Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ., 2020 ж. 6 тамыз – Бүгін АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) Орталық Азиядағы АИТВ бойынша «Флагман» бағдарламасын сәтті аяқтады. Қазақстанда бағдарлама аясында АИТВ-ға тестілеу, АИТВ талдауы оң нәтиже берген адамдар мен әлеуметтік қызметтер арасында байланыс орнату, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында өзін-өзі тестілеу енгізілді.
Жаңа АИТВ инфекциясын жұқтыру жағдайларының санын азайту және АИТВ-дан қайтыс болу деңгейін төмендету үшін USAID елдегі АИТВ инфекциясының өсу қарқыны ең жоғары Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыстар атқарды. Соңғы бес жылда USAID 10000 адамды АИТВ-ға тексерді, олардың 600-ге жуығы өздерінің оң АИТВ-статусы туралы білді. Осы жобаның арқасында АИТВ талдауы оң нәтиже берген 3000 адам өмірлік қажетті ем қабылдай бастады. Аталған шаралар Қазақстанға «ЮНЭЙДС 90-90-90 мақсаттарына» қол жеткізуге көмектеседі, бұлар келешек ұрпақ үшін барынша салауатты әлемнің негізін қалап, бізді ЖИТС індетімен күрестің аяқталуына жақындатады.
«Қазақстан үкіметі аймақтағы АИТВ/ЖИТС-ке қатысты мәселелерге басшылық етіп, олармен күресу шараларының басымбөлігін қаржыландырады. Қазақстанмен бірлесіп атқаратын жұмысымыздың барысында қызметіміздің экономикалық жағынан тиімді әрі нәтижелі болуын мақсат тұтамыз», – деді Орталық Азиядағы USAID аймақтық миссиясының директоры Кристофер Эдвардс. «Бізге одан әрі қарастыру керек маңызды проблемалардың бірі стигматизация болып табылады. АИТВ-ға құпия тестілеуге қол жеткізу әлі қиындық тудырады, және көптеген адамдар ауырып қалса немесе өзінде ауру белгілерін анықтаса ғана тестілеуден өтуде».
«USAID-тің үкіметтік емес ұйымдарға негізгі топтармен жұмыс жасауы үшін ұсынған ақпараттық басқару жүйесі көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады. Бұл азаматтық қоғамның АИТВ-мен күреске қосатын үлесін арттырады», – деді Бауыржан Байсеркин, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматологиялық және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры.
USAID пациенттерді жетелеуге және АИТВ-ға тестілеуге арналған инновациялық тәсілдерді енгізді. 2019 жылдың қарашасынан бастап USAID үкіметтік емес ұйымдарарқылы экспресс-тестілеу мен өзін-өзі тестілеу шараларын енгізуге көмектесті, бұл 500-ден астам адамды тестілеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, USAID Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарғанегізгі топтар арасында АИТВ індетін қадағалау мен бақылауда ұстауға көмектесетін ақпараттық басқару жүйесін ұсынды. АҚШ Үкіметі USAID арқылы 2003 жылдан бастап АҚШ Президентінің ЖИТС-пен күресу жөніндегі Төтенше жоспарына сәйкес қаржыландырылатын Қазақстандағы АИТВ-мен күресу бағдарламаларына қолдау көрсетеді. Мұның ең соңғы мысалы USAID-тің Орталық Азиядағы АИТВ бойынша «Флагман» бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсету болып табылады.
###
USAID – халықаралық даму жөніндегі жетекші агенттік және даму нәтижелеріне қол жеткізуге ықпалын тигізетін катализатор. Толығырақ ақпараттар https://www.usaid.gov/central-asia-regional сайтында және USAID-тің Facebook желісіндегі https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia парақшасында берілген.
Байланыс деректері: Айгерім Бегалиева, USAID-тің Орталық Азиядағы байланыстарды дамыту және коммуникациялар жөніндегі маманы, abegaliyeva@usaid.gov.