Ақтөбеде Makerspace шығармашылық кеңістігі ашылды
2023 жылдың 23 маусымында сағат 11.00-де Қазақстандағы АҚШ Елшілігі мен «Шеврон» компаниясы C.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп, Ақтөбедегі Америкалық Бұрышта жаңа Мейкерспейс кеңістігінің ресми ашылуын өткізді.
Ақтөбедегі Америкалық Бұрышта жаңа Мейкерспейс ашылу салтанаты аясында қызыл лентаны қиюға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм, «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесс, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.
Шараға елуден астам қонақтар, оның ішінде мектеп оқушылары, университет студенттері, Ақтөбе облысының түкпір-түкпірінен келген жас өнертапқыштар, мектеп және университет оқытушылары, АҚШ үкіметінің алмасу бағдарламалардың түлектері, Ақтөбе облыстық білім және мәдениет басқармаларының өкілдері қатысты. Шара барысында жергілікті робототехника жарыстарының белсенді қатысушылары STEAM тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Ақтөбелік оқушылар да өз өнертабыстары мен инновациялық жобаларын ұсынды.
Мейкерспейс тұжырымдамасы 2005 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында пайда болған. Мейкерспейс – бұл адамдардың өзара шығармашылық, ізденіс және идеялармен бөлісуіне арналған бірлескен кеңістік. Мейкерспейстер ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM) қиылысында дағдыларды дамытуға және білім беруге ықпал етеді.
«Мейкерспейстер Қазақстандағы STEAM саласында білім беруді қолдауда маңызды рөл атқарады, олар арқылы біз жастардың болашағына инвестиция жасаймыз. Осылайша бұл жастар ғылым, технология және кәсіпкерлік саласындағы көшбасшы ретінде Қазақстанның дамуының тірегіне айналады», – деді елші Розенблюм ашылу салтанатында.
««Шеврон» компаниясы үшін біздің инвестицияларымызды тек мұнай-газ саласымен шектемейтініміз өте маңызды. Серіктестерімізбен – мемлекеттік мекемелермен, коммерциялық емес ұйымдармен, мектептермен және университеттермен бірге – біздің мақсатымыз-адамдарға инвестиция салу арқылы адами капиталды үнемі нығайту. Адамдар – бізде бар ең құнды ресурс. 1994 жылдан бастап «Шеврон» 30-дан астам қоғамдық ұйымдармен 400-ден астам жобаны бастай отырып, әлеуметтік инвестицияларға шамамен 500 миллион доллар инвестициялады. Біз қалалық және ауылдық мектептердегі мыңдаған балаларды, мұғалімдер мен жаттықтырушыларды қамтитын даму бағдарламаларын қолдаймыз», – деді Дерек Магнесс.
«Шығармашылық орталық балалар мен жастарды тарту мақсатында ашылған, өйткені бұл кәсіптік бағдар, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, ал оларда әрқашан таңдау болуы тиіс. Біз жас отандастарымыздың шығармашылығын қолдауға бағытталған жобаны іске асыруға қатысқандардың барлығына ризашылық білдіреміз», – деп әкім Тоғжанов өз сөзінде айтты.
Ақтөбедегі жаңа Мейкерспейс – тамаша шығармашылық зертхана. Келетін қонақтар мен пайдаланушылар 3D принтермен басып шығару, робототехника, электроника мен ғылыми тәжірибелер жасау мүмкіндігіне ие болады. Олар әртүрлі гаджеттер мен материалдарды пайдаланып, компьютерлік бағдарламалау, металл өңдеу, дәнекерлеу сияқты қолданбалы өнер мен т.б. тақырыптар бойынша тренингтер мен семинарларға қатыса алады. Бұл кеңістік балаларды, жастарды және ересек адамдарды біріктіреді. Ақтөбедегі Мейкерспейстің барлық бағдарламалары мен семинарлары көпшілікке ашық және тегін ұсынылады.
Ақтөбедегі Мейкерспейсті Қазақстандағы АҚШ елшілігі «Шеврон» компаниясының қолдауымен ашты. Ол Алматы, Астана, Өскемен, Павлодар және Оралда орналасқан Мейкерспейстерден кейінгі алтыншы кеңістік болып саналады. 2020 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне қол қойды. Ол бойынша Қазақстанның он қаласында жабдықталған мейкерспейс кеңістіктерін ашу жоспарлануда. Қазақстан жастарының ХХІ ғасырда табысқа жетуіне қажетті дағдылар мен білімді дамыту – екі жақтың да ортақ мақсаты.
Ақтөбедегі Мейкерспейстің мекен-жайы: C. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана, 11 шағын ауданы, 112Е, «Д» телімі
Instagram: @american_corner_aktobe