Сіздермен ұзақ сөйлескім келмейді.
Мен 1980 жылы Шәуешек уезіндегі ауылда туылдым. Бұл көне монғол атауы; қытайлықтар бұл аймақты Тачэн дейді. ҚХР мен Қазақстанның шекарасынан өтетін тауда орналасқан. 2009 жылға дейін ауылымның маңында шекаралық бақылау бекеті болды, бірақ мен ол бекетті пайдаланып көрмеппін. Жиырма төрт жасқа дейін үйімнен алысқа шықпадым. Әкемнің жайылымында көмек қылдым. Қой мен сиыр өсірдік. Тәуір білім алған емеспін.
Алғаш рет елді көрейін деп Қазақстанға 2004 жылы келдім. Кіші інім Алматыдағы өнер мектебінде оқыды. Ол актер болғысы келген. Елді ұнатып, келесі жылы қаламын деп қайта келмекші болдым. Ол кезде шекарадан асу оңай болды. Қазақстан халықты қайта қалпына келтірудегі оралмандардың3 көшіп келуін құптады. Мен оралдым, қытай азаматтығынан бас тартып, Қазақстанның азаматы атандым.
2016 жылы әкем қайтыс болды. Он екі баланың бірі еді.[әмияннан әкесінің паспорттағы ескі суретін алып үстелдің үстіне қояды.] Көбісі Қытайда болды, осында Қазақстанда туған екі ағасы тұрған. Мен олармен жетісіне қатысайын деп, басқа туған аға-апаларымның қасында болайын деп Қытайға баруды шештім. Шекараны өту оңайға соқты. Аста туыстарымды көрдім. Қой еті мен жылқы етін жедік. Ас берген соң Қазақстанға келдім. Ешқандай қиыншылық бола қойған жоқ-ты.
Бір жыл өтті. 2017 жылдың қараша айында Қытайға тағы бармақ болдым. Әкем қайтыс болғанда есіме бұрыңғы құрбы-құрдастарым келді, асқа қатыса алмағандарымен қайта қауышқым келді. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Шекарада мені тоқтатты. Шекарашылар менің Қытайдан кеткенім жайындағы мәліметтің жоғалып кеткенін түсіндірді. Қытай үкіметінің өкілі, қазақ, маған бұның үлкен бір мәселе екенін жеткізді. Сол құжаттамның жоқтығын түсіндіретін құжат көрсет деді. Менде жоқ. Сол себепті менің паспортымды алып алды. Олар маған екі елдің азаматтығын алғансың деді. Олай болса, ол қылмыс деп саналатынын жаңағы шенеуніктер атап айтты. Маған қатысты мәліметтерде менің ҚХР азаматтығынан бас тартқаным туралы құжат болмапты. Тіпті ешқандай мәлімет жоқ деп айтты.
Ұзақ уақыт өте, мүмкін жиырма төрт ай өткеннен кейін бе, маған Қытайға кіруге рұқсат берілді. Шекарадағы кездесуден қатты шошыдым. Қазақстанға бірден қайтуым керек пе еді деп тағы ойладым, бірақ олай істей алмадым. Олар менің паспортымды алып алып, менің ісімді қарайтындарын айтты. Кетіп бара жатқанымда, мені тергеген шенеунік мені шетке шақырып алды. Егер, деді ол маған, менен не үшін Қытайға келгенімді біреу сұраса, оларға азаматтығымды тексеру үшін және тіркеуді рәсімдемек ойым бар деп айт деді. Не істесеңіз де, оларға туыстарыңыз бен жақын достарыңызды білуге келгеніңізді айтпаңыз деді. Түк түсінбедім, алдағысы келді ме мені, жоқ па, бірақ кейін соның айтқанына құлақ салдым.
Өз мекен-жайыма барып, туысқандарымда тоқтадым. Ауылды танымайсың. Менің туғандарым менімен тіпті сөйлесуге қорықты. Алдыңғы жылғыдай емес. Күнде-күнде шенеуніктер келіп, маған олардың айтуынша жақын арада бермек болған азаматтықтан бас тартқаным жайлы құжатты көрсетпегенше, Қытайдан шыға алмайтынымды айтып болмай қойды. Бір күні, бір қағазға қол қоюымды сұрады. Сол құжатқа қол қойсам, маған ресми тіркеуімді дұрыстап, ресми түрде оны жойып, сөйтіп Қазақстанға қайта алатынымды айтты. Сосын, қол қойдым.
Он бес күннен соң маған оның алдында шекарада мені тергеген қазақ келді. Қасында үш хань-қытайлық бар. Олар құжаттарым тіркелді деді. Мені шекараға апармақшы болды. Бірақ, олардың сөзінше, алдымен дәрігерге қаралуым қажет екен.
Бір үлкен кеңселі ғимаратқа апарды. Ол ғимарат аурухана сияқты жылтырап тұрды, жүрген адамдар ақ медициналық киім киіп жүрді. Бірақ, бірдеңесі ауруханадан бөлек өзгеше сияқты көрінді – қай жері өзге болғанын нақты айтып жеткізе алмаймын. Қаралу үшін түрлі бөлмелерге кіріп-шықтық. Бірнеше дәрігерлер, ер және әйел адамдар жүрді, олар денемді бастан аяққа дейін қарады. Мен қытайша сөйлемеймін. Олардың не дегендерін түсінбедім. Қарсылық білдірейін десем, қорықтым.
Әйтеуір, сол аурухана болмай шыққан ғимараттан шығып, басқа бір көп қабатты, сырты темір тікен-тікен сыммен қоршалған айналасы дуал бір ғимаратқа апарды. Түрмеге ұқсас болды. Шәуешектің бір ортаңғы уезінде екенін білдім, басқа түкте Ана ғимаратты көргенді ішім бір нәрсе сезді. Мені шекараға апаратындарына күмәндандым. Қалтамнан телефон алып, қоңырау шалуға тырыстым – кімге қоңырау шалмақшы болғанымды да білмеймін, – олар көріп қойып, телефонымды тартып алды. Ішіне кіргенде, маған тек тіркелуден өтуім керек деді. Соны жасаған соң бос болатынымды айтты. Жейдемді шеш деп айтты. Іш-киіммен ғана қалдым.
Ызылындым, қорықтым. Не ойлайтынымды да білмедім. Олардан: осылай жалаңаш тұруым керек пе? деп сұрадым. Бір киім әкелді – лагерьдің киімі ғой. Киініп жатып Маған не істемек ойларың бар? деп айқайладым. Мен Қазақстан азаматымын! Олар қолымды артыма қайырып, кісен салып, аяғымды байлады. Оларға Мен қылмыс жасаған жоқпын дедім. Қылмыс жасағанымды дәлелдеңдер дедім.
Мені олар сегіз-тоғыз ұйғырлар немесе дүнгендер4 отырған бөлмеге әкелді. Ешқайсысының тілін ұқпадым. Олардың тілдерінде сөйлемеймін. Ол жерде үстел, қол жуғыш, унитаз, темір есік, балалардың мектебундегі сияқты бірнеше пластик орындық бар. Есіктің үстінде камера ілініп тұрды. Сол бөлмені жақсы зерттеп алдым. Бір апта бойы шықпадым. Күндіз аяқ-қолым байлаулы. Түнде қолымдағы кісенді алып тастайтын, бірақ аяғымды босатпайтын. Аяғым ұзын шынжырлы темірмен байлаулы, қозғалып жүруге мүмкіндік берсе де ұзындығы, жүріп-қозғалуға таңертеңгі уақытта бет жууға ғана баруға рұқсат берілді. Қашқым келсе де, қаша алмаушы едім. Сөйтіп жеті күн мен жеті түн өтті.
Бөлмедегі басқа еркектер менен алшақ жүрді. Менен қорқатын сияқты көрінді. Неге екенін білмеймін. Тек менің ғана аяқ-қолым байлаулы болды. Басқаларын кісенге отырғызбаған. Күнде бір жаққа барып жүретін, мен ғана қалатынмын. Маған отырған орындығымнан тұруға рұқсат бермеді. Күні бойы жалғыз отыратынмын. Таңертең бетті ғана, басқа жерді емес, бетті ғана жууға рұқсат берді. Менімен ешкім сөйлескен емес.
Жетінші күннің таңында екі адам келіп мені алып кетті. Бірінші бөлмеге ұқсас басқа бөлмеге келдік. Жалғыз болдық. Тергеп сұрақ қойғандардың бірі не қазақ, не ұйғыр, а л екеіншісі- қытайлық. Біріншісі, не үшін осында екенімді білемін бе деп сұрады. Оның түсіндіруінше, мен екі азаматтық алған екенмін, және ол қылмыс деді. Екіншіден, мені сатқын деп атады. Үшіншіден, Қытайда қарызым бар екенін айтты.
Айтылғанның барлығы өтірік. Екі елдің азаматтығын алғаным жоқ дедім. Қазақстанның азаматымын. Одан былай, ешқандай қарызым жоқ дедім. Баяғы заманда кеткенмін мен Қытайдан. Мен Қытайға, Қытай маған қарыз емес. Шекарадағы адамның берген кеңесін тындап, өзімнің тіркеуімді тексеру үшін келдім деп айттым. Оларға мен не үшін ұсталғанымды түсінбеймін деп жеткіздім. Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Қылмыс жасасам, дәлелдеңіздер деп айттым.
Ол маған сұрақ қоймау керектігін айтты. Біз мұнда сұрақтар қоямыз, – деп түсіндірді ол. Содан кейін нағыз жауап алу басталды. Қазақстанда кіммен сөйлескеніңізді айтыңыз. Сен не істедің? Намаз оқып жатырсыз ба? Сіз ислам ережелерін ұстанасыз ба? Сіз күніне қанша рет дұға етесіз? Мен оларға шындықты айттым: Мен ислам дінін ұстанбаймын, Құран оқымаймын, мен өте білімді емеспін. Мен мал бағамын. Менсіздерге де оларға айтқанымдай, дәлірек айтсам, білім алмағанымды айтамын. Мен бірінші сыныпты екі жыл оқыдым. Сосын екінші сыныпты оқыдым. Бітті. Осыдан кейін мен әкеме қыста және жазда жайылымдарда көмектестім. Менің әкем маған білім берді – мен оларға осыны да айттым. Егер сіз құжаттаманы көтерсеңіз, мен шындықты айтып тұрғанымды көресіз. Бірақ олар маған сенбеді. Білімі жоқ адамдар Қазақстанға бармайды, деді ол.
Кейін олар менен, мал-мүлкім жайында сұрады. Мен оларға Қазақстандағы үйдің мекен-жайын бердім. Мен оларға 2008 жылы үйленіп, 2009 жылы ажырасқанымды, балаларым жоқ екенін айттым. Есімде қалғанның бәрін, өмірімнің барлық оқиғаларын айттым. Мен олардың барлық сұрақтарына жауап бердім. Бірақ олар маған сатқын екенімді айтып қоймай қойды.
Олар мені ғимараттың алдындағы аулаға апарды. Желтоқсан айы ғой, суық болды. Аулада адамның бойынан үлкен терең шұңқыр болған. Егер сіз түсінбейтін болсаңыз, онда сізге түсінікті етеміз деді. Содан кейін олар мені шұңқырға отырғызды. Олар бір шелек суық су әкеліп, үстімнен құйды. Олар менің қолдарымды байлап, қолдарымды басымнан жоғары көтеруді бұйырды. Бірақ шұңқыр тар болды, мен оның ішінде қозғала алмадым. Қолымды көтере алмадым. Есімнен айырылдым.
Мен бөлмемде ояндым. Қасымда бір қазақ жігіті отырды. Мен оны бұрын-соңды көрмеген едім. Ол маған егер денсаулықты сақтағыңыз келсе, бәрін мойындаңыз деді.
Мен ұйықтап жатқан едім, қанша ұйықтағанымды білмеймін. Мен тағы есімді жинағанда, екі жаңа тұтқын отырды. Солардың бірі мен сияқты қазақ еді. Ол маған Қазақстанға сапармен барғаны үшін ұсталғанын айтты. Ол әйелі мен баласына қонаққа барған екен. Бірақ оларды таба алмапты Басқа жігіт дүнген болатын. Ол қазақша сөйлемеді. Бірақ қазақ маған анасының қайтыс болғанын және оның ауылында ислам дәстүріне сәйкес жерлеуді ұйымдастырғанын айтты. Полиция оны ваххабит деп айыптап, алып кетті. Шұңқырдан кейін өзімді әлі де жаман сезіндім, мен ес-түссіз күндіз сонда жатыппын. Содан кейін температурам көтерілді. Бірақ маған екі мұсылман жігіт – қазақ және дүнген- қалпына келуіме көмектесті. Олар маған қарады.
Уақыт өте, камераға келгендер мен кеткендер көп болды. Жиыны бұл бөлмеде отыз күн өткіздім, шұңқырға дейінгі аптаны бірге санағанда. Күнде адамдар кетіп отырды, мен ғана ана қазақ пен дүнгенмен қоса камерада болдым. Әр уақыт сайын төрт-бес ер адам шығады да, олардың орнына жаңа адамдарды әкеледі. Ербақыт деген жігіт есімде, ол Қазақстанда тұрақты түрде тұрған, бірақ қытайлық азаматтығы бар. Кәсіби спортшы Шұңқыр деген болды, ол Қазақстанда мүлдем болып көрмеген. Үшінші Бақбек деген болатын. Біз мүлдем сөйлеспедік деп айтсам болады. Менімен сөйлескендері үшін бастары пәлеге қала ма деп қорықтым. Алла деген сөзі айтпайтынбыз. Ассаламуағалейкүм дегенді де айтпадық. Қорықтық.
Жексенбі сайын камерамыздың ішін тексеретін. Бәріміз тізе бүгіп тұратынбыз, камераның тас талқанын шығарып тексеріп жатқанда, қолымызды басымыздың артына қойып сүмірейім төменге қарап тұратынбыз. Көз алдымызға пистолет қойып үркітетін. Не іздегендерін білмеймін солардың. Бір-бірімізге өз ішімізде тексеруді тоқтату үшін біз “ұрлаған” нәрсені алып кету керек еді деп қалжындасатынбыз.
Бір күні барлығымызды шығарып, шашымызды тақырлап алып тастады.
Камерадағылардан күнде қай жаққа баратындарын сұрастырдым. Басында ешкім ашыла қойған жоқ. Сосын Ербақыт саяси сабаққа апарады деп айтты. Олар қытай тілінде өлеңдер мен ұрандарды жаттағандарын айтты. Содан көп ұзамай, күзетші маған қытайдың үш өлеңі жазылған қағаздарды жатта деп берді. Сөздері қытайша. Қытай тілін білмейтіндігімді айтқанымда, қағаздарды қайтарып алды. Маған қытайша өлеңдері қазақ әріптерімен5 жазылған дәптер әкеліп берді, солардың дыбысталуын жатта деді маған. Өлеңдердің бірі әнұран екен. Бұл ҚХР әнұраны деді. Екінші өлең қытай басшылығын дәріптейтін саяси өлең болды. Ал үшіншісі не туралы болғанын сол беті түсінбей кеттім. Бәріміз соларды жаттауымыз керек болды. Дүнген бала қытайша білгендіктен, тез жаттап алды. Мен және қасымдағы екінші қазақ екеуіміз қатты қиналдық. Бірге жиі жылайтынбыз. Бір-бірімізді құшақтап, жылап, жаттауға тырыстық. Бір білетінім, сол отыз күнді ешқашан ұмытпаспын.
Қаңтардың ортасында бізге басқаларға қосылып, сабаққа қатысуға рұқсат берді, әйтеуір. Деңгейімізге қарай сыныптарға бөліндік. Менің білімім жоқ, сол себептен әйелдермен бірге ьөмен деңгейдегіде болдым. Лагерьде еркектер ғана болған жоқ. Бөлек тұратын сексен немесе тоқсчанға жуық әйел болды. Қаншалықты екенін айта алмаймын, бірақ үлкен ғимарат болды. Олар бәрімізді бірге емес, бөлме бойынша санады. Бізді таңертең және кешке мал басын санағандай түгендеді. Есімде, сабаққ үшінші күні барғанда, олар әйелдердің де шаштарын қиып тастапты. Тақырлап алмаған, құлақтарының ұшына дейін қысқа қылып тастаған.
Әрине, сабаққа барсам да сол жерде не үшін қамалып отырғанымды білмедім. Мұғалімдеріммен қайта-қайта сол туралы әңгіме қозғадым. Олар маған бір жарым жыл оқуым керек, жақсы нәтиже көрсетпесем, осы жерде бес жыл қаласын деп айтты. Өлгенім артық деп ойладым. Өз-өзіме қол жұмсамақ болған кездер болды. Бір рет жейдеме қылқынып қалмақшы болдым, камерадан күзетшілер көріп тоқтатты.
Сабақ кезінде хат жаздық бір бірімізге. Сондағы Анар деген бір ауылдас қызды таныдым. Басында мені танымаған болды. Менің ауылымнан лагерьде тағы екі әйел болды. Олар да сыр бермеді. Сөйтіп оған хат жаздым. Мені кешіріңізші, деп жауап жазды. Әрине, сізді таныдым, танимын деп айтуға қорықтым. Бұл жерге түскен себебіңіз қандай?
Анар Айнұр деген бір қызбен бір бөлмеде тұрды. Сабақ кезінде үшеуіміз хат жазысып, үстелдің астына лақтырып жүрдік. Сол хат арқылы байланыс ұстадық. Бір жазған хатымда Анарға деген сезімімді білдірдім. Енді, жылы сезім хаттары ғой сол. Алайда, мені ақпанның соңына қарай басқа түрмеге ауыстырды. Содан бері сол қыздарды көрмедім, олар жайында ештеңе естімедім.
Неге бұл туралы сұрай бересіз, айтыңызшы маған. Сіз кімсіз? Менің ойымша, Қазақстанда қытайлық шпиондар бар. Мені шығарғанда маған: осы туралы біреуге тіс жарсаңыз, қайтадан Қытайдағы түрмеге түсесіз деп айтты. Мен бұны елім үшін, қазақ халқы үшін жасаймын. Білетінім бойынша, Шыңжандағы менің өлкемнің тумаларынан түрмеден босап шыққан мен ғана екенмін. Жалғыз. Түрмеге қайта түссем, еш өкінбейтін боламын. Менің Қытайда жасаған жалғыз қылмысым – ол қазақ болғандығым. Екінші қылмысым – ол шындықты айтуым.
Осының бәрін сізге айтуым дұрыс па, білмеймін.
Бір жолы, жетеуімізді жаңа жерге ауыстырды. Қолымызға кісен салып, сыртқа шығарып, басқа лагерьге апарамыз деді. Бізді екі адамнан байлап, көлікке отырғызды. Жол жүргенде, бір сәт мен бізді өлім жазасына апара жатыр ам деп ойладым. Басымыз жабулы. Бізді өлтірмекші деп ойладым. Біздің бостандығымыздан айыратын басқа жерге әкелді. Бұрыңғы әскери лагерь орны екен. Тағы саяси сабақтарға қатыстық, мұғалімдер маған қытайдың мандарин диалектісін меңгермейінше осында қалатынымды тағы айтты. Сабаққа бір жарым жыл дайындаласын деді. Бұл екінші түрмеде мені кейде ұрып тұрды. Мен түсінбейтін нәрсені айтып бер деп сұрайтын. Түрмеде бес жыл бойы отырамын деп ойладым.
Шығуға бес күн қалғанда тергеу жиіоеніп кетті. Кейбірі түн бойы таң атқанша дейін жүрді. Маған қойылған бір ғана сұрақ: Қытайға қандай мақсатпен келдім? Маған, олардың айтуынша, менің мәселемді шешетін бір құжатқа қол қойғызды. Не үшін қол қойып жатқанымды мен түсінбей қойдым.
Бір күн қалғанда, мені отырғызып қойып, туыстарымның фотоларын көрсетті. Фотодағы адамдардың қайсысын танисын деп сұрады. Басында ешкімді танымаймын дедім. Қатты қорықтым. Есіңе түсіртеміз деді маған. Айтуға тура келді: анам, жиенім, туған ағам, менің әкем. Әкем қайтыс болса да, суретте көрсеттім.
Суреттерді көргенде қынжылдым. Отбасымның мүшелері де ұсталған деп ойладым. Фото менің лагерьдегі фотоларым сияқты көрінді. [Әмияннан фотода басы тақыр күәлігін алып, үстелге екі тағы басқа фотомен бірге әкесінің суретінің жанына қояды.] Олар фотоларды басқа қандай жолмен алғандарын білмедім. Түсіне алмадым. Әкем 2016 жылы қайтты; анам Ұржарда, Қаазқстанда тұрады. Фотоларын қайдан алған? Барлығын менімен бірге түрмеге қамаған ғой деген ой келді. Барлығын, Қазақстандағы туыстарымның әрқайсысын.
Туыстарымның әр біреуін танып айтпағанымша күтіп отырды. Әкеме келгенде, олар фотоны жыртып қоқысқа лақтырды. Сол түні жылап шықтым, түрмедегі туғандарымды уайымдадым, не болып жатқанын түсінбей жыладым.
Келесі күні олар мені ескертусіз аулаға шығарды. Жазба дәптеріңізді өзіңізбен бірге ала алмайсыз деді маған. Ол дәптерде түрмеде танычстқан адамдар туралы ақпарат бар еді. Сіз еш досыңызға сау бол деп айтуға мүмкіндігіңіз болмайды деді. Олар мені камерама әкелді. Ішіне кіргенде, таныс Арман деген жігітті көрдім. Ол Астанадан. Қуанышты сәт болды. Оны да босатпақшы екен. Бірақ мен ешкімге ешнәрсе айтпадым. Арман екеуәмәздә кісенге бірге байлап, көлікпен алып кетті. Көктемнің кезі. Олар бізді шекараға дейін жеткізді.
Кейін қамаудағы күндерімді санасам: 125 күн. Бізді босатудың алдында, үндемеуге міндетте алуды бұйырды. Бір нәрсе айтсаңыздар, Қазақстанда болсын, түрмеге сіздер деп қайталады. Сендім. Олар алдыма қойған әртүрлі құжатқа қол қойдым. Ешкімге ешнәрсе атпайтынын туралы Аллаға ант бер деп мәжбүрледі. Алла мені оның атын атап берген антым үшін кешірер деп сенемін.
Бізді шекараға дейін жеткізді. Енді мен Қазақстандамын. Шаршадым.
Енді сіздің, ешқандай өтіріксіз, бар шындықты жазғаныңызды қалаймын.
—Орынбек К., 38 жас
Сұхбат 2018 жылдың тамыз айында жасалды