандағы еркін медиа ортаны қолдау.

Жоба іс-шаралары: Бағдарлама журналистерге, контент жасаушыларға, заң факультетінің студенттері мен практик-мамандарға және медиа кеңесшілерге уақтылы, жан-жақты әрі ауқымды заңгерлік кеңестер беру арқылы объективті журналистика мен этикалық журналистика стандарттарын қолдауы керек. Бағдарлама өзінің кәсіби қызметін халықаралық журналистика стандарттарына және Қазақстан Республикасының заңдары мен ережелеріне сәйкес орындаған журналист немесе бұқаралық ақпарат құралына қажет болған жағдайда ақысыз заңгерлік көмек көрсетуге қабілетті болуы керек. Бағдарлама журналистер мен контент жасаушыларға, заң факультетінің студенттері мен практик-мамандарына, сондай-ақ құқық қорғау органдарына арналған БАҚ құқықтары мен міндеттері жөнінде тренингтер өткізуді қамтуы тиіс.

Жоба міндеттері:

  1. Ең кемі алты тренинг өткізу арқылы БАҚ мамандарына қатысты заңды құқықтар мен заңдар туралы білім мен түсінікті арттыру. Қатысушы саны – кем дегенде 100, тренингтердің кем дегенде жартысы қазақ тілінде өтуі керек. Бұған заңгерлік кітап немесе брошюраны аудару және басып шығару, сондай-ақ семинарлар ұйымдастыру кіруі мүмкін.
  2. Заңгерлік қызметтерді көрсету мен өңірлерде ақысыз көмек беретін адвокаттар туралы деректер базасын құру арқылы БАҚ мамандарының құқықтық қорғауға қолжетімділігін арттыру. (Ескертпе: Егер заңгерлер ақысыз көмек бере алмайтын болса, өтінім беруші адвокат қызметтерінің өтемақысы қалай өтелетіні туралы түсіндіруі керек.) Жобаны іске асырушылар кеңес беру немесе ақысыз көмек көрсету қызметтерінің санына тәуелді болмайды; дегенмен жеңімпаз үміткер ұсынылатын қызметтердің саны мен түрлерін және олардың қызметтеріне жүгінген тұлғалардың демографиялық құрамын қадағалап отырады.
  3. Ұдайы бақылау жасау мен кемі әр тоқсан сайын есеп беру арқылы халықтың баспасөз бостандығын бұзу мәселелері туралы хабардарлығын арттыру.

Қосымшалар: