Мен сізге әкемді жақсы суреттейтін бір оқиғаны айтайын. Мен қазақстандық қызбен танысып, оған ғашық болдым. Біз Қазақстанда бірге тұрамыз деп, үйленуді жоспарладық. Мен Қытайда тұрдым, екеуміз Үрімжідегі музыкалық мектепте сабақ беретінбіз, сол жерде танысқанбыз. Ол негізі әйгілі болған адам, кем дегенде дәстүрлі қазақ музыкасы әлемінде танымал болды. Мен оны кездестірмей тұрып-ақ өнеріне тамсанатынмын. Мұндай қызбен дос болу – арманым еді!
Тойға дейін, қыз ұзату жасайтын уақыт келгенде, біз Қытайда тұрып жаттық. Әкем кәрі адам, қазір жасы жетпісте, денсаулығы да нашар, тойға Қазақстанға бара алған жоқ. Бірақ ол бірінші тойда, қыз ұзатылатын тойда болды, болашақ жарыма екі кітап сыйлады – Ата заң мен ҚХР қылмыстық кодексі. Енді сен Қытайдың заңдарын білуің керексің деді. Сен Қытай азаматына тұрмысқа шықтың. Екеуің де ҚХР мен Қазақстанның заңдарын білулерің қажет. Көрдіңіз бе, заңның ұлылығына, Қытайдың сот жүйесіне сенген әкем, түптің түбінде жүйенің нағыз болмысын өз басынан өткізіп барып, енді толықтай шын мәнінде қандай екенін түсінді.
Зейнетке дейін әкем Мәдениет министрлігінде қызмет істеді. Ол қытай жазуы аса танымал болмаған және білім деңгейі төмен елді мекендегі сауатты адам болған. Бұл Тачэн, немесе қазақтар Тарбағатай6 деп атайтын жер. Зейнетке шыға салысымен, күні бойы адамдарға қытайша өтініш жазуға көмектесіп жүрді. Көбіне олар арыз жазатын. Ол құқықтанушы болмаса да, заңды жақсы білді, сол себептен адамдарға жергілікті билік орындарына арыз бен ұжымдық өтініштер жазуға көмектесетін. Осындай адам еді.
Бізді қатал ұстады, бірақ жақсы көрді. Ол үшін білім аса маңызды болды. Мен туғаннан бастап, әкем ешқашан түзде қонып қалмайтын. Оқып жүргенімде жанымда болды; аға-інілеріммен де дәл солай. Үшеуімізді қытай тілінде оқытатын мектепке жіберді. Сендер оқыңдар, қытай жазуын меңгерулерің қажет деп айтатын. Ол бізге қазақ және қытай жазуын үйретті. Бүкіл өмірін біздің тәрбиемізге арнады. Музыканы ұната бастағанымда, үйге пианино алып келді. Ақшасы болмаса, қарызға алып әкелетін. Үйде өмірі ақша жайында тақырып қозғалмайтын. Керегіміздің бәрі болды. Ер жеткенде әкем студиялық музыка жабдығын әперді – аса кереметтігі немесе кемдігі болмаса да, ол шығын ғой. Бай-ауқатты болмадық біз. Ақшаны тауып әкелді.
Мен он тоғыз жасымда үйден кетіп, музыканттардың әдеті Үрімжі, Бейжің, Шанхайға қаңғырып кеттім. 2014 жылы әйеліммен таныстым, жұмыс іздеп екеуіміз Қазақстанға келдік. Әкем ешқашан ешқайда шығып көрмеген, мен көшеміз дегенімде ол қарсы болмады. Өз білгеніңді істе деді ол. Бұл сенің өмірің. Айтқанымдай, ол тойда болған жоқ, бірақ 2016 жылы балам туғанда, денсаулығының нашарлауына қарамастан келді. Тісі жоқ, аяғы басынан аяғына дейін сынған. Бауыр, жүрек ауруларынан, артриттен қиналатын. Әрең жүрді. Қазірдің өзінде олардың не сезіп, не ойлайтындарын білмеймін. Қазақстанға келгілері келді ме? Қытайда қылғысы келді ме? Мен ұсынуым керек пе еді? Олардың қорыққандарын білемін. Қазақстанда өлсе, туған-туыстары жерлеуге келе ала ма? Әкемнен Қазақстанға келгің келе ме деп сұрамағаныма қатты өкінемін. Біздің ауылдағы адамдар Қазақстан туралы ашық айтып үйренбеген. Айту, көшу жайында әңгіме қозғау – Қытайда бұл тіпті отанды сатқанмен тең. Екі ағаммен ғана сөйлестім. Оларды осында келуге көндірдім. Үлкен апайым болса, партиялық шенеунікке тұрмысқа шыққан. Оның күйеуі көшкісі келмейді.
2018 жылдың наурызында Қазақстан азаматтығын алдым. WeChat арқылы анама қызымыздың суретін күнде жіберетінмін. Сөйтіп байланысымызды үзбедік. Бара-бара анамнан хат сирек келетін болды. Шыңжанда жағдай қиындады деп еститінмін, әрине. Анамның үндемеуінің себебі сол шығар деп түсіндім. Сол айда мені WeChat-тан мүлде өшіріп тастады. Ағамнан неге деп сұрадым. Оған видеочат арқылы хабарластым. Оның көңіл-күйі жоқ екені байқалғанымен, жылай алмады. “Бұл жақта жағдай қиын” деді ол. Бұрынғыдай емес.
Жергілікті үкімет әкеме нашар қарай ма деп қорықтым. Ол көршілерге шағым жазуға көмектесіп, олардың ызасына тиетін. Телефонды қояр алдында ағамнан жаңалық болса маған хабарлауын өтіндім.
Адам өліміне қатысты бір шағымнан соң олардың шыдамы таусылды. Жұмакелді Ақай деген кісі қайта тәрбиелеу лагеріндегі күзетшілердің соқпағынан қайтыс болған. Олар оның денесін жерлеу үшін үйіне апарып берген. Денесі ауыр жараланған болды. Оның зайыбы менің әкеме барды. Шағым жазғысы келді. “Олар оны өлтірді” деді ол. Көмек сұрап жалынды. Сондықтан әкем Бейжіңге хат жазды, бірақ ол хат облыстан ақыры ешқайда кетпеді. Жергілікті үкімет оны тартып алды. Әкеме келіп, “сөйтіп сіз басшылығымыздың алдында бізді осы өлімге кінәлі қып көрсеткіңіз келе ме?” деп сұрады.
Бұл ақпарат маған түрлі жолдармен жетті. Мен сізге айтып берейін, бірақ оны жазғаныңызды қаламаймын. Үкімет бұл байланыс арналарын жауып тастағанын қаламаймын, оның үстіне маған зияны тигенінің керегі жоқ. Қысқасы, отбасымның мүшелерінің барлығын сол қайтыс болған көршіміз туралы шағымнан кейін ұстап әкетті. Бір адам – кім екенін айтқым келмеді, – маған бұл жағдай болғаннан кейін бірден айтып берді.
Бірақ мен оны естімес бұрын, қамалғандарының алдындағы түні бір жаман түс көрдім. Жүрегім ауырды. Күзетшілер артымнан еріп келе жатты, мен болсам түсімде “Үйімде не боп жатыр?” деп ойладым. Оянғанда, бірдеңенің болғанын білдім.
Хабар ала салып, Үрімшідегі әпкеме телефон соқтым. Күйеуінің жоғары лауазымына қарамастан, ол ештеңе білмеді. Әпкемізге хабарласып, оларды ұстағанына көзі жетті. Әр түрлі дереккөздерден ақпарат жинай бастадым. Білетін адамдарымның бәріне телефон соқтым. Кейбір аттарды атағым келмейді. Ол адамдар әлі сонда. Осы күні ауа-райы туралы жасырын тілді бәрі біледі, сондықтан оны ешкім қолданбайды. Күн жылыды десем, нені меңзейтінімді тыңдап тұрғандардың бәрі біледі. Менің басқа жасырын тілім бар. Қандай екенін айтқым келмейді. Бірақ өзім қолданатын шифрым бар.
Ақырында, әр түрлі адамдардан сұрастырып, жағдайды толық түсіндім. Олардың кейбіреуі бірге ұсталғандар, кейбіреуі жақын жерде тұрды, немесе басқалардан естіді. Алдымен олар әкем мен бауырларымды ұстапты. Ешқандай ордерсіз ұстаған. Әкем мен бауырларым әшейін жоқ болып кетті. Анам аудандық билік өкілдеріне шағымданып барды. Түсініктеме берулерін сұрады. Шенеуніктер оның барғанына қуанды. “Өзіңіз келгеніңіз жақсы болды” деді де, оны да ұстады.
Бірнеше айдан соң анам мен бауырларым лагерден босап шықты, әкемді босла, басқа жаққа алып кетті. Ол жоқ болып кетті. Еш хабар болмаған соң, анам төрт отбасы мүшесін Қазақстанға әкелуге арналған шақыру хаттарын жазып, әкемнің ауылдық кеңесіне жіберді, сөйтіп оның тағдыры туралы хабар алмақшы болды. Жауабын биыл қаңтарда ғана алдық – хатта әкем 2018 жылы қазан айында жиырма жылға түрмеге жабылды делінген.
Оның тірі-өлісін енді білмеймін. Сот процесі туралы, немесе оның қандай қылмыс үшін айыпталғаны туралы ешқандай мәлімет алмадық. Тіпті анам да сот шешімі туралы білмеген. Бар білетінім – ол ендігәрі бастапқыда қамауда болған жергілікті түрмеде емес. Менің ойымша, оны ұзақ мерзімге сотталғандарға арналған түрмеге ауыстырды. Бұған дейін айтқанымда, ол тамақтана алмайды. Жергілікті түрменің өзінде оған қатқан нан мен ыстық су берді. Камераластары нанды суға матырып, оған соны беретін. Қолында кісен, тісі жоқ. Олардың көмегінсіз аштан өлетін еді. [Күйзеліп] Білмеймін – қайтыс болып кеткен шығар.
Сіздерге тағы бір нәрсе айтайын. Әкемді қинады. Ақпараттың қайдан келгенін айта алмаймын. Бұны маған түрмеден шығып, кейін Қазақстанға қашып кете алған адам айтты. Ондайлар көп. Олардың көбі тығылып жүр. Олар не болып жатқанын айта бермейді, себебі қорқады. Менің айтып тұрған адамым, ол Қазақстанда тұрады, өзі сұхбат бере алмайды, себебі оның қыздары әлі де Шыңжаңда. Көбінесе сондай адамдармен, Қытайдан бері танитын адамдармен жиі араласамын. Оларға сене алатынымды білемін. Өсек немесе тым асыра сілтеп әігіме таратқым келмейді. Біріншіден, шынайы фактілерді ажыратуымыз керек.
Қазір анам мен ағаларым үйде, бірақ үйлерінде әр қимыл-әрекетті аңдып отыратын камера қойылған. Лагерьде қиналғандарын білемін, Олар үшін, әкем үшін жанымды қиюға дайынмын. Ұйықтамаймын. Жылаймын. Еркектер жыламайды десе де, мен жылаймын. Жиырма жыл? Бұл өлім жазасы ғой. Неге екен? Егер соңғы жазған шағымда қате кетсе, көрсетіңдерші қатені! Менің әкем сол адамның өлімін әкем, немесе өзім, немесе басқа кез-келген қазақ жазбаған қытайдың өз заңына қарама-қайшы деп тұжырымдады. Оны үкімет жазды. Оны бұзуға болмайды. Заң – физика немесе математика емес, оны түсіну қиын емес. Ол нақты жазылған. Біз оны түсінеміз. Оны орындау керек. Әкем заңды бұзған жоқ. Ол заң бойынша жасады. Ол билік қой заңды бұзып тұрған. Ал енді, менің жанұям Қытайға оралды, әкем еш жерде жоқ.
—А. Қ., 34 жаста (Қалиолла Т., әкесі)
Сұхбат 2019 жылдың сәуірінен