Қалай таныстық дейсіз бе? Алматының бір кафесінде. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде. [Күледі] Ол кезде оның Қазақстанда тұрып жатқанына бір жыл болған. Біз танысып, телефон нөмірімізбен алмастық, кейінірек ол хабарласып, кездесуге шақырды. Ол кезде студент едім. Алматы энергетика және байланыс университетінде инженердің оқуын оқып жүргем. Мамандығым бойынша инженер, жылу технигімін.
Күйеуім де мен сияқты ұйғыр, бірақ Қытайдан келген соң, шетелдік боп саналады. Үйленгенде, некемізді Қазақстанда ресми түрде тіркеп әуре болмадық. Мешітке ғана бардық. Имам сонда некемізді қиды.
Бір жыл өте ұлды болдық. Шонжыда, Қытай шекарасының маңында тұратынбыз. Онда, біле-білсеңіз, менің мамандығыма сай жұмыс жоқ. Күйеуіммен Қытайдан жеміс-көкөніс тасып, оны Қазақстанда көтермелеп, жекелеп саттық. Бірақ ісіміз өнбеді. Содан, 2013 жылы тағы бала көтердім. Бағымызды Қытайда сынап көрейік деп шештік.
Содан кейінгі төрт жыл бойы негізінен Үрімшіде тұрдық. Одан кейін оның отбасы тұратын Құлжаға көшіп бардық. Лагерлер жайлы білуші едік. Қамаулар туралы да. 2016 жылы күйеуімнің отбасына тиесілі үйді жөндеп, жалға береміз деп бір ай бойы Қашғарда тұрдық. Қашғарға алғаш барғанда аң-таң болдық. Үкімет көліктерді көрінген жерде тоқтатып, телефонымызды тексеріп, үйіміздегі адам санын санау үшін басып кіретін болды. Құлағымызға жеткен кейбір сыбыстарға тіпті сене алмадық. Адамдарды телефондарында түрік киножұлдыздарының суреті табылғаны үшін-ақ ұстап, жас аналарды балаларынан айырып, фабрикаларда құлша жұмсады.
Біз Құлжаға көшіп барғаннан кейін жағдай ушығып кетті. Ұлымның мектебіндегі мұғалімдер үйіміздің тұсынан тоқтап, оның көз алдында намаз оқымасын деп айтып кететін. Сөйтсек, шенеуніктер мектепте оқушыларды жеке-жеке шығарып, ата-анасы намаз оқитын-оқымайтынын сұрайды екен. Намаздың өзі де қамаудың бір сылтауына айналды. Басыма орамал салғанды қоюға тура келді, әрине. Тіпті жасы келген әйелдердің өзіне жалаңбас жүруге тура келді. Мен де шештім, көріп отырғаныңыздай, қазір де салмаймын.
Құлжада әр дүйсенбі сайын ауданымыздың әрбір тұрғыны аудандық кеңсеге барып, ҚХР туын көтеріп, әнұранын шырқауға тиіс еді. Ол жиындарда кімнің қатысқанын белгілеп отыратын, сондықтан баруға мәжбүр болдық. Кейде хабарландырулар жасайтын. Бір дүйсенбінің таңында бұдан былай үйде Құран немесе кез келген араб жазуы бар кітап ұстай алмайтынымызды айтты. Сондықтан, үйге барып, Құранды жағып жібердім.
Біз үреймен өмір сүрдік. Сақшылардан бәрі қорқатын. Біреу есікті қақса, есіміз шығатын. Халық бір-бірімен көшеде амандасуды қойды. Туыстарын лагерге әкетіп жатса, не амал? Кіммен сөйлескен қауіпсіз, кімнен басыңызға бәле келетінін қайдан білесіз? Сізден: “бұл адамды қайдан танисың?” – деп сұрауы мүмкін.
Жергілікті полиция өзінің спутниктік жүйесі арқылы бізді әрдайым бақылап отыратынын жиі айтушы еді. “Біз ас үйлеріңде не істейтіндеріңе дейін білеміз, – деуші еді сақшылар. – Біз бәрін білеміз”. Ол кезде бір досымыз бар еді. Сақшы оған үйлердің қабырғасын тесіп өтіп, ішінде не болып жатқанын көруға арналған арнайы құралдары бар екенін, ештеңені жасыру мүмкін емес екенін айтқан. Шындықтың қайда екенін кім білсін? Сол себепті түнде біз бәрін өртейтінбіз – Құран, жайнамаз, ұлттық киім. Күндіз спутник көріп қояды деп қорыққаннан түнде өртеуші едік.
Шетелдік болған соң, әрине, саясатқа, жаңалықтарға қызығатынмын, бірақ телефондарымыздың көзін құртуға тура келді. Тым қатты қорықтық. Қай сайттарға кіргенімді үкімет көріп қояды деп қорықтым. Телефонымдағы шетелдік қосымшаның бәрін, балаларым жақсы көретін кішкентай ойындарға дейін өшірдім. Кейін телефондарымыздың көзін мүлде құрттық. Полицияның не айтатынын білдім – “неге балаларыңа интернетке кіріп, шетелдік қосымшаларды жүктеуге рұқсат бересіңдер?” деп сұрар еді. Балаларыма әсіресе “Менің сөйлегіш Томым” деген мысық туралы ойын ұнап еді. Өзінің ешқандай зияны жоқ. Бірақ бала ойынының өзі біреудің лагерге жабылуына себеп болуы мүмкін еді.
Ештеңені болжау мүмкін емес еді. Мысалға менің інімді алайық. Оның досы бар, әкесін ешқашан танымаған бала. Әкесі ол анасының құрсағында жатқанда-ақ Ауғанстанға кеткен. Оны ешқашан көрмеген. Жылдар өте, әкесі Ауғанстаннан телефон шалды. Ұлы шешесіне, шешесі менің ініме телефон шалған – осындай ұзақ телефон қоңырауларының тізбегі. Полиция кімнің-кіммен сөйлескенін біліп алып, менің ініммен қоса бәрін ұстап әкетті. Сол себеппен, бір телефон қоңырауына бола менің інім лагерде бір жыл өткізді. Шыққанда басқа адам болып шықты.
2018 жылы 1 мамырда менің күйеуіме біреу телефон соқты. Тұтқаның арғы жағындағы бір шенеунік болды. Ол “Үйдесіз бе? Сонда қалуыңыз керек. Сізге қоятын сұрағымыз бар” – деді. Бір кезде форма емес, кәдімгі киім киген полицейлер кіріп келді. Олар үйге кіріп, күйеуімнің қасына отырды. Оның балалық кезі туралы білгілері келді. Ол он төрт жасында көршісімен бірге біраз уақыт бойы Құранды оқуды үйренген. Олар ол туралы білген. “Сонымен, жас кезіңізде Құран оқыпсыз ғой”, деді олар. Күйеуім оны мойындады, бірақ ол кезде кәмелетке толмағанын айтты. Полицейлер өзара талқылап, “Онда ата-атанаңызды қамауға тура келеді”, деді. Күйеуім “Жоқ, онда менің жасым он алтыда еді” – деп жауап берді. Шынын айтса, ол Құранды арнайы мектепте оқыған емес. Оның аулында бір құран білетін ұстаз қария бар еді. Жасөспірімдер бір топ болып кешке қарай оның үйіне сабаққа жиналатын. Күйеуім сол сабақтарға біраз уақыт барған. Полицейлер осы түсініктемелерді жазып алып, кетіп қалды. Сонымен іс бітті екен деп ойладық.
Төрт күн өткен соң, мамырдың 5 күні оны алып кетті. Сол күні полиция күйеуіме қайта телефон шалып, ең жақын орналасқан полицей будкасына шақырды. Құлжаның әр көшесінің қиылысында бір полицей будкасы бар. Ол үйден бауырларымен бірге шықты. Будкада оны полицей күтіп отыр еді. Күйеуім барғанда одан “Есіміңіз Нұрмамет М. бе?” деп сұрады. Күйеуім төлқұжатын бере салысымен оған кісен салды. Бауырлары болғанның бәрін көріп тұрды. Күйеуім оны лагерге жіберіп жатқандарын бірден түсініп, полицияға бір өтініш айтты. “Менің әкем, – деді ол, – әкем мүгедектер арбасында. Ол – мүгедек. Әкеммен қоштассам бола ма?”
Олар оны үйімізге қайта алып барды. Үйіміз үлкен еді. Онда бәріміз бірге тұратынбыз: күйеуімнің бауырлары, олардың бала-шағасы, күйеуімнің әкесі. Бізде қоштасуға уақыт болды. Қолындағы кісені есімде. Кішкентай ғана білезік емес, үлкен, адамның көзі бірден түсетін үлкен кісен еді. Балаларым әкелерін қолындағы кісенмен көргенде таң қалды. Ұлым “әкем қылмыскер ма?” деп ойланатындай жаста еді.
Біз оған жылы киім салып бердік. Лагерлердің суық болатынын біліп алғанбыз. Онда суық деп еститінбіз. Үйдің алдында, полиция көлігінің қасында тұрып қоштастық. Жыладық. Сосын олар оның басына қара қалпақ кигізіп, көлікке қарай алып кетті. Бүкіл отбасы боп бәріміз сонда тұрдық. Көршілеріміз бізді көріп тұрды, басына қалпақ кигізіп жатқандарын көрді. Олар бәрінің көргенін қалаған сияқты.
Сөйтіп, оны жиырма жыл бұрын, он төрт жасында басқа балалармен бірге бір қарияның үйінде Құран оқығаны үшін ғана алып кетті. Жан-жағымыздан сұрастырып, сонда бірге оқыған балалардың бәрін ұстап әкетті деп естідік.
Бізге оны Жулииз лагеріне апара жатыр деп айтты, атын солай естіген сияқтымын. Ол Құлжадан 25 шақырымдай жерде. Бірақ біз оны ол жерден көрмедік, бір жыл бойы ешқандай хабар алмадым. Лагерь алыс емес еді, бірақ барып көруге ешкімнің батылы бармады. Жергілікті бір полицейдің бізге жаны ашыған соң, келіп аман-есен екенін айтып тұратын. “Уайымдамаңыздар, оның халі жақсы” – дейтін ол бізге.
Күйеуім қамалғаннан бір ай өткенде, мен балаларымды алып, Қазақстанға қайтып келдім, себебі визамыз аяқталуға жақын еді. Бірақ Қазақстанға келгенімде, маған ондай визаның бұдан былай берілмейтінін, Қытайдағы ата-анасынан рұқсат алу керектігін айтты. Ал балаларымның әкесі қайта тәрбиелеу лагерінде еді.
Мен Қазақстанға қайтып келгеннен кейін, күйеуіме анасына телефон шалуға бір рет рұқсат берді. Ол лагерде емес, түрмеде екенін айтты. Олар бір түнде 8000 адамды сол жерден 60 шақырымда орналасқан Күнестегі түрмеге ауыстырған. Олар әр адамға нөмір беріпті, күйеуім соның арқасында жалпы адам санын санай алған. Оның нөмірі алты мың бірдеңе болатын. Білуімше, сот та, үкім де болмаған.
Мен оның ісі туралы осыдан бір апта бұрын ғана ашық айта бастадым. Оған дейін шағымданбайтынмын, өйткені оның ата-анасының өтініші сол болатын. Бірақ енді туыстарымыз керісінше мені қолдап отыр. Шағым жазамыз деп жоспарлап қойдық. Ісі туралы ашықтан-ашық айта алмаймыз, бірақ оларға ұлым үшін құжат жинап жүрмін дедім. Ұлымды күйеуім туралы айту үшін пайдаланамын. “Ұлым” десем, күйеуім туралы айтып тұрғанымды олар бірден түсінеді.
Ал өз ұлым болса, ашушаң болып кетті. Әкесі ұсталғанда ол сегіз жаста еді. Қызым болса әлі кішкентай, көп ештеңе түсінбейді. Әкесінің қашан қайтатынын сұрайды. Ұлыма одан ауыр тиді. Бірақ екеуі де оның кеткенін біледі. Екеуіне де соққыдай тиді. Қалай болғанын екеуі де өз көздерімен көрді.
Екі ай бұрын, наурызда туристік виза алдым. Топ құрамында жүруге арналған үш күндік виза еді, соңғы кезде Шыңжанға барудың жалғыз жолы сол. Мен топтан бөлініп, туыстарымның үйіне барайын дегенмін. Маған ақша керек еді. Балаларымды асырауға ақшам жетпейді. Шонжыда мамандығыма сұраныс жоқ, ал Алматыға барып жұмыс істеу үшін балаларымды тастап кетуге тура келер еді. Сондықтан, күйеуімнің ата-анасына телефон соғып, баратынымды айттым. Ертеңінде енем хабарласты. Таңның кезі еді. Ауа-райының нашарлағанын айтты. Келмей-ақ қойғаның дұрыс. Жауынның астында қаласың.
— Шахидям М., 31 жаста (Нурмамет М., күйеуі)
Сұхбат 2019 жылдың мамыр айында алынды