Суреттегілер – менің отбасым. Әйелім және үш баламыз. Екі жарым жыл өтті.
Мынау – Ұлнұр деген қызымыз. Оның жасы он үште. Қателеспесем, сурет салғанды жақсы көреді.
Бұл менің Гүлнұр деген қызым, 2008 жылғы. Оның математикаға қабілеті жақсы болды. Есімде, ол екінші сыныпта оқып жүргенде, көбейтуді калькуляторсыз шығаратын. Екі қыз тату болатын. Бір-бірімен тіл табысатын-ды.
Олардың бауыры – Ернұр, 2010 жылғы. Шешесімен Қытайға кеткенінде ол жеті жаста еді. Мекепке барған кезі.
2014 жылы үшеуіміз Қазақстанға келдік: жас әйелім мен кіші баламыз, ұлымыз. Екі қызымда төлқұжат болмады. Біз тұрған жерде әдетте төлқұжатты мектеп жасындағы балаларға бермейтін. Оны алу – ұзақ әңгіме. Біз оларды Қазақстанға әкелудің жолдарын қарастырғанша, қыздарымыз әйелімнің әке-шешесінің қолында қалды. Оларға Қытайда жиі барып тұрдық. Қыздарды әкетуді ұйымдастыру үшін, әйелім қытайлық азаматтығын сақтап қалды.
2017 жылы биліктегілер әке-шешемізге қоңырау шалып, қыздарымыздың төлқұжаттарын алу үшін енді өтініш бере алады деп бізге хабарлассын депті. Ұлымызды алып, әйелім Қытайға кетті. Қыздарымыз шынымен де төлқұжаттарын алды. Бірақ биліктегілер оларды берген сәтте қайтарып алды. Сонымен қоса, әйелім мен ұлымның да төлқұжаттарын алып алды. Құжаттарды тексереміз деген сылтаумен. Бір аптадан соң қайтаратындарын айтты. Мүмкін, сол кезде кетіп қалулары керек пе еді, бар баламызды алып, ешкімге айтпастан, сол бастапқы бес күннің ішінде, қолдарында құжаттары бар кезде…Алайда, біз шенеуніктердің бізге айтқан сөзіне сеніп қалдық.
Келесі күндері әйелім полиция учаскесіне үш рет барды. Үшінші рет барғанында, сөз естіді Егер тағы келсеңіз дейді, сізді саяси оқуға жібереміз депті. Әйелімнен тағы баршы деп сұрасам, ол бас тартады. Екі жарым жыл өтті. Олар менің әке-шешеммен бірге тұрып жатыр. Үлкен қызым Ұлнұр ол жақта тұрмайды қазір. Билік оны мектеп-интернатқа жіберді. Олар сөйтіп бүкіл аймақ бойынша әдейі көп мектептерге азшылық ұлттардың оқушыларын таратып тастайды. Менің ата-анам тұратын жерде қазақтар көп. Ұлнұр қызым үйге демалыс күндері ғана барады. Апта күндері ауырып қалса да үйіне бара алмайды; ешкімге қоңырау шалып хабарлай да алмайды. Күзде Гүлнұрды да сол күтіп тұр. Оны да интернаттың біріне апарып тастар.
Әйеліме келетін болсақ, оны банктың күзетшісі етіп тағайындады Олар оны оқытып, оған арнайы киім берді. Олардың өмірлері жайында басқа ақпаратты білмеймін. Әйелім айтпайды. Қорқатын шығар. Тіпті жалақысы қанша екенін де айтпайды маған. Тегін жұмыс істейтін сияқты. Қыздарымызға көмектесу үшін ғана қытайлық азаматтығын сақтап қалды. Ешқашан кете алмай қаламыз-ау деп ойламап едік.
—О.К., 35 жаста (Г.Р., әйелі; Ұлнұр, қызы; Гүлнұр,қызы; және Ернұр, ұлы)
Сұхбат 2019 жылдың мамыр айында жасалды