АҚШ Елшісі Джордж Кролдың АҚШ Тәуелсіздік күніне орай сөйлеген сөзі

Құрметті қонақтар, қымбатты достар!

Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 240 жылдық мерейтойын бізбен бірге атап өтуге келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Америка Құрама Штаттары 1776 жылы 4 шілдеде өзінің тәуелсіздігін жариялағанын білесіздер.

Сол кезде көпшілік бұрынғы отар елдердің қуатты, әрі гүлденген мемлекет болмақ түгілі, тәуелсіздігін сақтап, біртұтас ел болып қаларының өзіне күмәнмен қараған еді.

Содан бері 240 жыл өтті.

Қазір америкалықтар шыққан биігін орынды мақтан етеді.

Дегенмен, біз қоғамымызды жетілдіріп, Американың Тәуелсіздік декларациясында айқындалған  еркіндік пен теңдік идеалдарына жету үшін әлі талай еңбек етуіміз қажеттігін түсінеміз.

Тәуелсіз ел болғанына екі жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де Америка әлі де үлкен сынақ алаңы сияқты, күні бүгінге дейін көптеген ішкі және сыртқы сын-қатерлерге тап болуда.

Американың 240 жылдық мығымдығының құпиясы біздің жаңа өзгерістер мен жаңғыруға ұмтылысымыз бен әрбір адамның өмірде өз жолын табуына мүмкіндік беру ниетімізде жатыр деп ойлаймын.

Қадірлі достар, биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық және Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қатынас орнауының 25 жылдық мерейтойларын атап өтудеміз.

Қазақстан мен Құрама Штаттарға ортақ нәрселер өте көп.

Екі елдің де жерінің аумағы қаншалықты үлкен болса, болашаққа деген ұмтылысы мен үміті де сондай зор.

Біз – саудада, саясатта, сонымен бірге жаппай қырып жоятын қару-жарақтан азат, өркенді де толерантты әлем орнату жолында стратегиялық серіктестерміз.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан зор жетістіктерге жетті.

Америка сияқты Қазақстан да даму жолында көптеген ішкі және сыртқы қиындықтармен бетпе-бет келуде.

Бірақ, Америка сияқты Қазақстан да өзінің жарқын болашағы мен үкілі үмітін халықтың білім, еркіндік және жауапкершілік мүмкіндіктерін кеңейте түсумен тығыз байланыстырады.

Біз Қазақстанның егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде экономикасы мен қоғамы әртарапты қуатты мемлекет құру үшін өзінің дербес жолын табуға ұмтылысын қолдаймыз.

Ата-бабалары азаттықты бағалай білгені сияқты, бүгінгі қазақстандықтардың жеке бас еркіндігін қадірлеуін, әр алуандық арқылы біртұтастыққа ұмытылысын да жоғары бағалаймыз.

Америкалықтар да, қазақстандықтар да тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін саралайтын мерейлі сәтте біз кезекті рет бабалардан мирас болған қастерлі мұраларға адалдығымызды білдіргіміз келеді.

Күнде бетпе-бет келіп отырған қиындықтар мен қатерлерге қарамастан, адами рухтың қуатына сенейік және әріптестер ретінде баршаға бірдей қауіпсіз, әрі өркенді әлем құру үшін бірлесе жұмыс істейік.

Американың Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Қазақстанның Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бейбіт өмір және амандық тілеймін.

Назарларыңызға көп рахмет.