АҚШ Уақытша Сенімді Өкілі Джон Ордвейдің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнімен құттықтауы

Құрметті қазақстандықтар,

Қазақ халқы – билер мен хандар билеген көне замандардан бері өзінің мемлекет басқару дәстүрімен белгілі халық. Егемен Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан оң саясаттың үлгісі – Джордж Буш үлкеннен бастап Барак Обамаға дейін билік еткен АҚШ президенттері жоғары бағалаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық рөлі болып табылады.

Қазақстан өткен замандарда талай күрделі шешім қабылдады да, осы шешімдер Қазақстанның бүгінгі таңдағы стратегиялық рөліне айтарлықтай ықпалын тигізді. Ең алдымен, Қазақстан экономикалық реформалар мәселесіне аса байыппен қарады, соның  нәтижесінде өңірде ең қуатты экономика секторы құрылды. Екіншіден, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан білім беру жүйесіне ерекше мән беру туралы шешім қабылдаған. Осы шешімнің дұрыстығын қазір Қазақстанның жас, келешегі зор, білімді ұрпағы көрсетіп отыр. Әрине, Қазақстан басқа елдерге әрқашан қолдау көрсетуге дайын, мысалы, ауған студенттеріне Қазақстанда  білім алу мүмкіндігі беріліп отыр, соның арқасында Ауғанстанның қалпына келуіне жол ашылмақ.

Президент Н.Назарбаевтың алғашқы шешімдерінің бірі – Кеңес Одағынан мұра еткен жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту еді. Бұл шешімінің арқасында Қазақстан мен Президент Н.Назарбаевтың жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісінде көшбасшылық рөлі арта түсті. Талай жылдар бойы Президент Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық ұйымдардың қызметі мен көптеген үрдістерге белсенді атсалысуы сияқты көптеген бастамалар көтерді. Қазақстанның Иран мәселесі жөніндегі келіссөздердегі рөлі немесе Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі соның айқын дәлелі. Осының барлығы Қазақстанның барлық мемлекеттер үшін жау емес, дос ел ретіндегі беделін қалыптастырып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы табысты стратегиялық қарым-қатынастың орнауына негіз болып, елдеріміз бен елбасыларымыздың үнқатысуына жол ашқан.

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймыз!