АҚШ-тың Орталық Азия бойынша 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясы

Егемендік пен экономикалық өркендеуді алға жылжыту

Ақпан 2020 жыл

Алғысөз

Америка Құрама Штаттары Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып қабылдады және соңғы үш онжылдықта осы елдердің әрқайсысының қауіпсіздігін, дамуын және өркендеуін қолдап, тұрақты жұмыс істеп келеді. Орталық Азия әрқашан Еуропа мен Азия арасындағы өркениеттердің стратегиялық және коммерциялық түйіні болды. АҚШ-тың осы аймақтағы басты стратегиялық мүддесі – әр түрлі серіктестермен өз шарттары бойынша саяси, экономикалық және қауіпсіздік мүдделерін көздейтін; әлемдік нарықтарға шыққан және халықаралық инвестицияларға ашық; мықты демократиялық институттары бар, заңның үстемдігін және адам құқықтарын сақтайтын неғұрлым тұрақты және өркендеген Орталық Азияны құру. Тұрақты және қауіпсіз Орталық Азия АҚШ-тың лаңкестікке қарсы тұру, аймақтық тұрақтылықты қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аймақтағы және одан тыс жерлерде экономикалық өркендеуді күшейтуге тікелей ықпал етеді.

Осы мақсатта АҚШ бейбітшілік пен қауіпсіздікті, демократиялық реформалар мен экономикалық өсуді қолдау, сондай-ақ гуманитарлық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін 9 миллиард доллардан астам тікелей көмек көрсетті. Сонымен қатар, АҚШ-тың басшылығымен Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропа қайта құру және даму банкі және Азия даму банкі аймақтың дамуын қолдау үшін 50 миллиард долларынан астам сомада кредит, несие беріп, техникалық көмек көрсетті. Сонымен бірге, АҚШ-тың жеке секторы аймақтағы коммерциялық кәсіпорындарға 31 миллиард доллардан астам қаржы салып, мыңдаған жергілікті жұмыс орындарын құрып, адам әлеуетін арттырды. Сонымен, АҚШ Орталық Азияның әр елімен, соның ішінде 40 000-нан астам студенттік және кәсіби алмасуды тікелей қаржыландыру арқылы, адамдар арасындағы тығыз байланыс орнатты.

Көптеген орталық азиялықтар Американың түрлі қалаларына көшіп келді және қазіргі уақытта өз елдерімен тығыз байланыста болатын белсенді және серпінді диаспоралар құруда. АҚШ-тың Орталық Азия бойынша бұрыңғы стратегиясы 2015 жылы қабылданғаннан бастап, аймақтың жаңа көшбасшылары даму реформалар, аймақаралық байланыстар мен ынтымақтастық, сондай-ақ АҚШ-пен белсенді қарым-қатынас жасауға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді ашты. Атап айтқанда, аймақтағы жаңа үкіметтер саяси және экономикалық реформаларға, соның ішінде АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастыққа, үлкен сенім білдірді. Сонымен қатар, аймақаралық қатынастардың жақсаруы және аймақтық топ ретінде бірлесіп жұмыс жасау құндылығы туралы түсініктің артуы «С5 + 1» платформасы арқылы АҚШ-пен ынтымақтастық құру әлеуетін кеңейтті.Орталық Азия мемлекеттерінің шетелдік инвестицияларды ұлғайту және американдық бизнесті тарту әрекеттері Орталық Азия көшбасшыларының заңның үстемдігін реформалауға және халықаралық нормаларды сақтауға деген ынтасын арттырады.

АҚШ-тың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы аймақтағы маңызды оқиғаларға қатысты бұрыңғы стратегиядан тұрақты факторлардың бірнешеуін сақтайды: ішкі және трансшекаралық лаңкестік қауіпсіздіктің басты мәселесі болып қала береді, ал радикалды экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы және жалған ақпарат тарату Орталық Азия мемлекеттерінің тұрақтылығына қауіп төндіретін болады.

Сонымен, жаңа стратегияның негізінде кейбір басты қағидалар жатыр. Орталық Азия – АҚШ-тың Ауғанстандағы белсенділік деңгейіне қарамастан, Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздік мүдделері үшін маңызды геостратегиялық аймақ болып саналады. АҚШ салыстырмалы артықшылықтары бар салалардағы ынтымақтастыққа, атап айтқанда, жеке сектордың белсенділігі мен халықаралық стандарттардың, оның ішінде экологиялық кепілдемелердің, сақталуына ықпал ететін мемлекеттік саясат пен ережелердің айқындылығын ынталандыру арқылы, ерекше назар аударуы керек. Реформалар бойынша прогресс біркелкі болмаған кезде, АҚШ пікірлес серіктестермен келісе отырып, халықаралық нормалар мен заңдарға сәйкестендірудің артықшылықтарын жеткізе отырып, кедергілерді жеңу үшін нақты көмек көрсетуі керек.

Саясаттың мақсаттары

АҚШ, алға ұмтыла отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен олардың қысқа және ұзақ мерзімді қауіп-қатерлерге қарсы тұру қабілетін мен тұрақтылығын арттыру, арам ниетті субъекттерден тәуелсіздікті нығайту және АҚШ-пен саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері бойынша серіктестік қатынастарды дамыту үшін жұмыс істейді. АҚШ-тың даму күштері тәуелділікті тудырмай, аймақтық тәуелсіздікті насихаттауы керек. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қолдау үшін АҚШ алты жан-жақты және өзара күшейтетін мақсат қойды. Бұл мақсаттар мынадай:

  1. Орталық Азиядағы әрбір мемлекеттің және бүкіл аймақтың егемендігі мен тәуелсіздігін қолдау және нығайту. АҚШ-тың экономикалық, энергетикалық, қауіпсіздік, демократия және басқару мәселелері жөнінде дәйекті өзара әрекеттесуімен Орталық Азия мемлекеттері жеке егемендікті сақтау және экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу әрі оны сақтау үшін нақты таңдау жасау арқылы серіктестер аймағы ретінде жұмыс істей алады.
  • АҚШ аймақтағы дипломатиялық қатынастарын кеңейтеді және демократиялық институттарды нығайтуға әрі экономикалық әл-ауқаттың өсуіне бағытталған жергілікті билік органдарының күш-жігеріне бағдарламалық қолдау көрсетеді. Бұған қоса, АҚШ аймақты бөліп тұрған алауыздықтарды жою жөніндегі күш-жігерді қолдайды. АҚШ-тың Орталық Азия бойынша біртұтас электр желісін қолдауы тұтынушылардың шығындарын азайту мақсатында артық электр энергиясын сату, жеткізушілер үшін кіріс алу, аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті арттыру және сыртқы субъектілерге тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Бішкектегі Орталық Азиядағы Америка университеті аймақтағы ең ақылды жастарға американдық дәреже алу, іскерлік дағдыларға ие болу және өмір бойы аймақтық байланыстар жасау мүмкіндіктерді беретін дамып келе жатқан орталық.
  1. Орталық Азиядағы лаңкестік қауіпқатерлерді азайту. Орталық Азия қоғамдары экстремистік идеологияға қарсы тұрақтылықты дамытып, лаңкестік ұйымдар үшін пана бола алмайды.
  • Әскери және азаматтық серіктестіктің екіжақты бағдарламалары арқылы АҚШ Орталық Азия мемлекеттерімен зорлық-зомбылық экстремизмін зерттеу, анықтау, алдын-алу және оған қарсы тұру; шетелдік жауынгерлер мен олардың отбасыларының қоғамға оралу, қалпына келу және реинтеграциялау; шекараны қорғау және Орталық Азияға әрі оның аумағы арқылы лаңкестердің өтуін шектеу және адам саудасының жолын кесу үшін құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің әлеуетін күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. АҚШ Орталық Азиядағы шекара қауіпсіздігіне 90 миллион доллардан астам қаржы салып, 200-ден астам оқу-жаттығу шаралары өткізді және 2600-ден астам шекарашыларды оқытты.
  1. Ауғанстандағы тұрақтылықты кеңейту және одан әрі қолдау.

Орталық Азия мемлекеттері АҚШ-тың тұрақты, қауіпсіз және белсенді серіктестеріне айналады және Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерді одан әрі қолдайды.

  • АҚШ қауіпсіз және тұрақты Ауғанстан Орталық Азия үкіметтері үшін ең маңызды басымдылық болып табылатындығын және әрқайсысы қақтығысты тоқтататын бейбітшілік процесін қолдауда маңызды рөл атқаратынын мойындайды. АҚШ Орталық Азия мемлекеттерін Ауғанстанмен экономикалық және сауда байланыстарын дамытуға және мұсылман көпшілігі бар көпұлтты елдерді тұрақты түрде басқару үлгісін көрсетуге шақырады.
  1. Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы байланысты насихаттау.

Орталық Азия мемлекеттері аймақтық тұрақтылыққа тікелей ықпал ететін энергетикалық, экономикалық, мәдени, сауда және қауіпсіздік бағыттары бойынша Ауғанстанмен тығыз байланысты дамытатын болады.

  • Табысты, тұрақты және қауіпсіз экономикалық серіктестер қарулы қақтығыстарға сирек қатысатынын мойындай отырып, АҚШ Орталық Азия мен Ауғанстанның арасындағы сенімді іскерлік және инфрақұрылымдық байланыстарды қолдайды. CASA-1000 жобасы Орталық Азиядан Ауғанстан мен Пәкістанға электр энергиясын экспорттауды жеңілдету арқылы Орталық Азия экономикасын нығайтуға бағытталған.Сонымен бірге, Орталық Азия мен Ауғанстанның Еуропа және Еуразия елдерімен саудасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін Лазуриттік дәлізін қолдау мақсатымен біз Орталық Азиядағы визалық және кедендік процестерді жеңілдету бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
  1. Заңның үстемдігі мен адам құқықтарын сақтау реформаларын ілгерілету.

Орталық Азия мемлекеттері азаматтардың маңызды үлесін қамтамасыз ету, сайлау негізінде инклюзивті саяси жүйелер, саясаттың айқын әзірленуі, заңның үстемдігі және адам құқықтарын сақтау арқылы өздерінің тұрақтылығын арттырады.

  • АҚШ Орталық Азия елдеріне адам құқықтарын сақтау, сондай-ақ инвестициялық климатты жақсарту және жоғары білікті адами капиталды сақтау үшін қажет әділеттілік саласындағы реформаларды әзірлеу мен жүзеге асыруда техникалық сараптама ұсынады. АҚШ азаматтық қоғам ұйымдарының нығаюын қолдайды, сол арқылы азаматтар мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелерін шешуге қомақты үлес қоса алады, осылайша үкіметтердің өз азаматтарына деген жауапкершілігін арттырады. АҚШ елшілігінің бағдарламалары үкіметтердің өз азаматтарына есеп беруін қамтамасыз ету және қарапайым адамдардың өмірін жақсартудағы үкіметтердің жаңа күш-жігерін айқын түсіндіру үшін жүздеген журналистерге қажетті дағдылар мен байланыстарды ұсынады.
  1. АҚШ-тың Орталық Азиядағы инвестициялар мен дамуға көрсететін көмегі.

Орталық Азиядағы қолайлы бизнес ортасы ашық, әділ, АҚШ компаниялары үшін тартымды және дамудың үлкен мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

  • АҚШ Орталық Азияның әр елімен көбірек шетелдік, оның ішінде АҚШ компанияларынан да, инвестицияларды тарту үшін қажетті реформаларды жүзеге асыру мақсатымен жұмыс жасайды. Бастауыш, орта және жоғары білім беру реформасының аясында АҚШ халықаралық инвестицияларды тартатын және жергілікті кәсіпкерлерді шығаратын ХХІ ғасыр экономикасын қолдау үшін келесі ұрпақты қажетті техникалық, басқарушылық және ағылшын тілі мен сыни ойлау қабілеттерімен жабдықтау үшін жұмыс істейді.

* Әлем бойынша, АҚШ жетекші көпжақты даму банктерінің (КДБ) ірі акционері болып табылады, олардың ішінде Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі. КДБ Орталық Азия республикаларына олар тәуелсіздік алғаннан бері 50 миллиард АҚШ долларынан астам сомада гранттар, несиелер мен кепілдемелер берді.

Тұжырымдама

Бұл стратегияны тиімді түрде іске асыру Орталық Азияның АҚШ-пен қарым-қатынасын тереңдететін тұрақты және қауіпсіз аймақ болуын қамтамасыз етеді. Әр ел аймақты халықаралық инвестициялар үшін ашатын және демократиялық институттарды нығайтуға мүмкіндік беретін реформаларды жүзеге асыруы керек. Біз аймақ елдерінің Еуропамен Кавказ арқылы, Ауғанстан және Оңтүстік Азиямен, сондай-ақ әлемдік нарықтармен тығыз байланысын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз. Біз елдерге олардың экономикалық және саяси егемендігін нығайтуға, тұрақтылықты тереңдетуге, олардың өзара қызығушылық танытатын салаларда бір-бірімен ынтымақтастық орнатуға дайындығы мен қабілетін арттыруға көмектесеміз. АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен табысты қарым-қатынасы өзіміздің ұлттық қауіпсіздік мүдделерімізді алға жылжытуға көмектеседі және шетелде отанымызды, азаматтарымызды және мүдделерімізді қорғауға ықпал етеді. Барлық бес елмен тығыз қарым-қатынас және ынтымақтастық американдық құндылықтарды ілгерілетуге ықпал етіп, аймақтық көршілерге қарсы салмақ жасауға мүмкіндік береді. Ақырында, АҚШ бизнес мүмкіндіктердің кеңеюі аймақтағы экономикалық өркендеуді арттырып, сонымен бірге АҚШ-тағы жұмыстылық пен өнеркәсіпті қолдайды.

«C5 + 1» дипломатиялық платформасы

АҚШ-тың «С5+1» платформасына қатысуы аймақтық өзара байланысты және Орталық Азияның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды. Қауіпсіздік, экономикалық өзара байланыс және қоршаған орта, соның ішінде энергетика, саласындағы «C5 + 1» жобалары бүкіл Орталық Азияда 34 миллион АҚШ долларынан асатын АҚШ үкіметі көмегімен жүзеге асырылуда. «C5 + 1» платформасы аясында қатысушы елдер өздерінің мынадай міндеттемелерін растады:

  • жалпы қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін бірлесе жұмыс жасау;
  • лаңкестікке қарсы күрестің аймақтық күш-жігерін және шекаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту;
  • аймақтағы зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұру;
  • Орталық Азияда бейбітшілікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту туралы БҰҰ Бас ассамблеясының 2018 жылғы қарарына қолдау көрсету;
  • тұрақты, бейбіт және экономика жағынан өркендеуші Ауғанстанды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастыру; және
  • ақпарат алмасу сияқты ынтымақтастықтың қосымша бағыттарын зерттеу.