Flag

An official website of the United States government

Неге Комунистік партияның берген тамағын жеуден бас тартасыз?
3 Хаттаманы оқу
Мамыр 20, 2020

Іс шараның қандай түрі болмасын, мейлі сұхбат беру, я баспасөз конференциясы, Гүлзира екі көзін кішкентай қызынан алмайды. Сол қызы дәл қазір Гүлзираның алдында күліп секіріп отыр.
Іс шараның қандай түрі болмасын, мейлі сұхбат беру, я баспасөз конференциясы, Гүлзира екі көзін кішкентай қызынан алмайды. Сол қызы дәл қазір Гүлзираның алдында күліп секіріп отыр.

 

Көп көрдім ол жақта. Айтқым келеді. Бастан кешкенім туралы ақпарат жарық көрсін. Мәселен, менің туысқандарым маған қарсы. Олар менің ендігі жауларым. Бұл туралы екшімге айтпағанымды сұрайды. Тіпті өгей қызым да қарсы.

Менің ата-анамның Мао Цзэдун кезінде белсенділердің болғанын және зорлық-зомбылыққа әкелген саяси оқиғалардың орын алғанын айтқаны есімде. Мао заманында құран мен басқа да діни кітаптар өртелді. Адамдардың үнін шығармады. Кеңес Одағы кезінде отбасынан ажырап қалдық. Бірақ содан кейін Дэн Сяопин билікке келіп, бәрі тынышталды. Мен жас кезімде, есімде, кейбір салтанатты жиындарда Қытай Халық Республикасының мемлекеттік туы ілінетін, саясат туралы білімім осымен ғана шектеліп қалған.

Шынында да, балалық шағымды еске алсам, мен ешнәрсе туралы алаңдамаппын. Содан тұрмысқа шықтым. Есейдім. Қазақ салтымен той болды. Әкем жасауымды төледі. Бетім жабық. Дәстүрлі көйлек кидім. Енді осылардың ешқайсысы жоқ. Осы кездерді есіме алғанда, сол уақыттың қандай жақсы болған деп ойлаймын. Мұның бәрі қалай болғанын түсінбеймін. 2014 жылы билік мектеп мұғалімдерін жинай бастады. Біз бір нәрсе болып жатқанын білдік – тыныш, бірақ бір нәрсе өзгергені байқалды. Менің қызым сол жылы дүниеге келді. Қытайлық төлқұжаттарымызды алып, Қазақстанға күйеуімнің анасының үйіне қонаққа бардық. Үшеуіміз келдік: күйеуім, қызым және мен. Біз осында келіп, тұруды шештік.

Әкемнің ғана мәселесі шешілмеді. Құлжада тұрғанымызда, жүгері өсірдік. Партия келіп, жермен айналысыңдар демегенінше, ата-анам мал өсірді. Балалық шағым сол жазғы жайлаумен байланысты еді. Жер өңдеп, нанын тауып жүрген әкем елуге келгенде, жүре алмай қалды. Дәрігерлер себебін таба алмады. Жүрмей қалды әкем. Инвалид болып қалды. Сегіз жылдан кейін, анам дүниеден озды, әкем жалғыз қалды.

Кейінгі жылдары жолдасым екеуіміз әкеме қарап тұрдық. Шаруа қожалыққа ие болдық. Көктемде қарыз алып, жазда оны шаруалыққа жұмсап, күзде егін жинап, банкке қарызды қайтаратынбыз. Қиын жұмыс еді. Қазақстанға келгенде, бәрін тастап, басқа адамдарың малын бағып, сиырын сауып, жалданып жұмысқа тұрдық. Әйтеуір, тұрақты ыхтияр хат алдық. Қытайға әкеме барып тұрдым. Алыстан да қолдау көрсетіп тұруға тырыстық. Ағам қарайтын оған.

2017 жылы ағамнан әкеміз жаман халде деген хабар алдым. Емдеуге келмейтін болды. [жылай бастады] Бардым. Ол кезде кішкентайым омырауда болды, соған қарамастан омыраудан суалтып, күйеуіммен қалдырамын деп шештім. Иә, үш жасқа келсе де еміздім. [күліп, басын шайқайды] Не деп айта аламын? Өмірім қызық. Түнгі автобусқа отырдым. Қорғаста қытайлық билік тоқтатты. Құжаттарымды тексерді. Бірдеңе дұрыс болмады. Қорғастағы полицияға хабарласты, тез арада полиция келіп, мені тергеді. Қатты сөйлесті менімен. Енді ешқашан Қазақстанға бармайсың деді де, мені өз ауылыма полицияның машинасымен апарды. Ауылға дейін сексен шақырым жол, айтпақшы, бұл менің өмірімдегі ең ұзақ жол болған шығар. Ішімнен пәлеге қалдым деп жылап келдім. Олар маған жылауды тоқтатыңыз деді.

Олар мені қайын інімнің үйіне апарды. Келесі күні таңертең мен жергілікті полиция бөліміне бардым. Мен Құлжа округіндегі Доланның Төртінші фермерлік бөлімінің бастығына бардым. Мен одан төлқұжатымды қайтаруды өтіндім. Ол бас тартты. Сіз он бес күн оқисыз, деді ол. Бұл кісінің өзі-ұйғыр.

Ауыр халде жатқан әкемді әлі көрмеген едім. Барып, көріп келейінші деп рұқсат сұрадым. Әкім маған уайымдамаңыз деді. Он бес күн ғана небәрі. Сол кезде мен бұлар шын айтып тұр ғой деп сендім. Өтірік айтып қайтеді деп. Әкем шыдаса, сол екі аптаға ғана шыдар. Әлі әкімшілікте болғаннан соң киімдерімді қайнымның үйінен алып кетейінші деп тағы рұқсат сұрадым. Рұқсат бермеді. Әкімшіліктен тура апарып лагерьге тықты.

Лагерьде маған: қызыл футболка, қара шалбар, Adidas кроссовки, қытайлық нақыштағы бірнеше тәпішкелер берді. Болды. Бір укол салды. Тұмауға қарсы екпе деп айтты. Сөйтіп лагерьдегі бір айдан соң, қан алды. Содан соң тағы бірнеше рет тексеруге қан алды. Қанды қашан, қалай алатын уақытын нақты білмедім. Зерттеу жасады ма, не істегендерін білмеймін.

Лагерьге қазақтарды көп әкелетінін байқадым. Олардан не істедіңдер деп сұрағанымда, Қазақстандағы туыстарымызға, жанұямызға бардық, басқа елге қоңырау шалдық деді. Маған келетін болсақ, лагерьдегі қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері маған Қазақстанның аса қауіпті, баруға рұқсат етілмеген жиырма алты елдің қатарында екен деп айтты. Сіз барғаныңыз үшін бір жыл шамасында қайта тәрбиелеуден өтесіз деді – осы кезде мен шындықты естідім. Он бес күн емес, бір жыл! Оларға мен рұқсатымның барын түсіндіруге тырыстым. Сіз Қытай азаматысыз, сондықтан біз сізді қайта тәрбиелейміз, бұған біздің хақымыз бар деді. Біз не дейміз соны істеңіз, соны жазыңыз. Тергеу басталды. Толық өмірбаянымды, туыстарымның есімдерін, әсіресе түрмеде отырған немесе басқа елде тұратын туысқандарым туралы мәліметті сұрады. Ағамның есімі Сәмедин, неліктен оның есімі дінмен байланысты деп сұрады. Лагерьде бір сұрақты қайта қайта қоя береді. Он тоғыз рет: санап шықтым. Мені осындай тергеуге он тоғыз рет салыпты.

Шілде мен қараша айлары аралығында бірнеше түзету орталықтарының алғашқысында болған едім. Онда сегіз жүз әйел болған. Күзеттегілерден басқа ер адамдарды көрмедім. Сыныпта елу әйел, үш оқытушы және екі күзетші болды. Бейнебақылау камералары болды, 360-градусқа бұрылады, тәулік бойы бәріне бақылау жасайды. Сабақ деген ол сіздің естігеніңіз. Бізге “Мен Қытайды жақсы көремін” және “Маған Си Цзиньпин ұнайды” деп айтқанды үйретті. Басты мақсатымыз қытай тілін үрену деп айтты. Тек сонда ғана мемлекеттік қызметте немесе ҚХР негізгі аймақтарында жұмысқа тұра аласыңдар деп айтты. Сол кездің өзінде бұл күлкілі болып естілді. Лагерьде инвалид қарт әжелер болды. Құлағы естімейтін саңырау қыздарды көрдім. Олар заводтан жұмыс таба ала ма? Аяқтары жоқ екі әйел есімде. Олар қандай жұмыс істейді? Алайда, аяқсыз болса да көздері сау деп айтып еді сонда инспектор. Жүректерің сау. Қандай болсаңдар да, жұмысқа жарайсыңдар деді.

Біз сыныптан тыс уақытта ұзын қора тәрізді бөлмеде тұрдық. Әр қорада отыз үш әйел тұрды. Біз сарбаздар сияқты төсектерді күнде таңертең бір әжімсіз жинауға міндеттіміз. Бірде инспекторға менің төсекті жинағаным ұнамады. Менің төсекке жаятындарымды бұрыштағы дәретханаға апарып лақтырып тастады. Егер біз өте баяу қимылдасақ та, дәл солай істейтін – таңертең төсектерімізді жинауға үш минут қана берілетін. Әйтпесе, дәретханаға лақтырады.

Осының барлығын айтуға міндеттімін бе? Білмеймін. Қайтсе де, менің есімім баршаға мәлім. Мұның бәрін бұрын да айтқанмын. Мен тіпті отбасымды көру үшін болсын, енді Қытайға баруға талпынбаймын. Сүйегім осында қалатын шығар.

Қараша айында мені жаңа лагерьге, медициналық мекемеге апарды – бұрын аурухана ма екен, жаңа аурухана болып, бірақ олар оны кейін лагерьге айналдырған сияқты болып көрінді. Сыртынан жаман көрінбейді. Кейде ҚКП Орталық Комитетінен инспектор келгенде немесе кез келген уақытта Шыңжаңнан тыс жерден біреу келсе – олар оны әдемілеп қоятын. Егер мұқият қарасаңыз, қоршаудағы тікенді сымдарды көруге болады, оларды жасыру үшін оған уыстап жүзім қосып, торды жасыру үшін әр терезеге жасанды гүлдер салады. Инспектор кете қалған сәтте, безендірудің барлығын шешіп тастайды. Бұл Құлжа аймағындағы кәсіби қайта даярлау орталықтарының бірі болды.

Екінші лагерьде туыстарыммен сөйлесуге рұқсат алдым. Аптасына бір рет сіз олармен телефон арқылы сөйлесе аласыз деді. Айына бір рет олар маған келе алады. Бізді жақын туыстарымызбен бір бөлмеге, сымды торлы қабырғаға кіргізетін. Тәртіп сақшылары қолдарымдағы кісенді алып тастайды. Арамызға қойылған қоршау арқылы сөйлестік.

Негізі, біз тек күріш пен буға пісірілген тоқашпен тамақтандық. Мүмкін, олар қамырға қоректік қоспалар қосқан шығар, білмеймін. Қарнымыз тоймайтын. Бірде Қытайда мереке болып, олар бізді шошқа етін жеуге мәжбүр етті. Айтайын дегенім, біз шошқа етін жеуге мәжбүр болдық. Егер сіз тамақтанудан бас тартсаңыз, мен солай бір-екі рет жасадым, олар сізді қолдарыңызға кісен салып, құлыптап тастайды. Сіз дұрыс ойламайсыз, – деп түсіндірді олар. Сіздің идеологияңыз дұрыс емес. Сіздер, қытай халқымен достасыңыздар, – деді олар. Алдымен сендердің діндеріңді жоямыз, сосын экстремистік ұлтшылдық нанымдарыңды жоямыз, содан кейін сендер Қытайдың туысқаны бола аласыңдар дейтін. Біз сіздің тойларыңызға, ал сіз біздің тойымызға барып жүретін боламыз. Ал біздің тойларда сендер шошқа етін жейсіндер. Олар орындыққа байлап, солай қорлайтын.

Неліктен сіз коммунистік партия ұсынған мына тамақты жегіңіз келмейді? Сіз бұл орындықта жиырма төрт сағат отырасыз. Олар оны қара орындық немесе арыстан орындығы деп атады. Бірінші бас тартқаннан кейін ескерту жасады, екіншісінен кейін орындық келді. Сіз үшінші рет бас тартқан болсаңыз, олар сізді басқа мекемеге апарады, онда олар айтқандай жағдай қиын болады деді. Үшінші рет бас тартқан жоқпын.

Мен негізінен ұйғыр әйелдерімен тұрдым. Билік менің басқа қазақ әйелдерімен сөйлесуімді қаламады деп ойлаймын. Олар қарым-қатынастың тек бір түрін құптады. Менің күйеуім Қазақстанда болды, бірақ жақын жердегі күйеулері бар әйелдер үшін олар лагерьде айына бір рет отбасылық кездесулер кезінде екі сағатқа бөлме береді. Оларды жалғыз қалдарыды. Күйеулерге төсек жайғыштарды әкелсін деп айтады. Күйеулермен кездесу алдында әйелдерге дәрі береді. Кейде түнде, жалғызбасты әйелдер … [үндемей қалды].

Мен «құптады» деп айтпас едім. Олар күйеуі бар барлық әйелді күйеулерімен кездесуге мәжбүр етті. Тіпті қарт әйел күйеуімен екі сағат төсекте жатуға мәжбүр болды. Олар кемпірлерді Сіз күйеуіңізді сағынбайсыз ба? деп мазақ қылатын. Содан кейін олар әйелдерді дәрет алуға апарады. Берілген таблетка туралы айтатын болсақ, бұл жүктілікті бақылауға арналған таблетка болды деп ойлаймын. Билік ешқандай бала тууды қаламайды. Егер сіз лагерьге келген кезде жүкті болсаңыз, онда олар түсік жасатады. Егер сіз одан бас тартсаңыз, олар сізді туыстарымен кездеспейтіндей қатал мекемеге айдап салады. Бұл менің естігенім.

Қарашадан шілдеге дейін мен лагерь қылып қойған ауруханада болдым. Есімде, бір күні олар бізге үйлерден жинап әкелінген намаз кілемдерін өртетті. Біз жұмыс істеп жатқанда олар бізге: неге сіздің ағаңыздың аты дінге қатысты? Үйде Құран бар ма? деген сұрақтар қойды.

Шілде айында мені үшінші лагерьге ауыстырды. Бұл кәдімгі мектепті, олар қайта тәрбиелеу лагеріне айналдырыпты. Бәрінен бұрын есімде қалғаны, бұл лагерьде дәретхана жоқ. Шелекті қолдануға тура келді. Мен айтқанымдай, сыныпта елу адам болды. Бұл жерде де бізден күйеуіміз бен балаларымыз туралы сұрады. Кейде бірден үш-төрт әйелді алып кететін. Бұл әйелдер сол беті қайта оралмады. Көп ұзамай олардың орнына басқа әйелдерді әкелетін.

Тамыз айында мен төртінші және соңғы мекемеге бардым – бізді сол жерге – мен қалған күндерімді сонда өткізген жерге – бір түннің ішінде көшірді. Олар бізді ақырында босатамыз деп уәде берді. Егер сіз өзіңізді жақсы ұстасаңыз, олар бір айдан кейін сізге кәсіби дағдыларды үйретеміз дейді. Егер сіздің идеяларыңыз жақсарса. Олар бізге ешқашан кәсіби шеберлікті үйретпеді, бірақ 2018 жылдың 6 қазанында лагерьге бірнеше ұлты қазақ шенеуніктері келді. Олардың бірі жақсы жаңалықтар келе жатқанын айтты және келесі күні 250-ге жуық әйел босатылды. Олардың 150-ге жуығы қазақ әйелдері болды. Мен мұны білемін, өйткені олар қазақ әйелдерін басқаларынан бөліп, бізді санады. Біз кеткен кезде олар бізге аузымызды жауып жүрулерің керек деді. Олар: «сіздер біздің екі елімізді дос етуіңіз керек» деді. Олар сізге достық қарым-қатынас жасайды, бірақ Қазақстаннан қауіпті идеялар туындайды, сондықтан сіз Қазақстанға оралғанда, лагерь туралы тек жақсы сөздер айтыңыз деді. Бұл қорқыту болды. Қайта тәрбиелеу үшін отбасының бір мүшесін алып кетсе, басқаларын да әкетеді деген сөз. Олар менің күйеуімнің кіші інісін ұстады. Бұл өрмекшінің желісі. Олар бәрін әкетеді.

Мені босатқаннан кейін мені Құлжаға, күйеуімнің ауылына алып барды, онда билік маған және ауылдың басқа әйелдеріне салтанатты рәсім ұйымдастырды. Онда олар Қытай туын көтеріп, мінбер орнатты. Билік әрқайсымызды сөйлеуге мәжбүр етті. Лагерь туралы жақсы сөздер айтуға тура келді. Олар менің жетістіктерім туралы жергілікті тұрғындарға айтып берді. Қараңыздаршы, енді Гүлзираның қазір жақсы сауаты бар деп айтты. Енді ол сіздерде мұғалім ретінде жұмыс істейді.

Әйтеуір әкемнің ауылына бардым. Көрісе алдым. Бірақ бұл жердің өзінде менің келінім маған тыңшылық жасауға мәжбүр болды. Биліктегілер оған мені бақылап, айтқандарымды тыңдап жүр деп бұйырыпты. Мен бес түн әкемнің үйінде болдым. Содан кейін олар Қазақстаннан келген барлық әйелдерді жинады да, бізге зауытта жұмыс істейтінімізді айтты.

Осының бәрі болып жатқан кезде, күйеуім мені босатудың қамын ойлап жүрген екен. «Атажұрт» ұйымымен бірге ол менің Қытайда ұсталғаным туралы видео жүктеді. Бірақ мен мұны білмедім. Мені күйеуімнің ауылына алып кетті және зауытта жұмыс істеуге мәжбүр етіп қойды. Олар мені Қазақстанға жібереді деп ойладым, бірақ кімнен сұрасам да, адамдар бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтты, мені зауытқа жіберді. Меніңше, бұл қолғап шығаратын бір терме дүкені болды. Олар маған фабрикалық сөмкелер мен бірнеше киім шығарамыз деп айтқан, бірақ мен үнемі қолғаппен жұмыс істейтінмін. Олар бізге өнімдер экспортталып, шетелдіктерге сатылатындығын түсіндірді. Сіз біраз ақша таптыңыз, бірақ жұмысыңызды тоқтатсаңыз, билік сіздерді лагерге қайта жібереді деген. Сондықтан таңдау көп болған жоқ. Олар маған осы зауытта бір жыл жұмыс істеуге келісімшарт жасасуды бұйырды. Нәтижесінде мен бір жарым ай жұмыс істедім. Бұл қарапайым жұмыс болды. Мен жасаған әр қолғап үшін бір цзяо7таптым. Жиыны мен екі мыңнан астам қолғап жасап, 220 юань8 таптым. Демек, бұның құлдыққа ұқсағанын түсінген боларсыз.

Бір жақсы нәрсесі, мүмкін зауыттың жалғыз ғана жақсы жағы шығар – бізде телефон болды. Біз жақындарымызға қоңырау шала алдық. Бір жылдан астам уақыт өтті, мен күйеуімнің дауысын естідім. Бірде мен телефоныма зауыттың суретін түсіріп, фотоны күйеуіме жібердім. Ол суретті Серікжанға көрсетті, Серікжан оны жариялады. Телефонымды алып кетті. Содан кейін олар менен жауап алды. Олар түні бойы бірнеше рет, тіпті одан да көп уақыт мені сұрақтармен жаудырды. Бірақ сол оң әсерін берді. Олар мені жіберді. Олар мені күйеуімнің ауылына қайта апарды. Туыстары күйеуімнің маған істеген ісіне ашуланды. Сіз не істеп қойдыңыз, – деп сұрады олар. Сіз халықаралық жаңалықтарда жүрсіз! Менің туыстарым күйеуіме хат жазды. Шағым беруді доғарыңыз деп хат жазды. Елді даңқтау керек! Үкімет пен партияға алғыс айту керек!

Қаңтарда мені қайтадан әкеме апарды. Мен әкемді тағы да көрдім, мүмкін соңғы рет шығар. Енді оған бала сияқты күтім қажет. Полицейлер менің әкем мен туыстарыма лагерь туралы айтпау керек деп айтты, әйтпесе әкем тұтқындалады депті. Біз бәріміз бірге шай ішкен кезде олар бізді суретке түсірді. Мэрияға қайта оралғанда, мен бір жарым жыл ішінде қайта тәрбиеленгенім үшін партияға алғыс хат жазуым керек екен. Содан кейін шекарада олар мені тағы төрт сағат бойы тергеуге салды. Ақыры маған шекарадан өтуге рұқсат берілді.

Бұл лагерьдегі ұзақ уақыт болғанның салдары шығар: мен үнемі шаршап тұрамын. Менде артық күш те, қуат та жоқ. Дәрігерлер менің бүйрегімде проблемалар бар дейді. Менің жолым болды, өйткені менің күйеуім осында болды. Күйеуімнің арқасында мені босатты. Лагерьде Қытайдан тыс жерде көмек бере алатын ешкімі жоқ әйелдер болған. Олар зауыттарда жұмыс істеу үшін ҚХР-ның негізгі бөлігіне алынды. Оларға не болды екен?

Менің ойымша, Си Цзиньпин өлмей, Шыңжаңдағы қазақтың өмірі өзгермейді деп ойлаймын. Бұл Маоның кезіндегідей. Бірақ мен өмірімді соларға көмектесуге арнаймын. Бұл менің отбасымның менен бас тартуына әкелсе де. Өзі де лагерьде отырып шыққан менің өгей қызым маған шағымдануыңды доғар дейді. Бірақ мен тоқтамаймын. Менімен кез келген уақытта сөйлесуге болады. Бірақ мен телефон нөмірімді білмеймін. Есімде сақтай алу қабілетім нашар. Лагерьде болған кезден бастап нашарлады. Зейін нашарлады. Мен тағы бір нәрсені айтуды ұмытып кетіппін: лагерьлерде дәретханаға баруға екі минут қана беретін. Егер екі минутта жұмысымызды бітірмесек, бізді таяқпен соғатын. Менің кейде баяулығым үшін бес-алты рет ұрып-соғатын. Бастан ғана. Олар бізді тек басымыздан ғана ұратын.

Гүлзира, 40 жаста

Сұхбат 2019 жылдың сәуір айында жасалды