Жұбайым Қытайда Қарамай мұнай кен орнында жұмыс істеді. Ол бу құрылғысының жұмысшысы болатын, мұнай насостарына қажет буды өндіретін.
Ол зейнетке шыққанда, екі баламмен Қазақстанға көшіп келдік. Қызым кейінірек осында 2016 жылы желтоқсанда туылды. 2017 жылы мамырда, қызымның алты айлық кезінде жұбайымның кен орнындағы басшысы телефон шалып, Қытайға оралуы керек деді. Оның ешқандай себебі жоқ еді. Бізге жолығуыңыз керек, деді ол. Жай ғана келу керек. Жұбайым айтқандарын орындады. Ол Қорғаста шекарадан өте салып, оны ұстап әкетті. Алдымен үкімет оны мұнай кәсіпорындарына апарды. Ол жақтан сол маңайда орналасқан қайта тәрбиелеу лагері Майтауға алып барды. Полицейлер күйеуімнің сөмкесін оның қарындасына апарып беріп, оны тергеп жатқандарын айтты. Мұның мәнін ол білді: күйеуімді оқуға жібермекші.
Содан бері екі жыл өтті, оны әлі босатпады. Оны екінші лагерге жіберді деп естідім, білуімше, ол әлі сонда. Тағдыр тәлкегі болар, Қытайға кетерінен аз уақыт бұрын ол Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырып қойып еді. 2017 жылдың қыркүйегінде бәріміз Қазақстан азаматы атандық! Бірақ оны өзіне айта да алмаймын. Жұбайыммен ешқандай байланыс жоқ. Былтыр қыста енем онымен лагерде кездесіпті деп естідім. Бірақ екеуінің арасын торлы қабырға бөліп тұрған. Екеуі телефон арқылы сөйлескен. Енемнен оны не үшін ұстаған деп сұрадым, бірақ оны ешкім білмейді. Біздің ешқандай қарызымыз жоқ. Заң бұзған емеспіз. Ойлап-ойлап, ешқандай себеп таба алмадым.
Туыстарым маған шенеуніктер қайын әпкемнің үйіне барып, оларға менің де дәл жұбайым сияқты кінәлі екенімді айтқан. Мен баламды Қазақстанда туған соң, енді Қытайға барсам, мені де ұстап әкетеді. Олар Қазақстанға барып, балалы болу дұрыс емес деді.
— Бикамал К., 42 жаста (Әділғазы М, жұбайы)
Сұхбат 2019 жылдың мамыр айында алынды