Flag

An official website of the United States government

Шыңжаннан шыққан дауыстар: Әзірше жай адамдарды ұстамады
2 Хаттаманы оқу
Мамыр 24, 2020

The photograph: a young man, head shaved

Суретте: шашы тақырланып алынған, емханадағы төсектің теміріне сүйенген жігіт.  Adidas деген жазуы бар футболка киген, сол қолында – дәрілік таспа астында қан тамыр ішіне енгізілген катетер. Жас және кәрілеу жастағы екі әйел оған тұруға көмектесіп жатыр. Жігіттің көзінде алаңдаушылық бар.

Мен былтырғы қаңтардан бері шағымданып келемін. Бірақ ұлымның мына емханадағы суретін бірінші рет көрсетіп тұрмын. Оны кім жібергенін үкімет біліп қоя ма деп қорықтым. Бастарынан кешкендерін айтып, шағымданбаған қазақтар әлі де көп, өте көп. Олар қорқады. Маған бұл шешімді өздігіммен қабылдауға тура келді. Қорқатын нем қалды дейсіз?

Мен Күре аулында тұрып жүргенде, жағдай жаман емес еді, еркін едік, бірақ сол кезде-ақ сыбыстар бар еді. Үкімет молдаларды ұстайды деп еститінбіз. Біздің ауылда екі молда бар еді, бір күні екеуі де жоқ боп кетті. Неше түрлі лақап тарады. Кейін олар ұйғырларды ұстайды деп еститін болдық. Одан кейін тойларымызға полиция жіберуді бастады. Той кезінде полиция кіреберісте тұрып, келген қонақтардың азаматтығын тексеретін. Ол кезде ол туралы көп ойланбаушы едім. Жай адамдарды ұстамайтын; әзірше ұстамайтын.

Мен Қазақстанға көшіп келдім, ал 2016 жылы кіші ұлым қасыма келді. Ол Баташтуу атты ауылдан жер сатып алып, үй салды. Ол осында біржолы көшіп келмекші болған. Үйін салып болған соң, жұбайы екеуі Қытайға кетті. Онда шаштараздары бар еді, соны сатқылары келді. Ұлдарын менің қарауыма қалдырып кетті. Тез арада қайтып келеміз деп жоспарлап еді. Қытайға жеткендері сол, транзиттік визаларының күші жойылды.

Қытайға өткен күні ол маған шекарадан телефон соқты. Мені тергеп жатыр, деді ол. Ұлымның суреттерін жіберші деп өтінді. Оның балабақшаға барып жүргеніне дәлел керек деді. Суреттерін телефон арқылы жібердім, бірақ алған-алмағанын білмеймін. Екі сағаттан кейін телефоны өшіп тұрды. Екі күн өткен соң, келінім Қазақстанда тұратын үлкен ұлыма жазды. Бауырыңды оқуға жіберді, деп хабарлады.

Сол күннен кейін жарты жыл бойы жаңалық болмады. 2018 маусымына дейін не оның өзінен, не басқалардан ешбір хабар алмадық. Алғаш алған хабарымыз – маусым айында келген емханада түскен суреті. Жұбайын оны көріп қайту үшін шақыртыпты. Оған ота жасады. Қандай ота, қай жеріне жасағандарын білмеймін. Біз ештеңе білмейміз, келініміз де ештеңе айтып бере алмайды. Сіздерге суретін кімнің жібергенін де айтқым келмейді.

Жиырма күн емханадан кейін оны қайтадан лагерге апарды. Қайтадан тыныштық орнады. Айлар өтті. Содан, қараша айында оны босатты. Ол қазір лагерде емес, десе де өзімен тікелей хабарласа алмаймыз. Қараша айынан бері ұлым бізге екі-ақ рет телефон шалды, екі ретінде де полицейдің телефонынан хабарласты. Хабарласа алатын жалғыз жолым осы, деді ол маған. Бізді уайымдама. Бізде бәрі жақсы, дейді. Бәрі дұрыс.

Алайда ол төлқұжатын кері қайтара алмай жүрген сияқты. Немерем бес жаста, оны өзім бағып жүрмін. Маған көмек керек. Кіші ұлым Қазақстанға қайтып келсе деймін. Ол бізге, ата-анасына қамқор болуға тиіс еді. Дәстүріміз сондай. Біз болсақ, жолдасым екеуміз мына үлкен үйде жалғыз тұрамыз, азғантай кездейсоқ табыспен күн көреміз. Ұлымыз бұл үйді бәрімізге арнап салып еді. Үйіміз дайын, тамаша үй. Бірақ қазір ол бос тұр.

— Мәденгүл М., 52 года (Ұлан Ж., ұлы)

Сұхбат 2019 жылдың сәуірінде жазып алынды